Президент тұрғын үй мәселесі нарықтағы ахауалға байланысты екенін айта келе, тұрғын саясатын қарау керегін айтты.
«Халықтың басым көпшілігі үшін тұрғын үй – ең өзекті мәселе. Маған азаматтардан күн сайын жүздеген өтініш келеді. Оның ішінде қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді сұраған хаттар өте көп. Бұл түйткіл мемлекет тарапынан мүмкіндігінше шешіліп жатыр. Тағы да қайталап айтамын, мемлекет шын мұқтаж адамдарға ғана жәрдем береді.
Тұрғын үй саясаты нарықтағы ахуалға тығыз байланысты. Сондықтан біз осы саладағы саясатымызды қайта қарап, оның мейлінше әділ әрі икемді болуын қамтамасыз етуіміз керек», деді Қасым-Жомарт Кемелұлы.
Сонымен бірге тұрғын үй құрылысына қатысты мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасына сәйкес «7-20-25» ипотекалық тұрғын үй кредиттеу бағдарламасын іске асыру өз жемісін беруде. Ең маңыздысы биыл бағдарлама бойынша кредиттеу үшін 100 миллиард теңге көлемінде қаражат бөлінбек. Алайда әрбір қарыз алушы азамат аталмыш бағдарламаға бір рет қана қатысуға қауқарлы. Осы секілді халыққа қолжетімді Отбасы банктің құзыретіне кіретін «Нұрлы жер», «Бақытты отбасы», «Шаңырақ» «5-10-20», «Жас отбасы» бағдарламасы сынды бірнеше бағдарламалар іске қосылған. Сонымен қатар, мәліметтерге сәйкес Түркістан қаласында 2020 жылдан бастап көпқабатты 89 үй оның ішінде 5649 пәтердің құрылысы басталған. Биыл пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқан. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұрғаны белгілі. Сонымен бірге, 7 қабатты 64 тұрғын үйдің жобасы жасалып, құрылысын бастауға қаржы бөлінбек.
Түркістан қаласы әкімдігінің «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысының орынбасары Байжанов Алмас мырзаның мәліметтеріне сүйенсек, оның ішінде, 2020 жылы: 336 пәтерлі 7 үй (барлығы ипотекалық пәтерлер) пайдалануға берілсе, 2021 жылы: 1921 пәтерлі 29 үй (ипотекалық пәтерлердің 1427, кезектегі отбасыларға берілетін 494 пәтер) иелеріне пәтер кілті табысталған.
2022 жылға 3 392 пәтерлі 53 тұрғын үйдің (217,8 мың ш.м.) (ипотекамен берілетін пәтерлер 2683, кезектегі отбасыларға берілетін 709 пәтер) құрылысы жүргізілді. Аталған үйлердің 2 706 пәтері кредиттік жүйемен сатылса, 686-ы кезектегі отбасыларға үлестірілген. Сонымен қатар пайдалануға берілген пәтер саны өткен жылдармен салыстырғанда екі есе артқанын да айта кету керек.
Жыл қорытындысымен 3155 пәтерлі 49 үй (202,4 мың ш.м.) (ипотекамен берілетін пәтерлер 2482, кезектегі отбасыларға берілетін 673 пәтер) пайдалануға берілді. Бүгінде 12 мыңнан астам азамат тұрғын үй кезегінде тұр.
Баспана – басты мәселе. Бұрын да солай болған, бүгін де солай, ертең де солай болады. Ал қолма-қол ақшаға үй сатып алу көпшілік үшін арманға айналған. Себебі тұрғын үй бағасы күн санап артпаса, арзандамақ емес. Табысы күнкөріс көзінен артылмайтын көпшіліктің қалтасына ипотеканың өзі артық салмақ салады. Қоғамда тұрмысы төмен отбасылар мен жалғызбасты аналар тағы бар. Әрине, оларға мемлекет тарапынан жеңілдіктер қарастырылған.
Қазақстандағы тұрғын үй саясаты соңғы жылдары шағын жобалар аясында жүргізіліп келеді. Себебі ондай жоба шарттары жалпыға түсінікті. Сондай-ақ бұл жоба негізінде жалғызбасты аналар да тұрғын үйге қол жеткізе алады.
Рас, елімізде «жалғызбасты ана» деген ресми мәртебе жоқ. Бірақ қазақта «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген тіркес бар. Бұл түгел халықтың мінезінен, танымынан хабар береді. Дүниеге сәби әкеліп, әкесіз тәрбиелеп отырған яки баланың әкесі тарапынан көмек алмайтын жалғызбасты аналар туралы ресми ақпарат eGov.kz мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында тіркеледі. Бүгінде елімізде 600 мыңға жуық әйел баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Ал мемлекет тарапынан белгіленген бала тууға байланысты төлемдер баршаға ортақ. Яғни, жалғызбасты аналарға да жәрдемақы тағайындалады. Біздің тақырыпқа арқау етіп отырғанымыз, асыраушысынан айырылған яки ажырасқан әйелдер емес, ресми түрде некеге тіркелмеген, бірақ дүниеге сәби әкеліп, өзі тәрбиелеп келе жатқан аналар туралы болмақ. Мұндай мәртебедегі жандар тұрғын үй алу мәселесінде ажырасқан немесе жесір қалған әйелдермен, толық емес отбасылармен тең дәрежеде қарастырылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында нақты көрсетілген. Онда мемлекеттік қордан тұрғын үй кезегіне халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері ретінде баланы әкесіз тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар да қосыла алатыны жазылған.
Жалғызбасты аналарға арналған пәтер кезегіне қалай тұруға болады? Бұл сұрақтың толық жауабын білу үшін алдымен тұрғылықты жер бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну орынды. Сондай-ақ eGov.kz ресми сайтында тұрғын үй кезегіне қою шарттары анық көрсетілген. Ол үшін:
– белгіленген қала немесе елді мекенде өтініш берушінің кемінде үш жыл тұрақты тіркеуде болуы;
– ана мен баланың бір жерде тұруы (баланың бір тұрғылықты жайда үш жыл тұруы талап етілмейді);
– соңғы бес жылдың көлемінде өз атында жеке баспананың тіркелмеуі міндетті.
Мемлекеттен көрсетілетін «Толық емес отбасы» жеңілдік санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін келесі құжаттар ұсынылуы тиіс:
– тіркеу туралы өтініш (онда коммуналдық тұрғын үй қорынан өтініш иесінің тұрғылықты үйі бар-жоғын анықтауға келісімі қоса көрсетіледі);
– жеке басын куәландыратын құжат;
– баланың туу туралы куәлігі;
– жұмыс істейтін тұлғалар үшін жұмыс орнынан анықтама;
– әкелік құқықты бекіту туралы куәлік.
Қосымша мына құжаттар қажет болуы мүмкін:
– халықтың әлеуметтік осал тобына жататынын растайтын табыс туралы анықтама;
– егер тұрып жатқан үйі апатты жағдайда болса, жергілікті атқарушы органның оны растайтын анықтамасы;
– өтініш иесінің некеде тұрмағаны туралы анықтама.
Айта кетейік, тұрғын үйге кезекке тұру қызметін жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе eGov.kz порталынан онлайн түрде алуға мүмкіндік бар. Ол үшін порталға тіркеліп, өтініш толтыру қажет. Оны ЭЦҚ-мен куәландырып, қажетті құжаттардың сканерленген көшірмесін енгізу керек. Құжаттар отыз күнтізбелік күн ішінде қарастырылып, өтініш иесіне жауап жолданады. Құжаттар талапқа сай болған жағдайда кезек нөмірі, олай болмаса бас тарту туралы хабарлама жіберіледі.
Жалғызбасты аналар пәтерді ақысыз жалға да ала алады. Ол үшін тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп, жағдайын растайтын құжатты алу қажет. Содан кейін кезегі келгенде өтініш иесіне баспана өтеусіз жалға беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үйді жеңілдікпен сатып алу бағдарламасына қатысу мүмкіндігі де бар екенін айта кетейік.
Елімізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік қордан пәтер алу мүмкіндігі бес жылдан бері қолжетімді. Мұндай пәтер өтініш берушінің жағдайын жан-жақты анықтаған соң ғана беріледі. Толық емес отбасы немесе жалғызбасты ананың соңғы бір жыл көлеміндегі табысы бір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 40 567 теңгеден аспаса, мемлекеттік қордан кезек бойынша пәтер жалдау мүмкіндігі қарастырылған.
Пәтерді ұзақ мерзімге де жалға алуға болады. Әр бес жыл сайын келісілген мерзім ұзартылып отырады. Бірақ, тұрғын заңды түрде үйдің иесі болып табылмағанымен, оған өмір бойы сол жерде тұрақтауға мүмкіндік беріледі. Мұндай жалдамалы пәтердің ақысы бекітілген әдістеме негізінде төленеді.
Жеке секторда жалға алынған тұрғын үйге субсидияны азаматтардың жекелеген санаттары, оның ішінде көпбалалы отбасылар да ала алады. Бұл санатқа төрт не одан көп бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар кіреді. Аталған көмекті алу үшін отбасы мүшелерінің соңғы алты ай көлеміндегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет.
Мемлекет тарапынан қарастырылған бұл жеңілдікті алу үшін:
– «Отбасы банкі» порталына тіркелу;
– өтінішті толтыру;
– тұрғылықты пәтерді тауып, оны жалға беру шартына қол қою;
– пәтерді жалдау ақысының жартысын банк арқылы төлеу керек.
Талаптар толық орындалған соң банк ақшаны пәтерді жалға берушінің шотына аударады.
Көпбалалы және толық емес отбасылар үшін баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін туғызатын кең тараған бағдарлама – «Бақытты отбасы». Аталған бағдарламаға қатысушы жергілікті әкімдіктің тұрғын үй кезегінде тұруы керек. Сондай-ақ отбасының әрбір мүшесінің айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет. Несие 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды.
Алғашқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын алуға болады. eGov.kz сайтында тұрғын үй сертификатының екі түрі көрсетілген. Олар:
– егер отбасы мүшелеріне шаққанда ең төменгі табыс көлемі белгіленген деңгейден төмен болса, өтеусіз және қайтарымсыз көмек түрінде берілетін тұрғын үй сертификаты;
– егер отбасы мүшелеріне шаққанда айлық табыс белгіленген деңгейден асса, 15 жылға 0,01 пайыздық несие түрінде берілетін тұрғын үй сертификаты.
Бір атап өтерлігі, 2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам отбасы жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген несие алуға өтініш берген. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ. Бірақ, өтініштерді қабылдау күні әлі күнге дейін нақтыланған жоқ.