КЕЛЕС: АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ ҮЗДІК ОҚЫРМАНҒА ВЕЛОСИПЕД БЕРІЛМЕК

КЕЛЕС: АУЫЛ МЕКТЕБІНДЕ ҮЗДІК ОҚЫРМАНҒА ВЕЛОСИПЕД БЕРІЛМЕК

Келес ауданындағы №59 Б.Момышұлы атындағы жалпы орта мектебінің кітапханасында «Оқуға құштар мектеп» жобасы аясында «Кітап оқу байқауы» жобасы жүзеге асуда. Алдағы уақытта үздік оқырман оқушыларға спорттық велосипед, планшет және тағы басқа құнды сыйлықтар берілетін болады. Жобаға жеке кәсіпкерлер Бекшораев Марат, Құтымов Марат, Ахметов Сапархан сынды ел ағалары демеушілік жасауда. Мектеп директоры Убайдулла Ералиевтің айтуынша игі жобаға жастар арасында қызығушылар артып келеді екен.
- Мектебімізде балалардың кітап оқуға деген құштарлығын арттыру, қазақ әдебиетін, ақын-жазушылар шығармаларын терең зерттеуге және жас ұрпақтың бойына кітап сүйгіштік сезімді қалыптастыру мақсатында мұндай акция алғаш рет ұйымдасытырылып отыр. Кітап - терең ойлауды, есте сақтау қабілетімізді жақсартып, зейін-зерде, ақыл-ойымызды еркін жеткізуге жаттықтырады. Балалар велосипедті көріп кітап оқуға деген қызығушылығы арта түседі деген сенімдемін,- дейді мектеп басшысы.
Айта кету керек мұндай акция бұған дейін Келес ауданындағы тағы бір мектепте ұйымдастырылған еді. Жастарды кітап оқуға баулуда мұндай жобалардың рөлі орасан зор. Қазіргі таңда аталған білім ордасында 400-ден аса оқушы тәлім алады.
Сонымен қатар, әлем елдері адамзат дамуындағы кітаптың мән-маңызын әлдеқашан мойындаған. Қазіргі озық технологиялар дәуірінде кітап оқу мәдениеті әлі де өзектілігін жойған жоқ. Керісінше, ой-сананы өсіретін, интеллектуалдық тұлға қалыптастыратын, жаманнан жирендіріп, жақсыға үйрететін кітапқа деген сұраныс барған сайын өсіп барады.
Сондай-ақ кітапхана­ла­рымыздағы ұсыныс пен сұраныстар кітап оқу мәдениетінің алға қарай дамып келе жатқандығын айқын аңғартады.
кітап оқу — өнер деп айтып жатамыз. Шындығына келгенде, кітаптың нақ өзі үлкен өнер туындысы деуге толық негіз бар. Өйткені, кітаптың көз тартар мұқабасынан бастап, оның ішіндегі безендірілуі, дизайндық ерекшеліктері өзінше бір бөлек өнер дейтін болсақ, ал ондағы жазылған мәтіннің мән-мағынасы, кітап ішіндегі оқиғаның оқырманды елітіп әкетуінде де үлкен өнер әрі еңбек жатыр. Кітапты басып шығаруда көптеген қызметкерлер еңбектенеді. Және өз оқырманының жүрегіне жол табатын дүниені табады. Жасыратыны жоқ, ең әуелі кез келген оқырман кітаптың мұқабасына зер салады. Ал мұқабадағы суреттің кітап ішінде маржандай тізілген мәтіннің мағынасын ашуы да көп ізденісті, өнерге деген ықыласты қажет ететіні сөзсіз. Баспа кітаптарының сапалы әрі көп данамен басылуының өзі бұл өнер туындысына деген сұраныстың жоғары екендігін айқындайды.
Баспа және электронды кітаптардың таптық тегеуріні белең алған тұста біз екі нұсқаны да өнерден алшақ қарастыра алмаймыз.
Шындығына келсек, сәнді мұқабалары мен жарқын иллюстрациялары бірден көзге түседі. Тіпті, кейбір ақпараттарға сүйенсек, сөрелер мен кітапханаларды безендіру үшін көптеген баспа басылымдарын қолданатынымыз да ақиқат. Айта кететін жайт, әдемі мұқабалар мен әсем безендірілген кітаптарды көрген сәттен бастап, олар оқырман арасында сүйіспеншілікке ие болды. Сонымен қоса, осы сәттен кейін біз кітапты жай ғана суреттері бар мәтін ретінде емес, біртұтас полиграфиялық өнер туындысы ретінде қарастыруды үйрендік. Мұнда кітаптың макеті де маңызды әрі үлкен рөл атқарады.
Кітап өнері кітап мәдениетімен тығыз байланысты. Жоғарыда атап өткен әсем безендірулер, жарқын иллюстрациялар, сәнді мұқабалар кітап мәдениетінде де айрықша рөл атқарады. Кітаптағы мәтін арқылы адамда мәдениет қалыптасады. Басылымның тутул бетіндегі мәліметтердің дұрыс әрі стандартқа сай болуы да, кітаптың мәдениетін арттырмаса төмендетпейді. Осы орайда біз кітап, оқу мәдениетінің тұлғаның рухани және әлеуметтік дамуының құралы ретінде қарастырамыз. Өйткені, кітап білім мен мәдениеттің биік белестеріне жетелейтін тәрбиелік құрал. Ұлттық мәдени кодымыздың өзі кітап арқылы қалыптасады. Жалпы кітапты мәдениеттен, өнерден алшақ қарастыру мүмкін емес. Өйткені, түрлі өнердің бәрі адамзатқа кітап арқылы насихатталып, тарлан тарихымыздың өзі осы өнер туындысы арқылы бүгінгі ұрпаққа жетіп отыр.
Бірақ, қазіргі таңда біз «Мықты дизайнерлер жоқ!» немесе «Мұқабаға ғаламтордан алынған суреттер саламыз», «Кітаптан ақша үнемдейміз» деген желеулер арқылы еліміздегі кітап дүкендері сөрелеріндегі отандық баспа кітаптарының ұзақ өтпей тұратынын ақтайтындай боламыз. Бірақ, бұл дұрыс емес. Ең бірінші, кітапқа салатын қаражатымыз қомақты болса, ол өнер туындысының өз оқырманын табуына жол ашады.
Кітап оқуға деген сүйіспеншілік адамдарды жақындастырады. Ғасырлар бойы кітап қоғамда өзінің белгілі бір функциясын ұстап тұрды. Ал оқу мәдениеті — адамның білім, білік дағдыларын қалыптастыра отырып, шығарманың өн бойына еніп, түсіну, қабылдау қабілеттерін өздігінен игеруіне мүмкіндік туғызды. Әдебиет сүйер қауым жыл сайын Дүниежүзілік кітапқұмарлар күнін атап өтеді. АҚШ-та пайда болған ресми емес мереке бірден әлемнің басқа бөліктерінде қолдау тауып, халықаралық сипат алған. Бүкіл әлемде бұл мерекені жазушылар, ақындар, баспагерлер, типография қызметкерлері мен кітап дүкенінің сатушылары, кітапханашылар және әлбетте әдебиеттің жанкүйерлері — оқырмандар атап өтеді.
Қазақстанда оқулықтардың қажетті қоры болғанымен, балалар оқитын көркем әдебиеттің саны көңіл көншітпейді. Деседе, көркем әдебиеттің балаларға қолжетімді болуы үшін министрлік арнайы жоба әзірлеген еді. Жоба аясында білім беру ұйымдарына қарасты кітапханалардың материалдық-техникалық және ақпараттық базасын жақсарту, балаларға арналған көркем әдебиетті жыл сайын сатып алуды жүзеге асыру бойынша шаралар қабылданды.
Сонымен қатар кітапханашылардың мәртебесін арттыру, олардың еңбекақысын көтеру және жұмысының жаңа талаптарға сай болуын қамтамасыз ету де күн тәртібіне қойылған. Қазақ тілді кітаптардың цифрлы нұсқасын жасау идеясы да жүзеге асырылып келеді.
Ақпараттық қоғамда оқу мен «кітап оқитын адам» ұлттық құндылыққа айналып бара жатыр. Кітап оқитын ұлт – кітап оқитын балалардан қалыптасады. Қазір әлемнің көптеген елдері кітап оқымайтын жасөспірімдермен жұмыс істеудің түрлі тәсілдерін қарастырып жатыр. Техника мен ақпараттық жүйелердің дамуы оң мүмкіндікке қол жеткізуге болатын құралға айналуда. Адамның бойындағы кітап оқу дағдысы бала күннен қалыптасады.
Кітапты тұрақты оқып тұруға дағдыны қалай қалыптастырған дұрыс:
Ең бірінші, менің ойымша, кітап оқу қабілеті де адамның мінезі сияқты, сурет салу қабілеті сияқты қалыптасатын секілді. Екіншіден, бұл отбасында қалыптасуы керек. Кітап оқу мәдениеті әрбір отбасында қалыптасса, сонда оқитын ұлтқа айналар едік. Кітап оқуды әдет қылып қалыптастыру үшін күніне 10 минуттан 30 минутқа дейін, өзіңмен келісімшартқа отырып, «қазір смартфон бетіне қарамайын, мен жарты сағат миымды демалтамын, жарты сағат жан ләззатын аламын» деп кітап оқу керек. Одан кейін кітаптың пайдасын жиі айтатын орталарға бару керек. Олар: кітапхаларда өтетін мәдени шаралар, кітап клубтары. Кітап клубтарына барып жүріп-ақ кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға болады.
Facebook, Instagram және YouTube-тегі танымал интернет-сайттарда кітапхана қызметкерлері электронды кітаптарға шолулар, виртуалды экскурсиялар, қызықты тесттер мен викториналар, балалар мен жасөспірімдерге арналған онлайн кітап оқуды жүргізеді. Бейнероликтер шығарыла бастады, онда аймақтың танымал адамдары өздерінің сүйікті кітаптары мен авторлары туралы әңгімелейді.
Бірақ бұл кітапханалар онлайн режимге өтеді дегенді білдірмейді. Енді кітапханашылар оқырманмен кездесуге, әңгімелесуге, қажетті кітапты табуға көмектесуге, кеңес беруге дайын.
«Кітап дегеніміз – алдыңғы ұрпақтың артқы ұрпаққа қалдырған рухани өсиеті. Кітап оқудан тыйылсақ, ой ойлаудан да тыйылар едік»,-деген еді Ғабит Мүсірепов. Кітап таңдап, талғап оқи білу, оны түсіну мен түйсіну, алған әсерді өмір қажетіне жарата білу – әр адамның білігі мен білімін, пайымы мен парасатын айқындайтыны шындық.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев аса көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұхтар Мағауиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен...

Өңірлік саясатты жетілдіру және өңірлердің теңгерімді әлеуметтік және экономикалық дамуын қамтамасыз ету мақсатында вице-премьер Қанат Бозымбаевтың...