Жастарға психологиялық көмек көрсету мен өзіне деген сенімін арттыру мақсатында Жастар ресурстық орталығының психологтары білім беру мекемелерінде түрлі кездесулер ұйымдастыруда.
Кезекті кездесу Болашақ колледжінің жастары арасында өтті. Оған тәжірибелі психолог, гештальт-терапевт Асанова Салтанат және «Alem» мектебінің директоры, психолог Боранбек Алтынбек сондай-ақ, психолог, арт-терапевт- Гүльшаһар Молдағалиқызы қатысты.
Сарапшылар жастармен жағымсыз ой-пікірлерден арылу мен өзін-өзі тәрбиелеуге үйрету жөнінде кеңестермен бөлісіп, тақырып аясында түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар мамандар кез-келген уақытта қолдау көрсетуге дайын екенін жеткізіп, уақытша дүниелерге алданбауға шақырды.
Сондай-ақ, жастар ресурстық орталығы «Аутодеструктивті мінез-құлықтың өзіндік психологиялық ерекшеліктері және құқықбұзушылықтың алдын алу» тақырыбында Жол көлік колледжінің жастары арасында семинар ұйымдастырды.
Жастар мен жасөспірімдер арасында аутодеструктивті мінез-құлықтың алдын алу және жағымды психологиялық ахуал қалыптастыру мақсатында өткен кездесуге Тұран ауданы кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторы Малдыбаев Нұржігіт пен «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің психологы Әбдразақ Әсел қатысты.
Спикерлер түрлі мінез-құлықтардан арылу мен онымен күрес жөнінде түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Ал, құқық қорғау өкілі өз-өзіне қол жұмсауға дейінгі жеткізетін жайттардың да қылмыс болып табылатынына тоқталып, заң аясынан тыс әрекет жасамауға шақырды.
Сонымен қатар, Индустриалды-техникалық колледжінде өткен кездесуге Шымкент қаласының «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі Қалдар Жұмабайқызы және «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің инспекторы Әлім Арайлым қатысты.
Спикер отбасы құндылықтарына тоқталып, жасөспірімдер арасындағы ерте жүктіліктің қауіп-қатерімен бөлісті. Кездесуде шалыс басып, өткеніне өкінішпен қарайтын қыздардың ғұмырын алға тарта отырып, мысалдар келтірді. Сонымен қатар, «Ана үйі» қоғамдық қорының үйлестірушісі мекеменің жұмысымен таныстырды.