Шүмекті қазан

Шүмекті қазан
Археологиялық қазба жұмыстары барысында әр түрлі кезеңдегі жерлеу орындарынан сазбалшықтан жасалған қазандар тізбегі табылған. Бұл ежелден-ақ қазан көшпелі халықтардың өмірінде бірнеше мыңжылдық тарихты қамтыған, заттық, материалдық мәдениетінде, наным-сенімдерінде ұзақ мерзімде сақталғанын білдіреді. Сонымен бірге, көне қорымдардан табылған қазандар, көшпелілердің тіршіліктеріндегі қажетті заты болуымен бірге, рәсімдік мақсаттарға да пайдаланғанын білдіреді. Сазбалшықтан жасалған жарты шар сипатында, үш аяқты, тұтқалы, тұтқасыз шүмекті, т.б. қазан түрлері бірнеше мәдени қабаттардан табылған. Дөңгелек шар пішініндегі қазандар Оңтүстік Қазақстан, Шу аңғарында кең тараған. Сырты шар тәрізденген дөңгелек түпті, қазандар Қазақстан мен Орта Азия көшпенді және отырықшы мәдениетінде кең тарап, сақ- үйсіндер кезеңінен кейінгі ортағасырларға дейін өмір сүрген. Сақ-үйсін кезеңіне тән ыдыстардың бірі - музей қорындағы ӘСММ кк 3536 тіркелген шүмекті қазан. Оны Түркістан археологиялық экспедициясының Жүйнек отряды 2009. ж Шпан қорымынан тапқан. Мерзімделулері б.з.д. ІІІ-б.з ІІІ ғ.ғ тән. Өлшемі Һ-22,8 см, d-12,5см. Шүм-d -3см. тең болып келген. Қазан күйдірілген балшықтан жасалынған. Толық сақталған. Бір шеті кішкене жарылған, жерінен кертіліп аздап сынған. Шүмекті қазан аузы кең болып, бүйірі шар тәрізденіп, түбі жайпақ тегістеле келіп, өрнексіз жасалынған. Кішкене түтік тәрізденіп d -3см көлемінде шүмек шыққан. Осыған ұқсас ыдыстар Қырғызстандағы Шу аймағындағы археологиялық зерттеулер кезінде сақ қорғандарынан табылған, бірақ оның өлшемдері (d-18,17,аузы d-14см) тең болған. Олар да үйсін керамикасы типтес ыдыс ретінде сақ дәуірімен б.з. ІІІ-ІІ ғ.ғ мерзімделген. Әдепкіде бұл шүмекті қазанды Шпан елді мекенінің тұрғыны Әбенов Ғайболла мал бағып жүріп, егістіктің алқабы суынан пайда болған жырадан байқаған екен. Осындай шүмегі түтікше болып келген ыдыстар Түгіскен мен Ұйғарақтағы б.з.б.VІ-ІV ғасырдағы қабірлерден сондай-ақ, екі тұтқасы бар жапсырма сапты аяқтар мен бүйірі шығыңқы тостағандар табылған. Ыдыстардың бұл түрлері Еділ бойы мен Оңтүстік Жайық өңірінің савроматтар дүниесінде, сондай- ақ Қазақстанның ертедегі көшпелілердің жерлеу орындарынан кездеседі. VІІІ–ІХғғ. Шығыс Европа далаларында көшпелілер тұрмысында маңызды орынды қыштан жасалған қазандар алған. Қазандар көшпелілермен байланысты далалық орындарда көп кездеседі. Қазан культі көшпелі халықтардың бірқатарында cақталған. Қожа Ахмет Яcауи кеcенеcіндегі Тайқазан да көшпенді халықтардың береке мен бірлігінің символы болғаны белгілі.
 
Ә.Егеубаева - "Әзірет сұлтан" музей-қорығының қор сақтаушы.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...