Иқан кіші шұраты (оазисі) Түркістан ауданы территориясындағы 7-ші (СБ-тан есептегенде) шұрат. Оның жалпы көлемі 1700 шаршы км-ді құрайды, бұл аймақтың 550 шаршы км-і таулы жерлер, ауыл шаруашылығына пайдалануға 300 шаршы км-і жарайды, ал қалған 350 шаршы км-і жайылымдық жерлер. Қалған жерлерді тау, тас, тұз, өзен бассейіндері, елді мекендер, жолдар т.б. басып жатыр. Бұл кіші шұрат ОШ-да Бәйдібек ауданы жерлерімен, СБ-да Шаға, ОБ-да Тамдыөзек кіші шұраттарымен шекаралас орналасқан.
Ең ірі су көздері Көкқиясай, Иқансу және Шылбырөзен, Кеңес дәуірінде Арыс – Түркістан каналы мен көптеген арықтар, су жүйелері салынды.
Кіші шұраттың СШ-тан ОБ-қа дейінгі ұзындығы 69 км, ал ені СБ-тан ОШ-қа дейін 25 км-ге жетеді.
Осы Иқан кіші шұратында тас, қола, ерте темір ғасырларының есепсіз ескерткіштерімен бірге ерте және кейінгі ежелгі дәуірдің тұсында (б.з.д. V ғ. – б.з. V ғ.) өмір сүрген ондаған қоныстар мен қалалар, ерте және дамыған ортағасырларға тән (V – XIV ғғ.) қала құрылысы ескерткіштері мен кейінгі ортағасырлар, жаңа заман тұстарындағы (XV – XVIII ғғ., XIX ғ.) үлкен қалалар, сәулет ескерткіштері орналасқан. Ең ежелгі дәуірге жататын Ақтөбе – Ибата қаласы мен кейінгі ортағасырлық Иқан қаласының өмір сүру кезеңдерін қоссақ 2300 жылдан асып кетеді. Олардың тарихын осы шұраттағы Майбалық, Жаңа асар, Ибадулла ата, Дәуленбай төбе, Жүсіп ата қонысы тарихтарынсыз қозғау мүмкін емес.
Адамзат бұл аймақты б.з.д. 500 мыңыншы жылдардан бері қоныс етіп келеді, оған Дәуленбай төбенің маңына жақын Шоқтас елді мекеніндегі ерте палеолит заманының тұрақтары дәлел. Онан соңғы тас ғасырының кейінгі кезеңіндегі ескерткіштер, қола, ерте темір дәуірі қорымдарын, қоныстарын іздеп тауып зерттеу алда тұрған мақсаттың бірі. Біздің алға қойған мақсатымыз Иқан кіші шұратындағы қала құрылысы ескерткіштері, яғни, отырықшылық мәдениетінің орнауы мен егіншіліктің дамуы тұсында өмірге келген қоныстар мен қалашықтарға шолу жасау, олардың атауларының этимологиясына зер салу, Иқан қаласы мен оның маңындағы қалалар, қоныстар тарихына үңіліп, бір ізділікке салып, жалпы жасын анықтау болып отыр. Бұл бағытта біз әзірге тек археологиялық тұрғыдан зерттелген, өмір сүру кезеңі анықталған ескерткіштерге ғана тоқталмақпыз. Зерттелмеген Бақанды, Тассарай, Қаратөбе, Кіндіктөбе, Ибата қоныстары, Қызылту, Тесіктас, Қатынқамал сынды ондаған ескерткіш келешектің мұрасы.
Археологиялық тұрғыдан зерттеліп, есепке алынып, жасы анықталған қалалардың ең көнесі Ақтөбе – Ибата (Ибадулла ата атауының қысқарған түрі) Жаңа Иқанға барар жолда, Иқаннан 15 км жерде орналасқан, жалпы көлемі 2,5 га, оны қоршай алып шахарістаны мен рабады бар (10 га). Қаланың аты өз заманында басқаша болғаны анық, «Ақтөбе» деп, көктем айларында үстіне шөп шықпағасын айналадан ерекшеленіп, аппақ болып тұрғандықтан аталып кеткен. Өмір сүрген кезеңі б.з.д. III – II ғасырлардан б.з. IV –V ғасырлары арасы, яғни, 700 – 800 жылға жуық. Қала Қангүй мемлекеті тұсында өмір сүрген.
М.Тұяқбаев, т.ғ.к., А.Үркінбаева - Әзірет Сұлтан Ұлттық музей-қорығының ғылыми қызметкері.