САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАРАМАЗАН АЙТУ САЙЫСЫ ӨТТІ

САЛТ-ДӘСТҮР ОРТАЛЫҒЫНДА ЖАРАМАЗАН АЙТУ САЙЫСЫ ӨТТІ
Рамазан айының соңғы аптасында Шымкент қаласындағы Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығында «Жарамазан жарасар дәстүріме» атты байқау өтті, деп хабарлайды NO-COMMENT.KZ тілшісі OKG.KZ сайтына сілтеме жасап.
Байқауға жалпы 5 команда – Созақ, Түлкібас, Арыс, Сайрам аудандары мен Шымкент қаласының өнерпаздары қатысып, жарамазан айту, бата беру мен салт-дәстүр жөніндегі викториналық сұрақтарға жауап беруден өзара тартысқа түсті. 
Байқауда бақ сынаған топтардың осалы болған жоқ. Әйткенмен Созақ пен Сайрам ауданының өнерпаздары аса белсенділікпен көзге түсті. Сайрамдық өнерпаздардың домбыра, сырнай, дабыл, тастұяқ секілді музыкалық аспаптарды әдемі үйлестірген шағын көрінісі көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Ал, созақтық өнерпаздар көрсеткен қойылымда қарт жыршының бала күнгі серігі – домбырасын жас жыршыға аманат етіп ұсынуы атадан балаға беріліп келе жатқан өнердің өміршеңдігін білдіреді.
– Аталмыш іс-шара жарамазан жырының мәдениетін бұзбай мазмұны мен мәнерін сақтай отырып, ұмыт бола бастаған дәстүрді жаңғырту мақсатында ұйымдастырылған. Біз жарамазан айту дәстүрін жаңғырта отырып, әннің береке-бірлікке үндеудегі мәнін ашып, жастардың шығармашылығы арқылы ежелден қалыптасқан салт-дәстүрге жаңаша леп бергіміз келді, – дейді орталықтың басшысы Бақтияр Спанов. 
Байқаудың нәтижесінде І орынды – Созақ, ІІ орынды – Сайрам аудандарының командасы, ал, ІІІ орынды Шымкент қалалық Мәдениет үйінің өнерпаздары иеленді. Сондай-ақ, Түлкібас ауданының жарамазаншылары «Үздік жарамазан жаршысы» номинациясымен, Арыс ауданы өнерпаздары «Көрермендер көзайымы» ынталандыру сыйлығымен марапатталды. Жиын барысында орталық директоры Бахтияр Әбілұлы мен қазылар алқасы қатысушыларға Алғыс хаттар мен сертификаттар табыстады.
 
Қойшылардан құралған «хор»
 
...Бала күнімізде шалғай даладағы төрт-бес сайдың түбінде бір-бір отар мәлішін бағып, төрт-бес үй шопандар отыратын. Сырт көзге бұйығы көрінгенімен, олардың да өз қызығы, өз дәурені бар еді. Әсіресе, кей кездері кешкі ас ішіліп, бала-шаға шуласып жұлдыз санай бастаған шақта дүбірлетіп төрт-бес салт атты жетіп келетін. Келе сап кең даланы бастарына көтеріп ұйқасы жоқ, бір шумағы бір шумағына ұқсамайтын әлдебір өлеңді жамыраса жөнелетін. Қырда жүрген кісіде қайбір оңған дауыс болсын, (консерваторияны бітірсе қой бағып жүрмес еді ғой) дегенмен, ақ тауық пен қызыл тауықтың қырмандағы бидайды шашып жатқанын түсінетін едік.
Шешей күйбеңдеп жерошаққа от тамызады. Әкей тонын сілкіп орнынан тұрады. Біз ол кезде жарамазанның не екенін білмейтінбіз. Әйтеуір үлкендердің әңгімесінен «Рамазан айында ораза ұстағандардың пендешілікпен жасаған күнәсі кешірілетінін, жарамазанды ата-бабамыз баяғыдан бері айтып келе жатқанын» там-тұмдап естіп қаламыз. Онда да ол заманда діни тақырыптағы әңгімелер там-тұм айтылады да, күнделікті күйбең тірлік көбірек сөз болады. 
Бертін келе, ес жинадық дегенде өзіміз де үй аралап біраз итті шулаттық. Бірақ, ол кездегі түсінігіміз «Аманның үйі отыз тиын бередіден» аспады. Кейінірек білдік, жарамазан бабадан балаға мұраға қалған фольклорлық жанр екен. Ол жайында Мәшһүр-Жүсіп Көпейұлы, Ахмет Байтұрсынов, Халел Досмұхамбетов, Мұхтар Әуезов, Сәкен Сейфуллин, Әуелбек Қоңыратбаев, Бейсенбай Кенжебаев секілді алыптарымыз да ой қозғапты. Бұл жыр қырмандағы тауықтар туралы емес, «Кірсін дәулет, шықсын бейнет», «Бай үйіне берекет, қаша берсін бәлекет», «Кірсін дәулет есіктен, шықсын бейнет тесіктен» деп жақсылық тілейтін, үй иесінің үлгілі қасиеттерін мадақтап, адамдарды ізгілікке шақыратын, соңында ұлағатты бата беретін ғажап ғұрып екен. 
 
Қадірі қашқан құндылық
 
Бірақ, соңғы уақытта автобустарда, көшеде, қоғамдық орындар мен дәмханаларда жарамазан айтып, шұбырып, шулап жүрген балаларды жақтырмайтын болдық. «Осы балалардың ата-анасын тауып айыппұл салу керек» деген пікірлер де айтылып қалатын болды. Тіпті, жарамазаншыларды тіленшілермен тең көретін күйге жеткендейміз. Көз алдыңа «Kaspi Gold» нөмірін тосып, жарамазанды жөн-жоралғысымен емес, тиын-тебен табу үшін көше-кафелерді кезіп, шошаңдатып жүретіндер тіпті ығыр қылды. Жауһар жырдың неге соншалықты құны түсіп кетті? Халық поэзиясының жарамазан айту жоралғысын өз биігіне көтеретін уақыт жеткен жоқ па?
Түркістан облысын Асқар Мырзахметов басқарып тұрған жылдары «Республикада (!) мемлекеттік тұрғыда салт-дәстүрге байланысты институт ретінде арнайы жұмыс істеп тұрған орын жоқ» деп мәселе көтеріп, соның негізінде 2014 жылы  Шымкент қаласында Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы ашылды. Ол орталықта рухани дүниелердің жүйелі базасы жасақталды. Бүгінде осы мекеме ұлттық құндылықты насихаттап, ұлтымыздың мұрасын жинайтын, салт-дәстүр, әдет-ғұрыптарымызға байланысты жан-жақты ғылыми-зерттеу және әдістемелік жұмыстар жүргізетін бірден-бір ордаға айналды. «Саятшылық», «Беташар», «Сүйінші сұрау», «Бесікке салу», «Балаға ат қою», «Тұсаукесер», «Жақсының орнына аунату», «Ашамайға мінгізу», «Тілеу көже», «Қызды оң босағаға отырғызу», «Құлақ тесу», «Бұрым өру», «Көрісу» секілді ұмыт болып бара жатқан көне дәстүрлеріміз бен «Шекемтас», «Ақшамшық», «Асық ату», «Садақ ату», «Соқыр теке», «Арқан тарту», «Ләңгі тебу», «Шекемтас» секілді ұлттық ойындарымыз осы орталық қызметкерлерінің арқасында қайта жаңғырды. Жастарға жент, майсөк, құрт, ақ және қызыл ірімшік секілді ұлттық тағамдарымызды қалай дайындау керектігін де осы орталықтың қызметкерлері үйретті. Жүн түту, ұршық иіру, алаша, басқұр, кілем тоқу өнерін де осы орталықтан тамашалайсыз. Бір қарағанға асыл қазынамыздың қайта жаңғырып, жалпыхалықтық сипат алуына көп күш-жігер жұмсалып жатыр. Әйткенмен, нәтижесі әзірге білінбейді. Неге олай? Қаракөз қыздарымыз «қыздардың дамуына психологиялық және әлеуметтік жағдай жасайтын», «қыз балалардың жеке тұлғасын қалыптастырып, шығармашылық және интеллектуалдық потенциалдарын дамытатын», «жасөспірімдердің психологиялық сауаттылығын арттыратын», «нәзікжандыларға бизнес-жоспар құруды үйрететін», «гендерлік теңдікке қол жеткізетін» семинарлар мен тренингтерден босамайды. Қала берді, Instagram, TikTok, Facebook секілді әлеуметтік желілерден «байлыққа жеткізетін» коучтардың ақылын тыңдайды. Бойжеткендердің желідегі күмәнді кеңесті тыңдағанша салт-дәстүр орталығында бір сағат жент дайындауды үйренгені, үйреніп отырып ақ жаулықты әжелердің ақылын тыңдағаны пайдалы емес пе?! Көрпе көктей алмайтын бикештер ою ойып, алаша тоқуды тегін үйретіп жатқан жерге неге бармайды?..

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Бүгін таңертемен спорт сүйер көпшілік қаламыздың мақтанышы “Дендросаябаққа” жиналды. Онда Қазақстан халықтарының бірлігі күніне орай жаппай жүгіру...

«Интер Майами» добился крупной победы и лидирует в МЛС. Нью-Ингленд Революшн — Интер 1:4 Через неделю «Интер Майами» ждет первое в нынешнем сезоне испытание повышенной...