Нұрлан Әбдіров Үндістан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысты

Нұрлан Әбдіров Үндістан Республикасындағы сайлауды байқауға қатысты

4-8 мамыр аралығында Үндістан Республикасы Сайлау комиссиясының шақыруы бойынша ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров Үндістанның Халық өкілдер палатасына (Лок Сабха) сайлаудың үшінші кезеңін халықаралық байқауға қатысты, деп хабарлайды no-comment.kz ақпарат агенттігі.
Осы кезеңде сайлаушылар тізіміне елдің 172,4 млн. азаматы енгізілді. Дауыс беру 11 штат пен одақтас аумақтардағы 93 сайлау округінде, соның ішінде Ассам, Бихар, Гоа, Гуджарат, Батыс Бенгалия, Карнатака, Мадхья-Прадеш, Махараштра, Уттар-Прадеш, Чхаттисгарх штаттарында өтті.
Үндістан парламентінің төменгі палатасына сайлауды байқауға 23 елден 70-тен астам сайлау органдарының өкілдері, соның ішінде Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Бутан, Австралия, Моңғолия, Ресей, Непал, Камбоджа, Молдова, Грузия, Африка елдері, сондай-ақ Халықаралық сайлау жүйелері қорының өкілдері қатысты. Үндістандағы сайлауды халықаралық байқауға Қазақстан ОСК алғаш рет қатысты.
5 мамырда ҚР ОСК Төрағасы Үндістан Сайлау комиссиясының брифингіне қатысты, онда Үндістан Сайлау комиссиясының Бас комиссары Раджив Кумар мырза сайлауға дайындық және өткізу барысы, сайлау комиссияларының жұмысы және халықты ақпараттандыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы, сондай-ақ Үндістанның сайлау жүйесінің, оның ішінде электрондық дауыс беру жүйесінің (EVM - Electronic Voting Machine) ерекшеліктері туралы хабардар етті.
Раджив Кумар мырза сайлаушыларды барынша қамту үшін қатынасу қиын өңірлеріне электрондық дауыс беру жүйелері атпен және пілмен тасымалданатынын атап өтті. Дауыс беру кабиналары тек су көлігімен жеткізілетін жекелеген аудандар бар. Дауыс беру кабинасы бар ең биік нүкте Үндістанда орналасқан, ол Гималайда шамамен 4,6 мың метр биіктікте орналасқан. Үндістанның Сайлау комиссиясының басшысы осы сайлау науқанының барысында 1 млрд. жуық азамат дауыс бере алатын теңдессіз ауқымы, оның бүкіл ел аумағында бір мезгілде ұйымдастырылуында қиындықтар туғызғанын атап өтті. Осыған байланысты дауыс беруді кезең-кезеңімен өткізу туралы шешім қабылданды. Осылайша, Парламенттің төменгі палатасының 543 депутатын сайлау үшін дауыс беру 28 штатта және сегіз федералды аумақта жеті кезеңде өтеді. Биылғы сайлау сәуір, мамыр, маусым айларында өтуде. Сайлаушылар саны 976 млн адамды құрайды. Дауыс беруге арналған пункттер саны 1 млн-нан асады (Үндістан заңнамасына сәйкес дауыс беруге арналған пункт әрбір сайлаушының үйінен 2 км-ден аспайтын қашықтықта болуы тиіс). Дауыстарды санау сайлаудың барлық кезеңдері аяқталғаннан кейін бір күнде жүзеге асырылады. Сайлаудың ұзақтығы рәсімнің ашықтығын қамтамасыз ету және елдің шалғай аудандарында адамдарға дауыс беруге мүмкіндік беру қажеттілігімен байланысты.
Брифинг аясында Бутан және Зимбабве мемлекеттерінің орталық сайлау комиссияларының төрағаларымен кездесулер өтті.
Сол күні Нұрлан Әбдіровтің Раджив Кумар мырзамен екіжақты кездесуі өтті. Кездесу барысында екі елдің сайлау жүйелерін дамытудың және сайлау процесінде заманауи ақпараттық технологияларды қолданудың өзекті трендтері талқыланды. ҚР ОСК басшысы үнділік әріптесін Қазақстанның сайлау жүйесінің ерекшеліктері туралы хабардар етті, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашылық еткен және 2022 жылғы 5 маусымда өткен республикалық референдумда жалпыхалықтық қолдау тапқан конституциялық реформа аясында сайлау заңнамасын сапалы жаңартуға егжей-тегжейлі тоқталды.
Ол сондай-ақ әріптесіне өте мазмұнды әңгіме үшін алғысын айтып, сайлауды халықаралық байқауға қатысуға шақырғаны үшін ризашылығын білдірді. Нұрлан Әбдіров әріптесіне ҚР ОСК бастамасымен жарияланған еліміздің сайлау жүйесін дамыту туралы «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасы сайлау жүйесін трансформациялау» атты монографиясын және 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинағын (ағылшын тілінде) табыс етті.
Кездесу шеңберінде Қазақстан мен Үндістанның сайлау органдарының басшылары екі елдің орталық сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту және сайлау науқандарын ұйымдастыру мен өткізу тәжірибесін өзара зерделеу жөніндегі нақты қадамдар туралы уағдаласты.
Әлеуетті арттыру және тиімдірек ынтымақтастық мақсатында жақында Қазақстан мен Үндістанның орталық сайлау органдары арасындағы Өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
6 мамырда ҚР ОСК делегациясы сайлау учаскелерін материалдық-техникалық қолдауды, сайлау комиссияларының мүшелеріне электрондық дауыс беруге арналған аппараттарды түгендеуді, беруді және қабылдауды жүзеге асыратын Райгад ауданының (Махараштра штаты) диспетчерлік-қабылдау орталығына барды. Қазақстандықтарға электрондық дауыс беру аппараттарының жұмыс істеу ерекшеліктері көрсетілді. Бұл құрылғылар Үндістанда жасалған және шығарылған, олар бірнеше рет қайта пайдалануға арналған, дауыс беру кезінде де, тасымалдау кезінде де сенімділіктің жоғары деңгейімен ерекшеленеді. Ең бастысы, дауыс беру туралы қорытынды деректердің сақталуын қамтамасыз етеді. Электрондық дауыс беру құрылғылары электр желілеріне қосылуды қажет етпейді (қарапайым батареяларды пайдаланса жеткілікті). Олар шағын чемодандарда оңай тасымалданады және арнайы бөлмелерде өтетін барлық дауыстарды бір уақытта жылдам санауды қамтамасыз етеді.
Содан кейін делегация Дауыстарды санау орталығының және дауыс беру аяқталғаннан кейін округтің барлық учаскелерінен электрондық дауыс беру машиналары мен құжаттама жеткізілетін қойманың жұмысымен танысты. Орталық 3 деңгейлі полиция күзетімен және дауыстарды санау күніне дейін толық бейнебақылаумен (2024 жылғы 4 маусым) қамтамасыз етілген.
7 мамырда дауыс беру күні ҚР ОСК Төрағасы бастаған қазақстандық делегация сайлау учаскелерінің ашылуына дайындық жұмыстарын және саяси партиялардың байқаушыларының қатысуымен сайлау учаскесінің жұмысы басталғанға дейін өткізілетін тестілік дауыс берудің ұйымдастыруылуын қадағалады.
Байқау барысында Нұрлан Әбдіров Алибаг (№175, 181, 182, 184, 191, 192), Кандалепада (№144, 145, 152, 153), Рамвади (№129, 130, 134, 135), Харпада (№2, 3) қалаларының 16 сайлау учаскесіне барды. Әдетте, дауыс беру учаскелері мектептерде орналасқан. Әр учаскеде бір электронды дауыс беру машинасы және бір жасырын дауыс беру кабинасы бар. Дауыс беру сағат 7:00-ден 18:00-ге дейін, бірақ ыстық климатқа байланысты сайлаушылар белсендірек түрде сағат 11.00-ге дейін немесе 16:00-ден кейін дауыс береді.
Сайлау учаскелерінде мүгедектігі бар адамдарға ерекше көңіл бөлінеді, сайлаушыларға ыңғайлы болу үшін барлық сайлау учаскелері ғимараттардың бірінші қабатында орналасқан. Азаматтардың сайлауға деген қызығушылығын арттыру үшін кейбір учаскелерде сайлау комиссияларының құрамына тек мүгедектігі бар адамдар, әйелдер немесе жастар қатысады.
Дауыс берудің бір реттілігіне қосымша бақылауды қамтамасыз ету мақсатында әрбір дауыс берген сайлаушының саусағына арнайы сиямен белгі қойылады, ол бір ай бойы кетпейді.
Барлық сайлау учаскелерінде сайлау комиссияларының мүшелерімен бірге саяси партиялардың байқаушылары қатысады, міндетті түрде медициналық мекемелердің қызметкерлері кезекшілік етеді.
Жалпы, Лок Сабхуға сайлаудың үшінші кезеңі заңнама мен дауыс беру тәртібін өрескел бұзушылықтарсыз өтті.
Айта кетейік, көптеген штаттарда әр кезең бір күнге созылады: біріншісі 19 сәуірде, ал соңғысы 1 маусымда өтеді. 450 миллионнан астам халқы бар, тығыз шоғырланған штаттарда дауыс беру бір аптаға дейін созылуы мүмкін. Төменгі палатаның 543 депутатын таңдау керек. Партиялардың бірінің жеңісі үшін мандаттардың кем дегенде 50%-ын (272 және одан да көп) алуы керек, содан кейін үкімет құрып, премьер-министрлікке өз кандидатын өткізе алады. Дауыс беру нәтижелері 4 маусымда жарияланатын болады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ