Бүгінде ауданымызда қыз-келіншектер арасында қолдан бұйымдар жасау ісі артып келеді. Солардың бірі Бәйдібек ауданы, Кеңестөбе ауылының тұрғыны Мөлдір Торланбаева. Мөлдір Сейітқұлқызының негізгі жұмысы Кеңестөбе ауылындағы Қ.Сыпатаев атындағы мектептің көркем еңбек пәнінің мұғалімі. Жұмыстан тыс уақытта қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысады.
- Тұрмыс құрған ауылымдағы мектепте еңбек пәнінің ұтазымын. Бұл пәнде қандай сабақ өтілетіні сұрамаса да белгілі. Қолымнан түрлі бұйымдар жасау ісі келетіндіктен ұстаздықтан бөлек гүлдермен көмкерілген бөлме шамдарын жасауды қолға алдым. Қыр-сырын меңгеру мақсатында ғаламтордан ізденіп, арнайы сабағын оқыдым. Еңбектенгеннің нәтижесінде тез үйрініп, осындай әдемі бөлме шамдарын жасаумен айналысып келе жатқаныма бір жылға жуық уақыт болды. Осы уақытқа дейін 100-ден аса гүлдермен көмкерілген бөлме шамдарын жасадым. Гүлдерден бөлек қабырға суреті және құстар бейнеленген шамдар жасаймын. Мектептегі мұғалімдік жұмысыма кедергі болмау үшін тапсырысты бос уақытымда орындап, бір айда 20-25 бөлме шамдарын жасаудамын. Күн санап сұраныс артуда. Гүлдердің материалын тапсырыспен Ресей мемлекетінен алдырамын. Изалон материалы өте төзімді, жууға ыңғайлы ,түсін бермейді. Жалпы адам жақсы өмір сүру үшін жан-жақты, ізденісте болып, еңбек ету керек. Еңбектің наны тәтті, Еңбектенсең ғана болашағың жарқын болады дейді, - Мөлдір Торланбаева.
Жасаған бұйымдарымен облыстық байқауларға қатысып, жүлделі орыннан көрініп жүрген Мөлдірдің шәкірттері де облыстық байқауға қатысып, "Алтын қазына" балалар шығармашылығанда гүл композициясын құрастыру бағытында жоғары деңгейде қорғап 1 орын иеленген. Қ.Сыпатаев атындағы мектепте «Қыз еркем ісімен көркем» үйірме тобында шәкірттер тәрбиелеуде екен. Мектептен бөлек ғаламтор арқылы гүлдермен көмкерілген бөлме шамдарын жасауды үйренемін деушілерге сабақ береді.
Еске саларлық, алдыңғы айда Елордада І республикалық педагогтер съезі өткен болатын. Жиынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арнайы қатысқан болатын. Сондай-ақ маңызды іс-шараға еліміздің әр өңірінен 700-ден аса педагог жиналды.
Республикалық педагогтер съезін ашқан Президент әуелі білім беру саласының қызметкерлерін кәсіби мерекемен құттықтады.
– Бүгін, шын мәнінде, өте маңызды жиын. Себебі ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет. Менің бастамаммен 2019 жылы «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданды. Кейінгі төрт жылда ұстаздардың жалақысы 2 есе өсті. Жақында балабақша тәрбиешілерінің айлығы 30 пайызға көбейді. Ұстаздардың еңбек демалысы ұзартылды. Мұғалімнің міндетіне кірмейтін артық жұмыстың бәрі алынып тасталды. Ұстаздардың кәсіби біліктілігін арттыру мәселесіне баса мән беріліп жатыр. «Болашақ» бағдарламасымен үш жылда 220-ға жуық педагог шетелде оқып келді. Мұғалім мамандығын таңдаған жастарға қойылатын талап күшейді. Осы саладағы студенттердің стипендиясы 2,5 есе көбейді. Бір сөзбен айтқанда, ең алдымен білікті ұстаз даярлау ісіне айрықша мән беріп отырмыз, – деді Мемлекет басшысы.
Президенттің айтуынша, жаңа дәуірде мектептің жағдайы мемлекеттің дамуына тікелей ықпал етеді. Ал мектептің қандай болмағы ұстазға байланысты. Бүгінде педагогика саласы ғылымның ең маңызды тармағының біріне айналды. Сондықтан бұл салаға түбегейлі жаңа көзқарас қажет. Заманауи технологияның көмегімен білім беру жүйесін жедел әрі тиімді жаңғыртуға болады. «Білім саласын ең үздік халықаралық стандарттарға сай дамыту керек. Мұғалімдердің қажырлы еңбегі және оқушылардың дарыны мен талабы нақты жемісін беріп келеді. Өрендеріміз ширек ғасырда әлемнің ең беделді пән олимпиадаларынан 12 мыңға жуық медаль иеленді. Бұл – Израиль, Түркия, Канада сияқты білім сапасы жоғары мемлекеттермен шамалас көрсеткіш. Осының бәрі – педагогтердің табанды еңбектенгенінің жемісі.
– Бірінші мәселе. Ұстаздардың біліктілігін арттыруымыз керек. Мағжан Жұмабайұлы «Алты Алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» деген. Халқымыз келешектің кілті білімде екенін терең түсінген. Сол себепті ұстазды ерекше қадірлеген. Педагог – ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру үдерісіндегі ең маңызды буын. Сондықтан білім беру жүйесін жоғары білікті мамандармен толық қамтамасыз ету өте маңызды. Алайда қазір мектептерімізде мамандар тапшы. Бүгінде елімізде 5 мың педагог жетіспейді. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып барады. Ал педагогика саласында оқыған әрбір бесінші түлек өз мамандығы бойынша жұмыс істемейді. Бұған қоса мұғалімдердің 23 пайызында ғана жоғары біліктілік санаты бар. Мұның бәрі педагогтерді даярлау және олардың біліктілігін арттыру тәсілдерін түбегейлі өзгертуді қажет етеді. Жоғары оқу орындарындағы педагогикалық мамандықтарға қатысты бағдарламалардың басым бөлігі заман талабын ескермейтін бұрынғы әдістемелерге негізделген. Заманауи тәсілдер мен технологияны енгізе отырып, оқу бағдарламаларын қайта қарау, жаңғырту қажет, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, тағы бір маңызды міндет – қала мен ауыл мектептеріндегі білім сапасының теңсіздігін жою. Ауыл балаларының білім алу мүмкіндігі шектеулі екені баршаға мәлім. Бұған қажетті құрал-жабдықтың және білікті педагогтердің тапшылығы себеп болып отыр. Ауылдағы білім ошақтарының тең жартысы – шағын мектептер. Онда барлық пәннің мұғалімі бола бермейді. Бір сыныпта әртүрлі жастағы балалар оқиды. Мұның бәрі – жылдар бойы қордаланған түйткілдер. Оның көбі жұрттың жаппай қалаға көшуіне байланысты туындады.
– Ауыл мектептерін зияткерлік, сондай-ақ қоғамдық орталық ретінде дамыту маңызды. Ауыл мектебі жергілікті жұртты ортақ іске жұмылдырады. Осы орайда кәсіпкерлер қауымына да зор міндет жүктеледі. Қазір мемлекет пен бизнестің серіктестігі арқылы ауыл мектебін жаңғырту жұмыстары қолға алынды. Осы тәсілмен үш жылдың ішінде кем дегенде мың ауыл мектебін керек-жарақпен толық жабдықтау қажет. Ауыл мектептерінің кітапханаларын дамыту мәселесіне баса мән берген жөн. Кітапханада қажетті кітаптың бәрі болуы керек. Яғни әдебиет қала және ауыл оқушыларына бірдей қолжетімді болуға тиіс. Балаларға тең мүмкіндік беру үшін білім сапасын барлық аймақта бірдей жақсарту керек. Отбасы жағдайына, өскен ортасына қарамастан, барлық баланың сапалы білім алуға қақы бар, – деді Президент.
Мемлекет басшысының мәлімдеуінше, жалпы, білім беру жүйесін мүлде жаңа деңгейге шығару үшін ауқымды цифрлық трансформация жұмыстарын жүргізу керек. Ең алдымен, 2027 жылға дейін интернет желісі әлі тартылмаған мектептердің бәрін жылдамдығы жоғары интернетке қосу қажет. Бұл ретте олардың әрқайсысында жергілікті желі орнатылуға тиіс. Бұл өзекті мәселені шешуге «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы септігін тигізеді. Сонымен қатар барлық мектеп оқушысына сапалы оқыту контенті бар озық цифрлық платформалардың, соның ішінде электронды оқулықтардың қол жетімділігін қамтамасыз ету маңызды. Бұл ретте барлық материал салалық сараптамадан мұқият өткізілуі керек.