Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында туризмді дамыту мәселелері қаралды. Өткен жылғы қыркүйектегі Президенттің халыққа арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларын жүзеге асыру бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев, сондай-ақ бұқаралық туризмді дамыту мен инвесторларды тартудың әлеуеті жоғары бірқатар өңірдің басшылары баяндама жасады, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Өткен жылдың қорытындысы бойынша туризм саласы негізгі көрсеткіштер бойынша тарихи ең жоғары деңгейге жетті. Қазақстанға 9,2 млн шетелдік келді, сондай-ақ отандық туристер саны 9,6 млн адамнан асты. Орналастыру орындары туристерге 230 млрд теңгенің қызметі көрсетіліп, қазына 450 млрд теңге салық түсімімен толықты. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі өткен жылы 53%-ға артып, 787 млрд теңгені құрады. Биыл бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша салаға салынған инвестиция 3 есеге өсіп, 177 млрд теңгеге жетті.
Сонымен қатар Олжас Бектенов инвестициялар тарту деңгейінің төмендеуі тіркелген, туристік әлеуеті толық іске асырылмаған бірқатар өңірді атап өтті. Бұл – Атырау, Қарағанды, Павлодар, Ақмола, Батыс Қазақстан және Жетісу облыстары. Олардың әкімдеріне инфрақұрылым мәселелерін кешенді түрде шешіп, қызмет көрсету сапасын түбегейлі жақсарту тапсырылды.
Бүгінгі таңда 82 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады, 29 елге 108 бағыт бойынша халықаралық әуе қатынасы жүзеге асырылады.
Алайда туристер ыңғайсыз демалыс орындары мен ондағы санитариялық талаптарға сай келмейтін қолайсыз жағдайларға мойынсұнуға мәжбүр. Сонымен қатар нарықта бәсекенің болмауы қызмет көрсету бағасының қымбаттауына алып келеді. Бәсеке жоқ жерде, сервис сапасы да ақсай беретіні анық.
Мұндай тәсілдер өзгермейінше, сыртқы туризм кеңінен танымал болып қала береді. Бұл ретте, Қазақстанның табиғаты мен әсем жерлері елімізде экологиялық, мәдени, зиярат ету және емдік-сауықтыру туризмін дамытуға зор мүмкіндік береді.
Сондай-ақ Үкімет отырысында «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы Райымбек Баталов пен Orient Finance Group компаниялар тобының өкілі Руслан Шаекин сөз сөйледі. Туризм инфрақұрылымын одан әрі дамыту және сервисті жақсарту мақсатындағы мемлекет пен бизнестің өзара іс-қимыл тетіктеріне назар аударылды.
Премьер-Министр мемлекет тарапынан туристік аймақтарда инфрақұрылым қамтамасыз етіліп, инвесторлар үшін қолайлы жағдай жасалатынын атап өтті. Өз кезегінде бизнес тарапы туристік аумақтарды ұқыпты пайдалануды және қолайлы бағамен сапалы қызмет көрсетуді қамтамасыз етуі керек. Бұл әуе және теміржол билеттерінің бағасына да қатысты. Шағын азаматтық авиация мүмкіндіктерін де туризмді дамытуға пайдалануға болады.
«Ол үшін Көлік министрлігі инфрақұрылымды қайта қарап, әлеуетті инвесторларды тарту үшін тиісті жағдай жасауы тиіс. Сонымен қатар қауіпсіздік мәселелерін пысықтап, көршілес елдермен қатар алыс шетелдердің де тәжірибесін зерттеп көру қажет. Елімізде табиғи туристік аймақтар шалғай орналасқан, сондықтан шағын авиацияны дамыту өте өзекті болып табылады. Кішігірім ұшақтар мен тікұшақтарға бетон жолақтар қажет емес, шағын инфрақұрылым салса жетіп жатыр. Бұл біздің табиғи және тарихи аймақтарымыздың әлеуетін арттырып, турлардың жаңа пулын қалыптастыруға ықпал етеді», — деді Премьер-Министр.
Мәселені қарау қорытындысы бойынша Олжас Бектенов бірқатар тапсырма берді. Атап айтқанда, Көлік, Туризм және спорт министрліктері мен әкімдіктерге демалыс аймақтарындағы инфрақұрылым жобаларының аяқталуын қамтамасыз ету, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» қорымен бірлесіп, пойыздар санын көбейтіп, авиабилеттерге баға белгілеу мәселесін шешу тапсырылды.
Бұған қоса, Туризм және спорт министрлігіне өңір әкімдіктерімен бірлесіп, агро және экотуризмді дамыту мақсатында жаңа жобалар әзірлеу қажет. Сонымен қатар әкімдіктер жаңа дестинация орындары мен туристерді тарту мәселесін пысықтауы тиіс. Сондай-ақ Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірге туристік нысандардың жазғы маусымға дайындығын қамтамасыз етіп, саяхаттаушылардың қауіпсіздігі шараларын қабылдауы қажет. Өңір әкімдері туризм саласын дамыту мәселесін тікелей бақылауға алады.