Сарыағаш қаласы, Телемұнара мөлтек ауданында ұлттық жоба аясында құрылысы бастау алған мектеп 900 орындық. Жайлы мектептердің айырмашылығы – олар бірыңғай стандарттар бойынша жобаланады. Яғни, пәндік кабинеттер, компьютерлік сыныптар, зертханалармен мен шеберханалар – бәрі бірыңғай стандарттар негізінде жабдықталады.
Бүгінгі таңда мердігер мекеме «ART құрылыс» тарапынан мектеп ғимаратының қазан шұңқырын қазу жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстарының басында болған аудан әкімі Арман Абдуллаев жауапты мердігер мекеме басшысына алдағы уақытта да құрылыс жұмыстарының барысын өзі келіп қадағалап тұратынын жеткізді
Айта кететін, еліміздегі білім беру саласының сапалы бола бастаған тұсы - 1991 жылдан кейін ғана қарқын алды. Осы аралықта жас өскелең ұрпақты әлемнің қазіргі сын-тегеуріндеріне дайындау үшін шексіз-шетсіз жұмыстар атқарылғанын жоққа шығара алмаймыз.
Ең алғашқы әрі елеулі жетістіктердің бірегейі - 12 жылдан тұратын мектептің бағдарламасы. Бұл, әрине, бастауыш және орта білім алушыларға тікелей байланысты. Сарапшы мамандардың пікіріне құлақ асатын болсақ, өзгеріс болашақ студенттерді мансапқа жету жолында қажетті білім мен дағдыларды толықтай меңгеруге үлкен мүмкіндік береді.
Келесі қадам шетелдік тәжірибелерді санаға сіңдіріп, ел келешегі үшін жұмсауға бағытталған "Болашақ" атауымен белгілі бағдарлама. Ол іске қосылған бойы Қазақстаннан 10 мыңға жуық стипендиат әлемнің атағы жер жарған оқу орындарына білім алуға аттанды. Әбден білім жинақтап, кемеліне келген тұста туған еліне қайта оралды.
Айта кететін маңызды жайт, бүгін де біздің ел ЭЫДҰ, ЮНЕСКО сияқты халықаралық ұйымдармен етене жақын қарым-қатынаста. Сонымен қатар біздің Үкімет экономикамыз бен қоғамдағы басқа да түрлі салалар үшін кәсіби әрі жоғары мамандарды дайындауда біздегі ЖОО-лардың сапасын, бюджетін, жағдайын жақсартуға күш жұмсап жатыр. Әсіресе, университеттердің инфрақұрылымын жетілдіріп, оларды заманауи құралдармен жабдықтауда айтарлықтай инвестициялар салып жатыр. Зерттеу және технологиялық орталықтарды мейлінше дамытуға жұмыстар жүргізуде.
Негізі адами ресурстарды даярлау және олардың сапасын жақсарту, мемлекет пен қоғам қажеттілігін қанағаттандыру үшін Тәуелсіздік жылдары білім берудің жаңа модельдері қалыптасты.
Оның ең үлкен дәлелі ретінде "Білімді ұлт”сапалы білім беру" ұлттық жобасын келтіруге әбден болады. Бұл ең алдымен мемлекеттің экономикалық әрі әлеуметтік әлеуетін арттыру және дамыту үшін зор маңызды иеленеді. Оның төңірегінде Білім беру сапасын арттыру, оған ақпараттық және коммуникациялық технологияларды енгізу, біліктілікті жыл сайын арттыру сияқты шаралар жүзеге асырылды. Сонымен қатар оқу бағдарламаларын жаңарту әрі жаңғырту, мектептер мен университеттердің техникалық-материалдық базасын дұрыстау, педагогтердің кәсібилігін еселеу, ең бастысы мүмкіндігі шектеулі немесе ерекше балаларға білім беру кезіндегі қолжетімділік, демографиялық мәселелер қарастырылды. Осы тұста аталған жаңалықтарға және өзгерістерге сүйене отырып, мынадай болжам жасауға болады:
- Білім деңгейінің сапасын арттыру;
- Мемлекеттің орныққан әлеуметтіа және экономикалық дамуын қамтамасыз ету үшін соған қабілетті білім жүйесін қалыпқа келтіру;
- Инноаациялар және ғылыми-зерттеуді дамыту үшін жағдай жасау;
- Әлемдік еңбек нарығында білікті әрі табысты, бәсекеге толықтай қабілетті кадрларды даярлау.
Осы еңбектердің нәтижесінде ғылымға деген жас ғалымдардың құлшынысы көбейіп келеді. Жасы 35-ке дейінгі ғалымдар саны 2011 жылы 6,4 мың адамнан асты, ал 2020 жылы олардың саны 8,1 мың адамға дейін өскені соған дәлел.
Халықаралық рейтингтік басылымдарда жас ғалымдардың жарияланымдық белсенділігінің айтарлықтай артқаны ерекше байқалады. Мәселен, бүгін қазақстандық ғалымдардың Scopus дерекқорындағы жарияланымдар саны 2011 жылмен салыстырғанда 34 есеге (577-ден 19 879-ға дейін), Web of Science дерекқорында 59 есеге (425-тен 25 088-ге дейін) өскен. Соңғы бес жыл ішінде қазақстандық ғалымдардың әрбір бесінші мақаласы әлемнің ғылыми журналдарының ең атақтылар мен үздігіне басылып шықты.
Аталған әрі айтылған жаңалықтардың барлығына еліміздің білім жүйесіндегі жаңару мен жаңғыртуларға қаншалықты күш салып жатқанының белгісі ретінде қарауға болады. Бастысы - ниет әрі дұрыс бағдар керек. Жоспар бар жерде нәтиже бар.
Білім саласы үшін қосымша біліммен қамту өте маңызды. Өткен жылы қамту көрсеткіші 69,4%-ға орындалса, биылғы жылы қамту 75%-дан жоғары болуы тиіс. Қазіргі уақытта 1,5 мың қосымша білім беру ұйымы, 63 мың үйірме, спорт секциялары жұмыс істейді. Қосымша білімнің қолжетімділігін арттыру мақсатында былтырдан бері алғаш рет мемлекеттік тапсырыстар беріле бастады. Бұл өте тиімді механизм.
Білім сапасын арттыруда мектептерді пәндік кабинеттермен қамтамасыз ету маңызды рөл атқарады. Биыл мектептердің 70 пайызы физика, химия, биология, STEM пәндеріне арналған кабинеттермен қамтамасыз етіледі.
Мемлекет басшысы тапсырмасымен «Білімді ұлт» сапалы білім беру» ұлттық жобасы дайындалды.Шынында да, қоғам дамуының басты факторы сапалы білімді меңгерген білікті мамандар екені сөзсіз. Бұл бағытта елімізде білімге құштар, болашағымыздың негізін құрайтын дарынды жастарға барынша қолдау көрсетіп, әлеуетін пайдалану көздерін қарастыру керек. Сондықтан да қазіргі уақыттан бастап болашақта сапалы білім беретін педагог даярлау мәселесіне ерекше мән беруіміз қажет. Ал сапалы білімді беріп, саналы ұрпақ тәрбиелейтін – ұлағатты ұстаз. Сананы тұрмыс билеген бүгінгі қоғамда оқытушылардың қажымас еңбек етіп, сапалы білім беруі, оның әлеуметтік жағдайының деңгейімен де тікелей байланысты екені рас. Бұл ретте Мемлекет басшысы «оқу орындарын білікті профессор-оқытушылық құраммен қамтамасыз етпейінше, білім сапасын көтеру мүмкін емес» деп ұстаздардың әлеуметтік жағдайының маңызды екенін алға тартты. Себебі ол әлеуметтік мәселелерге алаң қылмай, алаңсыз сабақ беруі тиіс.