БАСПАНА – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ

БАСПАНА – ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕ
Елімізде тұрғын үй өзекті мәселелердің бірі болып қала береді, деп хабарлады Шымкент келбеті. Баспаналы болғысы келетін көптеген қазақстандықтың үміті мемлекеттік жеңілдетілген бағдарламалар. Елімізде баспананы қолжетімді ету – Үкімет пен жергілікті әкімдік тарапынан жүзеге асырылып жатқан басты стратегиялық жоспарлардың бірі.
Осы орайда Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысының міндетін атқарушы Азат Исламов Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында тұрғын үй қатынасы саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру жөніндегі атқарылған жұмыс пен жоспарлары туралы бөлісті.
Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй кезегінде бүгінгі таңда 51015 азамат тіркелген. Олардың ішінде жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар санаты бойынша – 1915, көпбалалы отбасылар – 13982, халықтың әлеу­меттік жағынан әлсіз тобы – 17 702, мемлекеттік қызметшілер, бюджеттік ұйым және әскери қызметшілер – 17381, жалғыз тұрғын үйі апатты жағдайда деп танылған азаматтар 22 адамды құрайды.
2023 жылы жалпы саны 1 687 азаматты сатып алу құқығынсыз арендалық пәтермен қамтамасыз ету көзделіп, 1407 азамат арендалық тұрғын үймен қамтылды. Оның ішінде 888 жалдамалы баспана жұмыс істеп жүрген жастарға, 122 пәтер жетім балаларға, 131 пәтер көпбалалы отбасыларға, 160 пәтер халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз тобына пайдалануға берілді. Қалған 280 пәтердің 96 пәтері биыл беріліп, 184 пәтерде алдағы уақытта қоныс тойы тойланады деп күтілуде.
– Қазіргі таңда арендалық тұрғын үйлерді белгіленген тәртіппен кезек арқылы көпбалалы отбасыларға, халықтың әлеуметтік жағынан әлсіз топтарына және жұмыс істейтін жастарға беру қарастырылуда. Ашықтықты қамтамасыз ету мақсатында кезекте тұрғандардың бірыңғай республикалық электрондық дерекқорының сервисі қолданылады, – дейді Шымкент қаласының тұрғын үй басқармасы басшысының міндетін атқарушы Азат Рахымбердіұлы.
Бұдан бөлек 150 отбасы «Қамқор» өңірлік бағдарламасы арқылы несиелендірілді. Биыл бұл бағдарлама арқылы үйлі болатындардың саны артады. Ол үшін жергілікті бюджеттен 5 млрд. теңге және «Отбасы банк» АҚ-нан 3 млрд. теңге бөлініп, 400-ден кем емес отбасыны несиелендіру көзделген. Несиенің ең жоғары мөлшерлемесі 20 млн. теңгеге дейін, пайыздық мөлшерлеме – 6%, бастапқы жарна 10%-дан кем емес, несиенің максималды мерзімі 25 жылға дейін болмақ. Тұрғын үйді бастапқы нарықтан ғана алу мүмкіндігі қаралған.
2024 жылға 200 млн теңгеге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланған. Бағдарлама бойынша осы жылдың 22 қаңтарынан бастап құжат қабылдау басталып, бүгінгі таңда 215 азаматқа 197,7 млн. теңгеге тұрғын үй сертификаттары берілді.
– Талаптарға сәйкес, өтініш берушіде және онымен бірге тұратын отбасының әрбір мүшесіне заңнамада белгіленген айына ең төменгі күнкөріс деңгейінің 3,1 көрсеткішінен аспайтын, соңғы 6 айда орташа табысы 134 562 теңгеден аспауы тиіс. Зейнетақы аударымдары, жеке табыс салығы және өзге де міндетті аударымдары қосылмайды. 2023 жылы осындай сертификатты 148 азаматқа бергенбіз, – дейді Азат Рахымбердіұлы.
Шымкент қаласы бойынша 2024 жылы 2430 отбасының тұрғын үй жалдау ақысының 50 пайызы мемлекет тарапынан төленіп, субсидиялануда. Тұрғын үй жалдау төлемдерін субсидиялау бағдарламасына тұрғын үй кезегінде тұрған І және ІІ топ мүгедектігі бар азаматтар, мүгедектігі бар балаларды асыраушы отбасылар, жетім және ата-анасының қамқорлығынан айырылған балалар, көпбалалы отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады. Төлем тәртібі бойынша ай сайын мониторинг жүргізіліп, субсидия алушылардың бағдарлама талаптарына сәйкестігі тексеріледі. 2023 жылы тексеру жұмыстарының нәтижесінде 500-ге жуық азаматтың тұрғын үйді жалдау ақысының субсидиясы тоқтатылған.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-Министр Казахстана Олжас Бектенов провел оперативное совещание по паводковой ситуации на западе страны, где продолжительное время ведется...