Елімізде 2019 жылы Қытай-Қазақстан өндірістік қуаты ынтымақтастығының алғашқы маңызды инвестициялық жобаларының бірі «Гежуба Шиелі Цемент» жобасы іске қосылған болатын. Жобаның күндік өндіріс қуаты 2500 тонна клинкерлі цемент өндіру желісі болып табылады, деп хабарлайды no-comment.kz ақпарат агенттігі.
23 сәуірде «Гежуба Цемент» Қытайдағы бас компаниясының басшысы Ян Дан, халықаралық істер бөлімінің басшысы Го Гуйлон, бас маманы Лин Ванли және «Компания Гежуба Шиелі Цемент» ЖШС бас басқарушының орынбасары Фу Мин, кадр бөлімінің жұмысшысы Сәуле Құлжабекқызы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетіне іс-сапармен келді.
Кездесудің мақсаты – Әуезов университеті мен аталған кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықты тереңдету, техникалық және білікті мамандарды даярлауды күшейту және цемент өндіру технологиясын жетілдіру мәселелерін талқылау.
Өндіріс орнының өкілдері университеттің «Силикаттар технологиялары және металлургия» кафедрасының материалдық-техникалық базасымен танысып, мамандармен жүздесті. Содан соң «6В07101 - Керамика, шыны және тұтастырғыштардың материалтануы мен сараптамасы», «6В07190 - Балқуы қиын бейметалл және силикатты материалдардың химиялық технологиясы» білім беру бағдарламалары студенттерімен кездесу өткізді.
Бұл кездесу білім мен тәжірибе алмасуға ықпал ете отырып, жоғары оқу орны мен өнеркәсіптік кәсіпорын арасындағы ынтымақтастықтың жаңа көкжиектеріне жол ашты. Студенттер нақты өндірістік процестерге сүңгуге және сала сарапшыларымен өзекті мәселелерді талқылауға бірегей мүмкіндік алды. Мұндай кездесулер студенттердің кәсіби өсуіне ықпал етіп қана қоймай, кәсіпорындарға инновацияларды тиімді енгізуге және технологиялық процестерді жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл тәжірибе білім мен өнеркәсіп арасындағы ынтымақтастық экономиканы дамыту және нарықтың заманауи талаптарына жауап беретін кадрларды даярлау үшін маңызды екенін көрсетеді.