Бүгін Түркістанда қазақ балалар жазушысы Бердібек Соқпақбаевтың туғанына 100 жыл толуына орай облыстық «Балалық шаққа саяхат» балалар фестивалі өтті, деп хабарлайды no-comment.kz ақпарат агенттігі.
Байқауды облыстық мәдениет және туризм басқармасы басшысының орынбасары Ержан Исатаев ашып беріп, жас өрендерге сәттілік тіледі.
Екі бағытта өткен сайыса өңірдің барлық аудан, қаласынан келген шығармашыл балалар мен жасөспірімдер бақ сынады. Біріншісі балалар арасында көркем сөз оқу болса, екіншісі театралды қойылымдар. Негізгі мақсаты – облыстың дарынды балалары мен жасөспірімдерін өнерге ынталандыру, олардың шығармашылығын дамытуға мүмкіндік беру, ұрпақ санасына ұлттық рухты сіңіріп, таным көкжиегін байыту.
Қазылар алқасы үміткердің сахна мәдениетіне, дыбыс тазалығына, орындаушылық шеберлігі мен сахналық киіміне және тағы басқа да қырларына баса назар аударды. Байқауда көркем сөз оқу жанры бойынша Облыстық мәдениет және халық шығармашылық орталығының көркемдік жетекші Асылхан Темірхан, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Қанат Садықбеков, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-дің аға оқытушысы, «Сахна тілі» маманы Салтанат Қырқынбекова төрелік етті. Ал театралды қойылым жанры бойынша Мәдениет саласының үздігі, «Сахна тілі» маманы Ұлбосын Кулетова, Райымбек Сейтметов атындағы сазды-драма театрының актері Нұржан Ізтаев, Облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров төрелік етті.
Әділ қазылар шешімімен көркем сөз оқу жанры бойынша бас жүлде Шардара ауданынан Ділдәбек Асылбекке бұйырды. Ал жүлделі I орын иегері Арыс қаласынан Абдрахман Ерсін, жүлделі ІІ орын иегері – Түлкібас ауданынан Сыпатай Толғанай мен Ордабасы ауданынан Демеуов Нұрдәулет атанды. Жүлделі III орын Созақ ауданынан Досхан Ахметке, Бәйдібек ауданынан Үсен Балхадишаға және Түркістан қаласынан Сымайылова Шадиянаға бұйырды.
Ал театралды қойылым жанры бойынша Ордабасы ауданынан «Жас толқын» балалар тобы «Сұлулық патшалығы» қойылымын сомдап, бас жүлдені қанжығасына байлады. Жүлделі I орын «Таңдау» қойылымын сомдаған Сауран ауданының «Кемел» балалар театрына бұйырды. Жүлделі II орынды иеленген Ордабасы ауданы «Жас толқын» балалар театрының «Сәулелі сезім» қойылымы және Түркістан қаласы «АКА» шығармашылық орталығының жас таланттары сомдаған «Жамбо, Мико және қасқыр» қойылымы болды. Сарыағаш ауданы, «Сөз» балалар үйірмесінің «Менің атым Қожа» көрінісі, Түркістан қаласы «Келешек» балалар театрының «Жеті ойыншықтың жеңісі» қойылымы және Отырар ауданы «Көксарай» балалар театрының «Ертегілер елінде» қойылымы жүлделі III орынды иеленді.
Айта кетейік, байқауды облысытық мәдениет және туризм басқармасының қолдауымен, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығы ұйымдастырған.