Астана қаласында «AMANAT» партиясының қолдауымен Қазақстан мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған XVI «Жан Шуақ» қоғамдық сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімі өтті. Марапатталған азаматтардың қатарында Түркістан облысы, Түлкібас ауданындағы Тастұмсық ауылының тұрғыны Мейірхан Топанбай да бар.
«AMANAT» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында жыл сайын өтетін жобаның мақсаты – қоғамның назарын мүгедектігі бар адамдардың мәселелеріне аудару, оларды шешу бағытындағы жұмысты күшейту және үйлестіру. Мүгедектігі бар адамдардың тұлғалық дамуына жаңа мүмкіндіктер беру және олардың алға ұмтылуына қолдау көрсету. Іс-шараға қоғамдық жұмыстарға белсене араласып жүрген мүмкіндігі шектеулі жандар қатысып, жүлделі орындарды иеленді.
Мыңнан астам көрерменнің қатысуымен өткен салтанатты жиында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов сөз алып, Президент ерекше қажеттілігі бар адамдарды қолдау бағытына ерекше назар аударатынын атап өтті.
– Біз қазір инклюзивті мемлекет, инклюзивті экономика, инклюзивті қоғам туралы жиі айтамыз. Кең мағынасында «инклюзив» ұғымы әділдік пен бірлік, тәртіп пен заң үстемдігі және тең мүмкіндіктер дегенді білдіреді. Бұл – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қолға алған реформалардың негізгі басымдықтары. Өзіндік ерекшелігіне қарамастан, әр адам тең мүмкіндік пен құқыққа ие болуы керек. Бұл сыйлық аталған қағиданы өмір шындығына айналдырған, қиындыққа мойымай, табандылық танытқан және бәрімізге шалқар шабыт сыйлаған жандарды даралайды. Біз ерекше қажеттілігі бар адамдардың дамуына, өз қабілет-қарымын танытуына және жаңа мүмкіндіктерге жол ашуына көмектесеміз», – деді Ерлан Қошанов.
Қазақстан мүгедектер конфедерациясының президенті Жанат Омарбекова биыл «Жан Шуақ» сыйлығына еліміздің барлық өңірінен 200-ден астам өтінім келіп түскенін, осы уақыт аралығында барлығы 80-ге жуық адам марапатқа бөленгенін жеткізді.
«Мүгедектігі бар адамдардың ғылым мен білім беру қызметін дамытуға қосқан үлесі және оқуға талпынысы үшін» номинациясының иегері атанған Мейірхан Топанбай 10 тілді меңгеріп, 68 мың кітап оқыған. Тастұмсық ауылдық кітапханасының кітапханашысы болып қызмет атқаратын 29 жастағы Мейірхан аудан, облыстық деңгейдегі бірнеше жүлделердің иесі. 2020 жылы республика бойынша өткен праймериз қатысушысы, 2022 жылы «AMANAT» партиясы Түлкібас аудандық филиалы жанындағы «Жастарды қолдау жөніндегі» қоғамдық кеңеске мүше болды.
Мейірхан 68 мың кітап оқуды мүмкін емес деп санайтындарға оның мүмкін екенін, адамның жан тынысын ашатын дүниедегі жалғыз нәрсе – кітап болатынын айтты.
– Кітапты ештеңе алмастыра алмайды. Адамзаттың негізгі мұраты – адам болу болса, сол мұратқа жеткізетін кітап. 2021 жылы Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасының және Түлкібас ауданының жыл үздіктері таңдалған тұста «Үздік оқырман – 2021» атанғанмын. Осы кезде оқыған кітаптарымның тізімі арнайы хаттамаға енгізіліп, ұсынылды. Сонда университет кітапханасынан 3987 кітап, арнайы кітапханадан 29 мың 536 аудио және брайль кітап, аудандық кітапханадан 27 777 кітап, Жаскешу ауылдық кітапханасынан 404 кітап, Тастұмсық ауылдық кітапханасынан 198 кітап оқығанымды дәлелдеп бердім. Бұл 2021 жылғы санақ қана. Одан бері 3 мыңнан аса жәй кітап, 4100 брайль кітап және 389 аудио кітапты аяқтадым, – дейді жігерлі жас.
Айта кетейік, жеңімпаздардың әрқайсысы 1 млн. теңге көлеміндегі ақшалай сыйлыққа ие болды.
Қазіргі қоғамның білім саласындағы өзекті мәселесі – әлеуметтік-экономикалық жағдайға бейім және өзі өмір сүріп жатқан қоғамды өзгертетін тұлға қалыптастыру. Қоғамда өмір сүруге бейім тұлға шығармашыл, интеллектісі жоғары, белсенді, әлеуметтік жауапкершілігі мол, ой-өрісі кең, терең білімді, кәсіби сауатты болуы тиіс.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2023 жылғы 28 наурыздағы № 249 қаулысымен бекітілген «Қазақстан Республикасының мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023 – 2029 жылдарға арналған Тұжырымдамасында» 23 нысаналы индикаторға сәйкес балаларды қосымша біліммен қамту 2023 жылы – 81,1 %, 2024 жылы – 86,3%, 2025 жылы - 90%, 2026 жылы – 95 %, 2027 жылы -100 %, 2028 жылы -100 % және 2029 жылы – 100% -ға қол жеткізу көзделген. Алайда, еңбекақының өзгеріссіз қалуы қосымша білім беру педагогтары қызметі сапасының төмендеуіне әкеле отырып, аталған көрсеткіштердің орындалуына ықпал ететіні сөзсіз.
Сонымен қатар, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді.
Мәлім болғандай, тұжырымдама 2 жастан 6 жасқа дейінгі балалар мен мектеп оқушыларына сапалы білім беру үшін қолайлы жағдай жасауға бағытталған.
Атап айтқанда, үш ауысыммен оқытатын және апатты мектептерді жою арқылы жайлы және қауіпсіз білім беру ортасын құру жөнінде шаралар қабылданады. Мәселені шешу үшін 1,5 млн жаңа оқушы орны ашылмақ. Мектептер қауіпсіздік жүйелерімен толық жабдықталады. 2026 жылға қарай ауылдарда, шағын қалаларда және аудан орталықтарында 5 мың мектеп жөндеуден өтеді.
Сондай-ақ, балалардың шығармашылық, интеллектуалдық және физикалық қасиеттерін қалыптастыру мен оқушылардың демалысын ұтымды ұйымдастыру үшін қажетті деңгейде көңіл бөлінеді.
Тұжырымдаманы орындау аясында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінде қазақстандық жастардың колледждерде сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алуына баса назар аударылды.
Сонымен қатар, елімізде 2029 жылға қарай қазақ тілін меңгерген азаматтардың саны 84 пайызға дейін артуы тиіс.
Тағы да айта кететін, Қазақстан Үкіметі өз қаулысымен Тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын бекітті.
Тұжырымдама бойынша келесі межелерге қол жеткізу көзделген:
- Тұжырымдамада 2029 жылға қарай мемлекеттік тілді меңгерген халықтың үлесін 84 пайызға жеткізу қажет.
- Мемлекеттік телеарналардағы қазақ тіліндегі телебағдарламалардың үлесі 2029 жылға қарай 84 пайызға жетуі тиіс.
-Мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялардағы құжат айналымының мемлекеттік тілдегі үлесі 94 пайызды құрауы тиіс.
- Қазтест жүйесі бойынша В2 деңгейінде қазақ тілін меңгерген мемлекеттік қызметшілердің үлесі 2029 жылы 50 пайыз болады.
Осы мақсаттарға қол жеткізу тұжырымдамасында басқалармен қатар, халыққа қазақ тілін үйрету курстарын ашу, бейнесабақтар өткізу, жоғары оқу орындары мен жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының бағдарламаларын жаңарту ұсынылады.
Сонымен қатар, құжатта жаңа сөздіктер мен анықтамалықтар әзірлеп, басып шығару, түрлі курстар мен семинарлар ұйымдастыру ұсынылады.
Кез келген тілдің дамуы үшін, ол тіл үнемі жаңа сөздермен кірігіп, ғылыми өзгерістерді қабылдай алатын негізде болуы шарт.
Мемлекетінің ертеңін ойлаған, болашақтың жарқын болуын қалаған адам әр патриот алдымен қоғамда өзін жөндеуі тиіс деп есептейміз. Дәл қазіргі сөйлеу және жазу әдебіміз бен тіліміздегі көптеген амал-тәсілдердің қолданылуы мен сөздердің айтылуына назар аудару қажет. Айтар сөздің орынсыздығы байқалса, оның айтылуы қазақ тілінің тілдік нормаларына сәйкес еместігі белгілі. Осы жайында көңілге күдік ұялатар сұрланған сауалдар мен күдіктер саны арта беретіндігін де айта өткеніміз жөн. Сөз қолданысының дұрыстығы не бұрыстығын бағалау,оған нақты баға беру арқылы пікір білдіру оңай емес. Бұл тұста қоғамда тартысты пікірталастар мен талқылаулар толассыз жүруде. Өзекті мәселенің біріне айналған тілдік мәдениет –ұлттық құндылықты сақтауға бағытталған деуге болады.
Күнделікті қолданатын әрбір сөз бен айтылар ойға мәнге абай, мұқият болуға тиіспіз. Дегенмен халық ішінде адамдардың сөйлеу дағдысында, тіл тазалығына кір келтіретін, сөйлем арасында қызметсіз, орынсыз қыстырма сөздер мен бос сөздер көптеп кездеседі. Қазақтың тілдік мәдениет деңгейі кез келген адамның сөзі мен жазуында едәуір айтылып та, байқалып та келеді. Сөз мәдениетін насихаттау біздің қоғамда әлі де жеткіліксіз екені ащы болса да шындық. Алайда есте сақтау қажет! Қазақ тілі – күрделі болса да, әлемдегі ең көркем әрi ең сұлy тiлдердiң бірi де бірегейi. Ана тіліміз – ұлтымыздың жүрегі және өткендердің аманаты екенін ұмытпайық!