ПРЕМЬЕРА ӨТТІ

ПРЕМЬЕРА ӨТТІ

Жүсіпбек Аймауытовтың 135 жылдығына арналған «Қартқожа» деректі драмасын бүгін Шымкент қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры көрермен назарына ұсынды.

Бір сағаттан астам уа­қытқа созылған қо­­йылым өте әсер­лі шық­­ты. Театрдың жас әртіс­тері өзде­рі­нің рөлдерін жақсы ойнап, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлай білді. Спек­такль мазмұны бастан-аяқ жазушы шы­ғар­масы негізіне құрылды. Романда қаламгер кедей бала­сы Қартқожаның өмірін суреттеу арқылы тап күресін, қазақ балаларының білімге құштарлығын, сол тұста қазақ даласында болған үлкен саяси өзгерісті бейнелеген болатын. Міне, сол шытырман оқиға театрсүйер қауымның көз алдында айнымаған қалпында көркем түрде сахналанды.

Рас, роман сюжетінің өзі қызыққа толы. Сол себепті оны адам еш жалықпай бір деммен оқып шығады. Сондықтан бұл шы­ғарма желісімен құрылған спек­­такльдің де сол биіктен үн қатуы заңдылықтай қабылданды. Шы­м­ылдық түрілгеннен молдадан сабақ алған Қартқожаның бай балаларынан таяқ жеп, те­пе­­­ріш көрген аянышты ха­лін көр­дік. Осылайша, қойы­лым­ның алғашқы көрінісі ә дегеннен кө­рерменді өзіне бау­рай жө­нел­ді. Әрі қарай оқиға ша­рықтай тү­сіп, байғұс баланың маң­­дайына жа­зылған қиын тағ­ды­ры кеш қа­раң­ғылығындай қою­ла­на берді. Бұл драма адамға ра­сында да қа­зақ­тың көр­меген қиын­­шылығы жоқ екен ғой деген ой салды. Ұлты­­мызға деген ая­­ныш пен жана­­шырлық сезімін оят­­ты. Осын­дай күйге қалайша түс­­ке­ні­міз жайында ауыр ойдың жүгін сана­мызға артып, өткен шақ пен бүгінгі жағдайымызды ба­ғам­­дап салыс­тыруға жетелеп әк­етті.

Қойылым біткен соң көрер­мен ду қол шапалақпен ­театр әртістеріне ұзақ қошемет көрсетті. Ал әртістер бар еңбекті жасаған осы кісі дегендей режиссерді қолқалап ортаға шығарды. Сахна төріне самайына ақ түскен егде жастағы азамат көтеріледі деп ойласақ, режиссеріміз жап-жас жігіт екен. Аты-жөні – Исмаил Жарас. Өзі де осы театрда актер болып қызмет етіп, кейін Шымкенттегі М.Әуезов атындағы ОҚУ-да режис­­серлік мамандықты тә­мам­­­дапты. Ал «Қартқожа» – оның ре­жис­сурадағы дебюті.

«Қойылымды қоюдың өзіндік қиындықтары болды. Өйткені қиялымды жүзеге асыруда сахна аздап тарлық етті. Егер кеңістік көп болғанда декорацияның көркемдік шешімін басқаша тауып, шығармашылық тұрғыда кеңінен көсілуге мүмкіндік алар едік. Романды 4 күн оқып, 2 күн сахнаға келтірудің 15 бет­тік жоспарын құрдым. Әртіс­тер арасында жасы кіші­лер де, үлкендер де бар. Сон­дықтан қойылымды сах­на­ға дайындау барысында режис­серлік шешім бо­йынша құрдастармен көп талас-тартыс болды. Әрине, жұмыс болған соң мұндай жағдай­лардың өнер ұжымында бола­тыны заңдылық. Романда білімге ұмтылған бас кейіп­кер­дің алдынан қиын­дықтар бірінен соң бірі кесе көлденең шыға береді. Енді оқимын деген шағында әкесі өледі, одан соғысқа алынады, кейін әмең­герлікпен жеңгесіне үйленеді. Сосын ақтар мен қызылдардың арасындағы қырқыс басталады. Шығармада тағы азамат соғысы біткен соң, Қартқожаның екі жыл Омбыға білім алуға бар­­ға­ны суреттеледі. Бірақ бұл оқи­­ға­ларды дра­ма­ға қос­падым. Уақыт­­тың қыс­қалы­ғы­на бай­ланыс­­ты әмең­гер­лікпен жеңгесін алған соң, қойылымның кульминациясын жасауға тура келді», деді ол.

Режиссер спектакльде­ жа­­ңа­ша білім алғысы кел­ген Қарт­қо­жаның Алаш қоз­ға­лысына қыз­мет еткенін көруге болатынын айтады. Шын­дығында кейіпкер орысша оқып, қазақ балаларын нақты ғылым пән­деріне үйреткен ұстаз бол­ған. Ұлты үшін тер төгіп, білім шамшырағын жаққан осындай алашшыл аза­мат­тардың көпшілігі кезінде атылып кетті. Ендігі жерде сол азаматтардың құрбандығын бүгінгі ұрпақ ұмытпаса екен деген ойын білдірді режиссер. Ал Қартқожаның кейпін сомдаған басты рөлдегі әртіс Нұржігіт Таңатар – Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер акаде­мия­сының түлегі. Жалпы, театр­да қуыр­шақ бөлімін қосқанда 27 әртіс қызмет атқарады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Бүгін таңертемен спорт сүйер көпшілік қаламыздың мақтанышы “Дендросаябаққа” жиналды. Онда Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай жаппай жүгіру...

«Интер Майами» добился крупной победы и лидирует в МЛС. Нью-Ингленд Революшн — Интер 1:4 Через неделю «Интер Майами» ждет первое в нынешнем сезоне испытание повышенной...