МАҚСАТ ҚАЛАНЫ ТАЗА ҰСТАУ

МАҚСАТ ҚАЛАНЫ ТАЗА ҰСТАУ

Түркістан қаласын еліміздің ірі туристік орталығына айналдыру мақсаты белгіленген. Осы ретте қалада көптеген жұмыстар атқарылуда. Қаланы жасыл қалаға айналдыру, қала тұрғындарын жайлы тұрмыс деңгейіне жеткізу бойынша бірнеше кезеңдік жұмыстар жүріп жатыр. Оның ішінде абаттандыру мақсатында 32 парк пен аллеялар бар. Жалпы, Түркістан қаласының қазіргі таңдағы көгалдандыру жұмыстары мен күтіп-баптау жұмыстары жалпы 258 нысанда, аумағы 626 га құрайды. Оның ішінде: Саябақтар бойынша – 32 нысан 318 гектарды; скверлер, бульварлар – 32 нысан, 59 гектарды, жасыл аймақтар мен көше бойлары – 47 нысан, 189,4 гектарды құрайды. Ал, жалпы қала көшелерінің бойында орналасқан жасыл желектер мен ағаш көшеттеріне келсек, олардың ұзын саны – 154 көше, яғни 59,4 гектарды құрайды.
Жалпы қала аумағындағы нысандарды күту жұмыстарын 2500 жұмысшы мен 450 техника атқарады. Сонымен қатар, 2022 жылы балалар жылына орай қала көлемінде тұрғындардың өтінішімен 10 жерге спорт алаңшалары мен ойын алаңшаларының құрылысы жүргізіліп, халық игілігіне берілді. Биылғы жылы сол үрдісті жалғастыру мақсатында, 25 жерге спорт алаңшасы мен ойын алаңшасын салуға бюджет есебінен қаражат қарастырып, қазіргі таңда құрылыс монтаждау жұмыстары жүргізілуде. Қала ішіндегі және көп қабатты үйлер аулаларындағы спорт алаңдары мен ойын алаңдары соңғы үлгідегі техникалық нормаларға сай келетін ойын элементтерімен қамтамасыз етілді.
Бүгінде қала бойынша қуаттылығы тәулігіне 20000 м3 сарқынды су тазарту ғимараты бар. Қабылданып жатқан сарқынды су көлемі тәулігіне 4500- 5000 м3, 27 дана КНС, 127 шақырым сарқынды су құбырлары қолданыста. Бүгінгі таңда сарқынды су жүйесіне пайдалану көрсеткіші 27%-дан 32%-ға жетіп отырмыз. Бұл әлбетте өте төмен көрсеткіш. Бұл бағытта да жүйелі және қарқынды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Кәріз жүйесін жүргізу бойынша да бірнеше жоба қолға алынды. Атап өтер болсақ, 2021 жылы басталып 2023-2024 жылдары аяқталатын жалпы 7 нысанның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Олар: Тұран-2, Отырар-2, Яссы-Ыждыхат, Бекзат, Ортақ-1, Ортақ-2 аумақтары бойынша жүруде. (Жоба құны 24 009,0 млн.тг, нәтижесі: 34 157 абонентті қамтиды). Ортақ аумағы өте кең, көлемді аумақ болғандықтан 3 кезеңге бөлініп атқарылуда. Иә, бұл жобалар 2021 жылы басталып, бірқатары биыл аяқталмақ, басым көпшілігі 2024 жылы аяқталады. Кәріз жүйесі құрылысы көбірек уақыт талап ететін ауқымды жоба болғандықтан қаланың түрлі аумақтарында қолайсыздықтар туындайды, бұрын асфальтталған жолдар бұзылып, шаң-тозаң, қыста лай-батпаққа айналады. Осы сұхбатты пайдаланып қолайсыздықтар үшін тұрғындардан ғафу өтінеміз. Алайда, мұның бәрі халықтың қажеттілігі, ел игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстар болғандықтан тұрғындар түсіністікпен қарайды деп сенемін. 2024 жылы бұйыртса, осы жобаларымыз аяқталған кезде біздің кәріз жүйесімен қамту деңгейіміз 50%-ға жететін болады. Бұлардан кейінгі кезекте «Түркістан-Қызылорда» массивін де сарқынды су жүйесі құрылысы биыл басталады. Яғни, 2 нысанның «Ортақ 3» пен «Баянауыл» аумағының жобалық-сметалық құжаттары әзірленді, бұйыртса биыл құрылысы басталып, 2025 жылы аяқталады. Сол кезде біздің қаланы кәріз жүйесімен қамтуымыз – 95,5 пайызға жетеді.
Кәріз жүйесімен қамту маңызды мәселе. Бірінші кезекте ол қаламыздың экологиялық, санитарлық жағдайының қалыпты болуы, тұрғындардың денсаулығы үшін маңызды. Бүгінде тұрғын үйлердің дені «септикті» пайдаланады. Алайда, олардың көбі талапқа сай емес. (Септик толықтай бетондалып, сыртқа бір тамшы да шықпайтын, толған уақытында сорғы мәшинелерімен сыртқа шығарып тастап отыруы тиіс). Үй ішінен шыққан сарқынды суды бетондалмаған, жай бір шұңқыр іспетті қазып, бетін жауып қойып сонда жіберетін жерлестеріміз де аз емес. Ол лас су жер астына сіңіп, әлгі біздің 21 су ұңғымасына қосылып жатыр. Ауаны ластап жатыр.
Түркістан қаласы аумағы 6 тұрғын алабына (сектор) бөлінген. Осы тәртіппен әрбір тұрғын секторда жеке кәсіпкерлер қосалқы мердігер ретінде тартылып, қала көшелерін тазарту, қоқыс алу жұмыстарын жүргізуде. Жалпы, Түркістанның санитарлық тазалық жұмыстарымен «Түркістан Жарық Тазалық» ЖШС мен «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС айналысады.
Мекеме жәдігер шаһар Түркістанның 744 көшесінің тазалығына жауапты. Бүгінде қарқынды жұмыстар Отырар, Шавгар, Яссы, Бірлік, Сауран, Бекзат аудандарында жүргізіледі. Оның ішінде санитарлық тазалау, арықтарды тазалау, жаяу жүргіншілер жолын механикалық тазалау және жуу қызметтері біздің міндетіміз. Жаңа қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің аулаларын тазалау, қоқыс жәшіктерін тазалау, қоқыс шығару сияқты жұмыстар атқарылуда.
Түркістандағы базада 200-ден астам қызметкер бар. Жалпы, техникалық база толық қамтамасыз етілген, алдағы уақытта біздің мекеме техниканың санын арттыруды жоспарлап отыр. Бүгінде қала бойынша 68 көше механикалық жолмен тазартылуда.Алдағы уақыттарда оның санын арттырып, механикаландыруды жетілдіру жағын қарастырып жатырмыз.
Тиесілі аумақта көшелерді сыпырып, лотоктың ішіне толған, аяқжолдарда жатқан қоқыстарды тазалаумен айналысудамыз. Қаладағы скверлер мен аллеяларды, көшелерді тазалау негізгі міндетіміз. Әрбір көшеден алынатын қоқыстарға жұмыс кестесі түзілген. Бұл жөнінде күнделікті атқарылған жұмыстар бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығына мәлімет жолданады. Үйлерден белгіленген кесте бойынша белгіленген күндері ғана қоқыс алынады. Алайда, тұрғындар кестеге қарамайды екен. Кез-келген күні қақпасының сыртына қоқысты шығарып қойып, қала тазалығына нұқсан келтіруде. Сонымен қатар, контейнерге, арнайы белгіленбеген орындарға қоқыс тастай салады. Түркістанда қоқыс тастамайтын қоғам әлі де қалыптаспай жатыр. Бірақ онымен күресіп жатырмыз. Мәселен, ақпараттық жұмыс жүргіземіз. Бүгінде, цифрлық технология заманында әлеуметтік желіде парақшаларымыз бар, онда біз жүйелі түрде «Қоқысты тастамаңыз!» сынды бейнероликтер шығарамыз. Сонымен қатар, қоқысты арнайы орындарға тастамайтындарға 102 қызметіне жүгініп, полиция қызметкерлері арқылы айыппұл салдыртып, түсіндірме жұмыстарын жүргізіп келеміз.
Қала тазалығын сақтау қоқыстарды жинау мен жинаудың тиімді жүйесі, сондай-ақ тұрғындармен және ұйымдармен қоғамдық орындарды пайдалану ережелері мен тазалық пен тәртіпті сақтау жауапкершілігі туралы тұрғындардың хабардарлығын арттыру көп ақпараттық жұмысты талап етеді. Біз осы ретте өзіміздің әлеуметтік желідегі парақшаларымызда арнайы бейнероликтер дайындап ақпараттық жұмыстар жүргізіп келеміз. Бірақ, біздің үніміз қоғамға толық жетпейтіндей. Тұрғындар тарапынан әлі де болса түсініп, саналы әрекет ету жағы кемшін. Қала тұрғындары тазалық мекемелері тек көшенің және қоғамдық орындардың тазалығымен айналысатынын ұғуы керек. Тұрғындар аула сыртына тек қатты тұрмыстық қалдықты (белгіленген нормативі бар) норматив бойынша адам басына 0,5 кубтен артық емес көлемде және кесте бойынша қоқысты алып кететін күні ғана шығарып қоюы керек. Алайда, түркістандықтар тұрмыстық қалдықпен құрылыстан шыққан қалдықты бірге тастайды. Сонымен қатар, малдың қиын да тастайды қап-қап қылып жинап қояды көше бойына. Үйінен шығатын мұндай нормативтен тыс, артық қоқысты тұрғынның өзі ақша төлеп шығаруы керек. Ол тұрмақ, кейбір тұрғындар, тіпті біздің заңды қызметімізге төлемейтіндері де бар. Әрине, мұның барлығы белгілі бір қиындықтарды тудырады. Біздің қызметіміздің өзіндік шығындары бар: техниканың май-суы, кеткен ақауларын жөндету т.б. шығындарды айтпағанның өзінде қоқыс полигондарын пайдаланғанымыз үшін, қоршаған ортаға эмиссиялары үшін миллиондаған қаржы төлейміз. Дейтұрғанымен, саналы адамдар да бар. Біздің жұмысымызды бағалап, ақысын уақтылы төлеп, тазалықшыларға құрметпен қарайтындар да бар. Бұл әрине, бізді қуантады. Тазалық сақшылары таңмен таласа тұрып, қаламызды таза қалаға, туристер тамашалап тамсанатындай көзтартарлық, әсем қалаға айналдыру үшін бар күш-жігерін жұмсап еңбек етуде.
Қаланың тазалығы тұрғындардың денсаулығы мен әл-ауқаты үшін, сонымен қатар туристер мен инвесторларды тартудың маңызды факторы болып табылады. Бұл сонымен қатар қоршаған ортаны сақтауға және қалалық қызметтің экожүйеге кері әсерін азайтуға көмектеседі. Түркістан тұрғындары осы жағына түсіністікпен қараса дейміз. Бұл мәселенің шешімі тек ақыл ой мен санаға және ақпараттық жұмыстарға байланысты деп ойлаймын.
Жалпы абаттандыру жұмыстары Түркістан қаласының даму бағдарламасына сәйкес, кезең-кезеңімен жүргізілетін болса, 2025 жылдың соңына қарай халық көп шоғырланған аумақтар мен көп қабатты үйлердің алды толығымен абаттандырылып, қала тұрғындары мен қонақтарына қолайлы жағдай жасалынады. Қала ішіндегі 22,5 шақырымды құрайтын ирригациялық арықшалар іші қала әкімдігіне қарасты мекемелер тарапынан толықтай тазаланып, қазіргі таңда су қабылдауда. Қала ішіндегі көгалдарға және басқа да қажетті аумақтарға су апару үшін қажеттілігіне қарай «Жасыл Түркістан» мекемесі қызмет атқаруда.Тал-дарақтарды суаруға жаз маусымында су жетіспей қалады. Қала бойынша жасыл алқапты суарудың гидрантты жүйесіне көшірдік. Қала көлемінде гидрантты жүйемен суғару жұмыстары 10 кезеңге бөлінген. Бұл бойынша да жүйелі жұмыстар жүріп жатыр. Бұл суды үнемді пайдалануға мүмкіндік беретін тиімді суару әдісі. Яғни: су буға айналып азаймайды, жол жөнекей жерге сіңіп, соңына жетпей қалмайды, суарылатын нысандарға нақты, шығынсыз жетіп отырады.
Қала көлемінде 875 көше бар. Оның ішінде механикалық жолмен тазаланатын 136 көше, қолмен тазаланатын 787 көше. Орталық маңызы бар 39 көшеге арнайы техникалар бекітіліп, күніне 2-3 реттен тазалық жұмыстары жүргізіліп, көше бойлары жуылып тұрады.
Қала аумағы 6 тұрғын секторға бөлінген, осыған орай әрбір тұрғын секторда жеке кәсіпкерлер қосалқы мердігер ретінде тартылып, қоқыс алу жұмыстарын жүргізуде. Әрбір көшеден алынатын қоқыстарға жұмыс кестесі түзілген. Бұл жөнінде күнделікті атқарылған жұмыстар бойынша 109 бірыңғай байланыс орталығына мәлімет жолдануда. Белгіленген күннен бұрын көше бойына шығарылған қоқыс иелеріне түсіндірме жұмыстары жүргізіліп, екінші рет қайталанған жағдайда айыппұлдар салынады.
Тұрғындар екі нәрсені айқын түсінуі керек: 2 түрлі қоқыс бар. Бірі көшедегі, қоғамдық нысандардағы қоқыс, екіншісі – қатты тұрмыстық-қалдық дейміз, тұрғынның үйінен шығатын қоқыс. Үйінен шығатын қоқысты тұрғынның өзі ақша төлеп шығаруы керек. Бірақ, қалада көп адам қоқысқа ақша төлемейді, ондай әдет қалыптаспаған. Әлгі екі мекеме тек көшенің қоқысын тазалауы тиіс, бірақ адамдар қоқыстарын пакеттер мен қапшықтарға салып, жол бойына тізіп қояды. Қалада қоқыс күнде алынатын 1-санатты Тәуке хан, Б.Саттарханов, Қазыбек би, С.Ерубаев, С.Қожанов секілді көшелер бар, 2-санаттағы қоқыс аптасына 2-3 рет алынатын көшелер, 3 санаттағы аптасына 1 рет қоқыс алынатын ішкі көшелер бар. Тұрғындар кестені біледі. Бірақ, соған қарамастан қалаған күні қақпасының сыртына қоқысты үйіп қояды. Лотоктарға қойып кетеді. Пакеттердің аузы-мұрнынан шығарып қатты тұрмыстық қалдық қана емес, тамақ қалдықтарын да қоя салады. Ол тамақ қалдықтарын түнімен ит-құс түрткілеп, шашып, ақтарып кетеді. Өте тұрпайы көрініс. Одан қала берсе, үйінде жөндеу жүрсе құрылыс қалдықтарын шығарады, малдың қиына дейін қапшық-қапшық қып көше бойына шығарады. Көшені тазалайтындар амал жоқ, ол қоқысты алып кетеді. Негізінде 3 көшеге 1 жүк көлігі қарастырылған, алайда 1 жүк көлігі 1 көшенің басында-ақ толып қалады. Бір көліктің орнына 3 немесе 5 көлік жұмсалады. Ал, қалған 6 көліктің шығынын кім төлейді? Ол көліктердің май-суы, шығындары болады, оны да ескеру керек. (Қоқыс шығарудың өзінің нормативі бар: ол жан басына шаққанда 0,5 кубтен аспауы тиіс). Сол себепті бізде былтырдан «БТО-Түркістан» деген мекеме құрылып, жұмыс істеп жатыр. Олардың міндеті тазалық мекемесінің түбіртегін таратады, қоқыс жинау қызметінің қаржысын жинайды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Үкімет отырысында Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай Жұмысшы мамандықтары жылын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілгенін және...