Түркістан облысында 2023 жылғы мемлекеттік қолдау шаралары аясында баспана кезегінде тұрған 70 мыңға жуық азамат тұрғын үйді жалға алу ақысын субсидиялауға, сондай-ақ 2 мыңдай жеңілдетілген зайым жылжымайтын мүлікті сатып алуына мүмкіндіктер қарастырылуда. Сондай-ақ, биыл Түркістан облысында 73 үйдің іргесі тиісті жөндеуден өткізу бойынша қызметтер қарастырылған болатын. Қосымша 219 көппәтерлі тұрғын үйді жаңғыртуға 7 өңірден жалпы сомасы 12,7 млрд теңгеге өтінімдер келіп түскен. Бұл мақсатқа арналған қаражат бюджетті нақтылау шеңберінде айтылатын болады. Мемлекет басшысы биыл тұрғын үй мәселелерін шешуге арнайы тапсырмалар мен міндеттер жүктеген болатын. Яғни 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру көзделіп отыр. Бұл шамамен 143 мыңнан артық баспана. 2023 жылғы баспана құрылысына бағытталатын жалпы инвестиция мөлшері де ұлғайып (16,8%-ға), 2,9 трлн теңгеге жетті. Дегенмен мемлекеттік инвестициялардың есебінен 10,5 мыңдай жеңілдетілген зайым беріліп, 17,3 мың пәтер салынды. Оның ішінде 7 мыңға жуық баспана жас мамандарға, сондай-ақ әлеуметтік осал топ санаты бойынша кезекте тұрғандар мен көп балалы отбасыларға берілді.
Үкімет отырысында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев Премьер-Министр Әлихан Смайыловке еліміздегі құрылыс және тұрғын үй инфрақұрылымын дамытуға арналған ведомствоның былтырғы жұмыс нәтижесі мен алдағы жоспарларды таныстырған болатын. Ведомство басшысының сөзінше, 2022 жылы Қазақстанда жоспар бойынша 15,1 млн шаршы метр тұрғын үйді салу көзделіп, бірақ іс жүзінде оның көлемі 15,4 млн шаршы метрге дейін артқан. Демек тұтастай республикалық көрсеткіш 101,8%-ға орындалғаны байқалған.
Бұдан басқа Қазақстандық тұрғын үй компаниясының 158,5 млрд теңгеге облигациялық зайымдарды беру есебінен әкімдіктер 12,1 мыңдай пәтер көлемінде кредиттік тұрғын үй салу тиіс.
Баспана құрылысын дамыту үшін мемлекет жыл сайын инженерлік коммуникациялардың жаңа желілерін салуға басымдық беріп келе жатқаны мәлім. Мәселен, былтыр 116,4 млрд теңге бөлініп, 3,8 мың шақырымнан астам инженерлік желі тартылды. 2023 жылы жалпы ұзындығы 3,3 мың шақырым инженерлік инфрақұрылымды салуға 80,5 млрд теңге қарастырылған. Сондай-ақ жекеменшік құрылыс секторын дамыту мақсатында жеке тұрғын-үй құрылысына жер учаскелерін инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жөніндегі жобаларды іске асыру өз жалғасын тауып жатыр.
Қазақстандағы тұрғын үй саясаты соңғы жылдары шағын жобалар аясында жүргізіліп келеді. Себебі, ондай жоба шарттары жалпыға түсінікті. Сондай-ақ, бұл жоба негізінде жалғызбасты аналар да тұрғын үйге қол жеткізе алады.
Рас, елімізде «жалғызбасты ана» деген ресми мәртебе жоқ. Бірақ, қазақта «жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған» деген тіркес бар. Бұл түгел халықтың мінезінен, танымынан хабар береді. Дүниеге сәби әкеліп, әкесіз тәрбиелеп отырған яки баланың әкесі тарапынан көмек алмайтын жалғызбасты аналар туралы ресми ақпарат eGov.kz мемлекеттік органдар интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында тіркеледі. Бүгінде елімізде 600 мыңға жуық әйел баласын жалғыз өзі тәрбиелеп отыр. Ал, мемлекет тарапынан белгіленген бала тууға байланысты төлемдер баршаға ортақ. Яғни, жалғызбасты аналарға да жәрдемақы тағайындалады. Біздің тақырыпқа арқау етіп отырғанымыз, асыраушысынан айырылған яки ажырасқан әйелдер емес, ресми түрде некеге тіркелмеген, бірақ дүниеге сәби әкеліп, өзі тәрбиелеп келе жатқан аналар туралы болмақ. Мұндай мәртебедегі жандар тұрғын үй алу мәселесінде ажырасқан немесе жесір қалған әйелдермен, толық емес отбасылармен тең дәрежеде қарастырылады. Бұл туралы Қазақстан Республикасының «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңында нақты көрсетілген. Онда мемлекеттік қордан тұрғын үй кезегіне халықтың әлеуметтік осал тобының өкілдері ретінде баланы әкесіз тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар да қосыла алатыны жазылған.
Жалғызбасты аналарға арналған пәтер кезегіне қалай тұруға болады? Бұл сұрақтың толық жауабын білу үшін алдымен тұрғылықты жер бойынша «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясына жүгіну орынды. Сондай-ақ, Gov.kz ресми сайтында тұрғын үй кезегіне қою шарттары анық көрсетілген. Ол үшін:
- белгіленген қала немесе елді мекенде өтініш берушінің кемінде үш жыл тұрақты тіркеуде болуы;
- ана мен баланың бір жерде тұруы (баланың бір тұрғылықты жайда үш жыл тұруы талап етілмейді);
- соңғы бес жылдың көлемінде өз атында жеке баспананың тіркелмеуі міндетті.
Жылжымайтын мүлік саласының маманы Карима Әпенованың айтуынша, қазір жеңілдетілген бағдарламалар бойынша Астана, Алматы, Шымкент қалаларында ғана үш жыл тұрақты тіркеуде болу талап етіледі. Ал, өзге өңірлерде тіркеу мерзімі маңызды емес.
«Толық емес отбасы» жеңілдік санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелу үшін келесі құжаттар ұсынылуы керек:
- тіркеу туралы өтініш (онда коммуналдық тұрғын үй қорынан өтініш иесінің тұрғылықты үйі бар-жоғын анықтауға келісімі қоса көрсетіледі);
- жеке басын куәландыратын құжат;
- баланың туу туралы куәлігі;
- жұмыс істейтін тұлғалар үшін жұмыс орнынан анықтама;
- әкелік құқықты бекіту туралы куәлік.
Қосымша мына құжаттар қажет болуы мүмкін:
- халықтың әлеуметтік осал тобына жататынын растайтын табыс туралы анықтама;
- егер тұрып жатқан үйі апатты жағдайда болса, жергілікті атқарушы органның оны растайтын анықтамасы;
- өтініш иесінің некеде тұрмағаны туралы анықтама.
Айта кетейік, тұрғын үйге кезекке тұру қызметін жергілікті халыққа қызмет көрсету орталығынан немесе eGov.kz порталынан онлайн түрде алуға мүмкіндік бар. Ол үшін порталға тіркеліп, өтініш толтыру қажет. Оны ЭЦҚ-мен куәландырып, қажетті құжаттардың сканерленген көшірмесін енгізу керек. Құжаттар отыз күнтізбелік күн ішінде қарастырылып, өтініш иесіне жауап жолданады. Құжаттар талапқа сай болған жағдайда, кезек нөмірі, олай болмаса бас тарту туралы хабарлама жіберіледі.
Жалғызбасты аналар пәтерді ақысыз жалға да ала алады. Ол үшін тұрғын үйге мұқтаж ретінде тіркеліп, жағдайын растайтын құжатты алу қажет. Содан кейін кезегі келгенде өтініш иесіне баспана өтеусіз жалға беріледі. Сондай-ақ, тұрғын үйді жеңілдікпен сатып алу бағдарламасына қатысу мүмкіндігі де бар екенін айта кетейік.
Елімізде халықтың әлеуметтік осал топтары үшін мемлекеттік қордан пәтер алу мүмкіндігі бес жылдан бері қолжетімді. Мұндай пәтер өтініш берушінің жағдайын жан-жақты анықтаған соң ғана беріледі. Толық емес отбасы немесе жалғызбасты ананың соңғы бір жыл көлеміндегі табысы бір отбасы мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейінен, яғни 40 567 теңгеден аспаса, мемлекеттік қордан кезек бойынша пәтер жалдау мүмкіндігі қарастырылған.
Пәтерді ұзақ мерзімге де жалға алуға болады. Әр бес жыл сайын келісілген мерзім ұзартылып отырады. Бірақ, тұрғын заңды түрде үйдің иесі болып табылмағанымен, оған өмір бойы сол жерде тұрақтауға мүмкіндік беріледі. Мұндай жалдамалы пәтердің ақысы бекітілген әдістеме негізінде төленеді.
Жеке секторда жалға алынған тұрғын үйге субсидияны азаматтардың жекелеген санаттары, оның ішінде көпбалалы отбасылар да ала алады. Бұл санатқа төрт не одан көп бала тәрбиелеп отырған жалғызбасты аналар кіреді. Аталған көмекті алу үшін отбасы мүшелерінің соңғы алты ай көлеміндегі табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінен аспауы қажет.
Мемлекет тарапынан қарастырылған бұл жеңілдікті алу үшін:
- «Отбасы банкі» порталына тіркелу;
- өтінішті толтыру;
- тұрғылықты пәтерді тауып, оны жалға беру шартына қол қою;
- пәтерді жалдау ақысының жартысын банк арқылы төлеу керек.
Талаптар толық орындалған соң банк ақшаны пәтерді жалға берушінің шотына аударады.
Көпбалалы және толық емес отбасылар үшін баспанаға қол жеткізу мүмкіндігін туғызатын кең тараған бағдарлама – «Бақытты отбасы». Аталған бағдарламаға қатысушы жергілікті әкімдіктің тұрғын үй кезегінде тұруы керек. Сондай-ақ, отбасының әрбір мүшесінің айлық табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің екі еселенген мөлшерінен аспауы қажет. Несие 20 жылға дейін беріледі. Бастапқы жарна тұрғын үй құнының 10 пайызын құрайды.
Алғашқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін тұрғын үй сертификатын алуға болады. eGov.kz сайтында тұрғын үй сертификатының екі түрі көрсетілген. Олар:
- егер отбасы мүшелеріне шаққанда ең төменгі табыс көлемі белгіленген деңгейден төмен болса, өтеусіз және қайтарымсыз көмек түрінде берілетін - тұрғын үй сертификаты;
- егер отбасы мүшелеріне шаққанда айлық табыс белгіленген деңгейден асса, 15 жылға 0,01 пайыздық несие түрінде берілетін тұрғын үй сертификаты.
Бір атап өтерлігі, 2022 жылы «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында 5 мыңнан астам отбасы жылдық 2 пайызбен жеңілдетілген несие алуға өтініш берген. Бұл үрдіс биыл да жалғасын таппақ. Бірақ, өтініштерді қабылдау күні әлі күнге дейін нақтыланған жоқ.