Бұл акцияға қала аумағын абаттандыруды белсенді бастаған Шымкент тұрғындарымен бірге ассамблея мүшелері де ерекше қолдау көрсетті.
#TazaShym экологиялық акциясының аясында "Қазақстан - Түркия достығы" саябағында өткен іс-шараға қала тұрғындары, қоғам белсенділері, ассамблея мүшелері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды жинау, көгалдандыру, ағаштарды күту бойынша жұмыстар жүргізуде.
Акцияға қатысушылар саябақтағы қоқыстарды тазалап, шөп ору, ағаштарды әктеу, кесу жұмыстарын жүргізді. Бұдан басқа, шағын аудандардың аулаларын, қоқыс жәшіктерін тазалау, орындықтарды, балалар алаңдары мен спорт алаңшаларын ретке келтіру жұмыстары жүргізілді.
Тазалық жұмыстарына 1200-дан астам адам қатысып, 17 арнайы техника жұмылдырылды, барлық аяқ жолдар тазаланып, 56 м3 қоқыс шығарылды, 14 шақырым ирригациялық жүйелер тазаланды.
Іс-шараға армян этно-бірлестігінің өкілі Н. Мавсосиян, белсенді жас А. Сұлтан және Шымкент қалалық мәслихатының депутаты Д.Қожамжарова және басқа да қала тұрғындары қатысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасына орай «Таза Қазақстан» республикалық акциясы аясында Шымкент қаласының жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері тазалық жұмыстарын жүргізді.
Атап айтар болсақ «Мирас» және «Орталық Азия Инновациялық» университеттері мен Политехникалық колледж жастары өз оқу орындарының алаңын тазалады.
160-қа жуық студент оқу алаңдарын сыпырып, гүлдер мен ағаштардың түптерін қопсытып, жиналған қоқыс қалдықтарынан тазартты.
Нәтижесінде, аталған 3 оқу орында 50 кг көлемінде түрлі қоқыс қалдықтары шығарылды.
Айта кету керек, 8 сәуір күні республика бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар. Бүгінгі апта « Таза өлке» деп аталады. Бұл күні тұрғындар мен кәсіпорындар, оқу орындары, түрлі мекемелер өз үйлері мен ғимарат аумақтарында тазалық жұмыстарын жүргізеді.
Бүгін тазалық жұмыстарын атқарған студент-жастар алдағы уақытта да тазалық жұмыстарына белсене қатысып, өз өлкесінің тазалығын сақтауға араласатындықтарын білдірді. Жастардың айтуынша тазалық бір күндік жұмыс емес, сондықтан да қоршаған ортаның үнемі таза болуына әрбір тұрғын өзін жауапты сезінсе қаламызда тазалық сақталады дейді.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұйымдастыру бойынша арнайы жиын өткізген болатын. Онда қала аумағында тазалық шараларын тиімді ұйымдастырудың тетіктері қарастырылып, өзекті мәселелер пысықталған.
Республикалық экологиялық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Акция аясындағы атаулы 5 аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды, аулаларды тазартады. «Киелі мекен» шарасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады.
Қала әкімі жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тартуда нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы шаралардың тұрғындар жауапкершілігін арттырып, қала тазалығын жақсартуда маңызы зор.