Қасым-Жомарт Тоқаевқа еліміздегі криминогендік ахуал туралы мәлімет берілді, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Ақордаға сілтеме жасап.
Ұсынылған ақпаратқа сәйкес жыл басынан бері қылмыс деңгейі төмендеген. Ұрлық, тонау, қарақшылық, бұзақылық, сондай-ақ тұрмыстық зорлық-зомбылық, мас күйінде және көшелерде жасалатын құқық бұзушылықтардың саны айтарлықтай азайған.
Министр қылмыскерлерді іздестіру жұмысының нәтижесі туралы да баяндады. Атап айтқанда, жыл басынан бері 782 адам, оның ішінде 79 азамат шетелде ұсталды. Іздеуде жүрген 16 адам елге экстрадицияланды.
Президентке адам көп жиналатын жерлерде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде ақпарат берілді. Террористік әрекет тұрғысынан алғанда осал екі мыңнан астам нысан, соның ішінде мектептер, жоғары оқу орындары, сауда және ойын-сауық орталықтары, концерт залдары мен басқа да тарихи-мәдени ғимараттар тексерілді.
Сонымен қатар Ержан Саденов көші-қон ісін бақылау жұмыстары жайында есеп берді. Жыл басынан бері елімізге 4,2 миллион шетел азаматы келіп, оның 4 миллионға жуығы шекарадан кері шыққан. Олардың 90 пайызы – ТМД азаматтары.
Мемлекет басшысына ұйымдасқан, кибер және есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл жөніндегі, сондай-ақ құқық бұзушылықтардың, оның ішінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, су тасқыны салдарын жою, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, кезектен тыс аттестациялау бағыттарындағы тапсырмаларының орындалу барысы таныстырылды.
Бұдан бөлек, министр көшелердегі қауіпсіздік деңгейін арттыру және құқық бұзушылықтарға мүлде төзбеушілік қағидатын қамтамасыз ету үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев еліміздегі құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздік деңгейін одан әрі арттыру жөнінде бірқатар тапсырма берді.