Кеше қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың Арыс қаласының тұрғындарымен кезекті кездесуі өтті. Бұл шаһар басшының тұрғындармен жыл басынан бері өткізген төртінші кездесуі.
Кездесуде алдымен бүгінге дейін жүзеге асырылған жобалар мен алда қолға алынатын жоспарлар туралы айтылды. Сондай-ақ, мұның алдында өткен кездесулерде айтылған ұсыныс, пікірлер мен өтініш, тілектердің орындалуын саралады.
Арыста білім саласында айтарлықтай жаңалықтар бар.
«Қаламыздағы демографиялық өсімді ескере келе, жаңа мектептер салу қарқынды жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда, қаламызда Тараз тұрғын ауданынан 600 орындық «Жайлы мектеп» құрылысы басталған. Дәл осындай мектеп Наурыз тұрғын ауданынан да салынады. Одан бөлек, Отырар ауданынан 600 орындық мектеп құрылысы жүргізілуде. Сондай-ақ, бір мектепке 300 орындық қосымша корпус, Онтам шағын ауданынан жеке кәсіпкер есебінен 150 орындық мектеп құрылысы жүріп жатыр. Ал, 2024 жылы жеке инвесторлар есебінен 600 және 300 орындық екі мектеп пен 5 балабақша салынатын болса, қала көлемінде мектеп мәселесі толығымен шешілмек- деді Гүлжан Мамытқызы.
Айта кететін, 2022 жылғы қыркүйектегі ел Президегті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформалар жөніндегі кеңесте және «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында «Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалуы тиіс. Сол үшін «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынды. Осылайша, апатты жағдайдағы және үш ауысыммен оқитын мектеп мәселесін толық шешеміз» деген сөзін күллі ұстаздар қауымы мен ата-аналар үлкен қуанышпен қарсы алдық.
Ендігі жерде мемлекеттік бағдарламадан «Сапалы білім. Білімді ұлт» ұлттық жоба бағытымен оқуға көшіп, біртіндеп бір ауысымды мектепте оқуға қол жеткіземіз. Шетелдердердің заманауи мектептерінде білім алып жүрген оқушыларды теледидардан көріп, көзімен көріп келгендерден есітіп, таңдана да, қызғана да қарайтынбыз. Алдағы уақытта біз де, қазақстандық ұстаздар, шәкірттерімізге жан-жақты тәрбие, уақыт талабына сай сапалы білім беруге толық жағдай жасалатын «Жайлы мектепте» мұғалім болу мәртебесін иеленеміз.
«Жайлы мектеп» жобасы туралы Жарлық шыққан бойда ел Үкіметі, ұзынсонарға салмай, осы жалпыұлттық жобаны жүзеге асыру туралы жедел қаулы шығарып, барлық тиісті орындарға, тапсырыс берушілерге, мердігер мекемелерге, тиісті басқарма басшыларына, әкімдіктерге, Оқу-ағарту министрлігі мен Ғылым және жоғары білім министрігіне т.б. нақты тапсырмалар берді. Жіті қадағалап отыруды қолға алғаны халық үніне құлақ асатын Әділетті, жаңғырған Қазақстан мемлекетінің құрыла бастағаны деп түсінеміз. Ел үшін маңызы зор үлкен көштің басталып кеткеніне қуаныштымыз.
«Жайлы мектептер» әр өңірдің тұрғындарының санына орай жеті түрлі нұсқада (300, 600, 900, 1200, 1500, 2000, 2500 орындық), заманға сай жабдықталған бір үлгіде, салынатын орны да балалардың мектепке қатынауына қолайлы болуы қарастырылған. Барлығында да әлемдік стандарттарға сай жабдықталған қыздар мен ұлдарды еңбекке тәрбиелеуге арналған бөлек шеберханалар мен спорт залдары, алаңдары болады. Білім беру стандартына сай оқу-көрнекі құралдармен толықтырылған робототехника, физика, химия, биология кабинеттері, зертханалар, интерактивті тақталармен жабдықталады. Балалардың қауіпсіздігін қадағалайтын бейнебақылау камералары мен дыбыстық дабыл құрылғылары орнатылып, жоғары жылдамдықтағы интернет жүйесі орнатылады. Яғни, «Жайлы мектеп» атына заты сай балаларымызға жайлы болуы үшін толық жағдай жасалады. Президент балаларымыздың білім алуына қалыпты жағдай жасау мемлекетіміздің негізгі маңызды міндеті екеніне тоқталып, «Өкінішке орай, қанша айтылса да, үш ауысымды, апатты жағдайдағы, тозығы жеткен мектептердің мәселесі бүгінгі күнге шейін әлі шешімін тапқан жоқ» деп ащы шындықты ашық айтты.
Ел келешегінің тұтқасы – ұрпақтарымыздың болашағының қамын ойлап, әлеуеті зор игі шара – «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына бағыт берген ел Президенті Тоқаев Қасым-Жомарт Кемелұлына, ұлттық жобаны жедел жүзеге асыруға кірісіп кеткен Үкімет басшыларына алғысымызды айта отырып, осы жоба елдің барлық аймағына тез арада қолжетімді болса игі деген тілек қосамыз.
Биыл, Сырдария (Задарья) елді мекенінде 11 көше, Монтайтас ауылына қарасты Атамекен елді мекенінің барлық 12 көшесіне асфальт салынды. Бұдан бөлек, қала аумағында орналасқан 33 көшеге немесе 10 шақырымға асфальт салу жұмыстары жүргізілуде.
Тамыз айында қаладағы Отырар тұрғын ауданы көгілдір газға қосылды. Бұл қала көлемінде газға қосылған алтыншы тұрғын аудан. Енді, Сырдария, Хлапком, Наурыз, ШПЗ тұрғын аудандарын табиғи газ жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ, орталық қазандықтың тозығы жетуіне облыстық бюджеттен тиісті қаржы қаралып, жөндеу жұмыстары басталған. Сонымен бірге, орталық қазандықты газ жүйесіне қосу мақсатында қосымша модульді қазандықтың құрылысы жүріп жатыр.
Бұдан бөлек, халықтың табысын арттыруға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 112 жоба мақұлданып, 80 жоба қаржыландырылған.
Жиынға қатысқан тұрғындар тарапынан да бірқатар өзекті мәселелер айтылып, оларға нақты жауаптар берілді.
Айта кетейік, қалай әкімінің халықпен кездесуінен кейін азаматтардың жеке өтініші бойынша қабылдау шарасы өтті. Онда әлеуметтік көмек, тұрақты жұмыс, жер құжатын заңдастыру жайындағы сұрақ, сауалдарға қала әкімі мен тиісті сала мамандары жауап беріп, талапқа сай түсіндіру жұмыстары жүргізілді.