ХІІІ ғасырдағы Моңғол билігі тұсындағы Орта Азияның ақша шекімесін үш кезеңге бөліп қарастыруға болады. Алғашқы екі кезеңде (ХІІІ ғ. екінші және үшінші ширектері) бірнеше ақша сарайлары жұмыс істеді. Бұл кезеңге тән ақша түрлерінің қатарында алтын, күміс, күмістелген мыс дирхемдер мен мыс ақшалар болды. Алтын ақшалар Бұхара, Самарқан, Отырар, Ходженд, Алмалық сынды ақша сарайларында соғылып отырған.
ХХ ғасырдың орта тұсына дейін нумизмат-зерттеушілер Аббасидтер халифасы Наср лид-Дин Аллах есімі түсірілген ақшаларды халифа өмір сүрген уақытпен белгілеп, моңғол билеушілеріне дейін соғылған ақшалар қатарына қосып келген. Тек соңғы кездері ғана бұл ақшалардың моңғол билеушілері тұсында соғылғандығы анықталып отыр.
Орта Азияның Ортағасырлық нумизматикасын зерттеуші ғалым Е.А. Давидович моңғол ақшалары беттеріне ол кезде қайтыс болып кеткен ислам халифасының атын түсіру, бұл кезеңге дейін қалыптасқан үрдістерге құрметтен туындаған деп түсіндіреді.
Өлкемізде сол тұста соғылған алтын ақшалардан тұратын көмбені 2005 жылы Отырар ауданының жергілікті тұрғыны Арыс өзенінің бойында мал бағып жүріп, өзен суымен шайылып, құлаған сағасынан тауып алады. Көмбе кішігірім құмыраға салынып көмілген болатын. Тауып алушы көмбе жайлы ешқандай мәліметтер бермей, біршамасын музейлерге, біразын жеке адамдарға сатып жібереді. Сол себепті, көмбе құрамының неше тиыннан тұрғандығы, тек алтын динарлардан тұрды ма, әлде құрамында басқа құндылықтағы тиындардың болған-болмағандығы жайлы мәліметтер жоқ. Дәл сол жылдары бірнеше жеке тұлғалар «Әзірет Сұлтан» музей-қорығының қорына алтын динарларды сатып алуға ұсынады. Ұсынылған тиындар жайлы ешқандай мәлімет берілмеген. Сатып алуға ұсынылған динарларды зерттеу барысында олардың барлығы да ХІІІ ғасырдың басында Хорезмшах Мухаммад бин Текеш және ХІІІ орта тұсында моңғол билігі тұсында соғылған динарлар екендігі анықталды. Біздің сіздерге таныстырылымға ұсынып отырған, музей қорына КК 2659/1 номерімен тіркелген алтын динар да сол көмбе құрамындағы тиындар қатарынан болуы керек деген болжамымыз бар.
Динардың сипаттамасына келер болсақ, тиын шеңбер пішінді. ХІІІ ғ. орта тұсында Шағатай ұлысының ақша сарайларының бірінде шекімеленген. Соқпа ақауы салдарынан тиын жиектерінде орналасқан жазба бедерлерінің біраз бөлігі тиын шеңберіне түспей қалған. Тиын беттерінде екі шеңбер сызықтан түзілген картуш бедерлерінің қалдықтары сақталған.
Тиын жиектеріне түсіріліп отырған соғылған жылдық көрсеткіші мен ақша сарайы атауы жазбасының бедерлері жойылып кеткен.
Аверсінде шеңбер сызықтың сыртын бойлай жазылған жазбалардың көп бөлігі жойылып кеткендіктен жазба мазмұны толық анықталмады. Шеңбер сызық-картуш ішінде Ислам негіздерінің бірі «Калима» (ла илаха илла Аллах Мұхаммед расуль Аллах) және халифа Наср лид-Дин Аллах атауы жазбасының «Наср лид-Дин ... » деген бөлігі сақталған. Тиын алаңындағы жазбалар үстінде және астында өрнек-виньеткалар түскен.
Реверсінде: қосарлама шеңбер сызықтардан түзілген қоршама арасындағы жазба бедерлері түгелдей жойылып кеткен. Тиын алаңында ислам халифасы Наср лид-Дин Аллахтың аты мен атақ-лауазымы «Аль имамуль Аъзам ан-Наср лид-Дин Аллах амир-аль муъминун» түрінде берілген. Жазбаның 4 жағына өрнек виньеткалар түскен.
Т.Жолдасов - Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығының қор сақтаушы.