Бүгін Түркістан қаласы Фараб кітапханасында «Түркістан – тарихи туристік қала» тақырыбы аясында «Барыс бала» байқауының жүлдегерлерін марапаттау шарасы өтті, деп хабарлайды no-comment.kz ақпарат агенттігі.
Түркістан қаласы әкімдігінің қолдауы мен қалалық Мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өткен байқау дәстүрлі түрде жалғасын тауып келеді. Жоба авторы «Жемқорлық және Заң» газетінің бас редакторы, журналист Қаламқас Алиакбарқызы Ботабекова.
Екі бірдей жанрды яғни эссе мен поэзияны қамтыған жас қаламгерлер байқауының мақсаты – дарынды балалардың бойындағы шығармашылыққа деген талпынысын арттыру, балалар әдебиетінің дамуына үлес қосу. Ұлттық тәлім-тәрбиені жастардың бойына сіңіріп, қазақ халқының тіліне, салт-дәстүріне, тарихы мен мәдениетіне деген қызығушылығын арттырып, оның өркендеуіне ықпал ету болды.
Жүлдегерлерді марапаттау салтанатына Түркістан қаласының әкімі Тұрашбеков Нұрбол Әбдісаттарұлы, Түркістан қалалық мәслихат төрағасы Сәрсенбаев Ғаппар Амантайұлы, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, өзге де зиялы қауым өкілдері қатысты. Сонымен қатар, шараға көршілес Сауран ауданы әкімінің орынбасары Букебаев Бақытжан Кеңесбекұлы бастаған құрметті қонақтар қатысты.
Түркістан қаласының әкімі құттықтау сөз алып, байқаудың маңыздылығына тоқталды. Талантты балаларға үнемі қолдау көрсететіндігін алға тартып, үміткерлерге сәттілік тіледі. Байқау жеңімпаздарын арнайы марапаттады.
Сондай-ақ, шарада Түркістан қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жарқынбек Құлбайымбетов, қалалық мәслихат төрағасы Ғаппар Сәрсенбаев, Түркістан қалалық білім бөлімінің басшысы Қолдасова Оразкүл Шайхықызы, Мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Жипсибаева Динара Әбілқасымқызы және Сауран ауданы әкімінің орынбасары Бақытжан Букебаев, Түркістан қалалық Мәдениет үйінің директоры Шамет Лиза Төлегенқызы бірқатар жүлдегерді құттықтап, марапаттады.
Жалпы байқауға эссе жанры бойынша 52 үміткерден өтінім келіп түссе, поэзия жанры бойынша 37 үміткердің өтінімдері қабылданды. Шығармалар Түркістанның түрленуіне сәйкес жазылды. Қатысушылар жасы - 12 мен 17 жасқа дейінгі аралықты құрады.
Алдын-ала тапсырылған шығармаларды әділ-қазылар құрамы сараптамадан өткізіп, мазмұнына, обьективтілігіне, көркемдігіне, сапасына, өзектілігіне, креативтілік сипаттарына қарай бағалады. Қазылар алқасының құрамында Тлеулиев Турар Сарсенбаевич - Айтыскер ақын, «Өнер мектебінің» директоры, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Утебаева Несипкул Мейманхановна - ҚР Журналистер одағының мүшесі, Түркі әлемі Жазушылар одағының мүшесі, Ыбырай Алтынсарин атындағы төсбелгінің иегері, Мағжан Сәуле Мағжанқызы - Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің қазақ филологиясы кафедрасының оқытушысы, филология ғылымдарының кандидаты болды. Шара барысында қазылар құрамына да құрмет көрсетіліп, ерен еңбектері үшін Алғыс хат ұсынылды.
Сонымен байқау қорытындысы бойынша жүлдегерлер есімі анықталды. Зерек интеллектуалды мектебінің 11 сынып оқушысы Болат Тәңірберді Байжанұлы Бас жүлдені еншілеп, "Барыс бала" статуэткасы мен қаржылай сыйлыққа, арнайы Дипломға ие болды. Қос жанр бойынша жүлделі І орындарға Тұлға мектебінің 9 сынып оқушысы Мырзабек Аруна Мұратбекқызы және Төле би атындағы №19 мектептің 10 сынып оқушысы Елеу Аяулым Генералқызы ие болды.
Жүлделі орындардан бөлек, Қала әкімінің арнайы жүлдесі, Ғұлама – Қожа Ахмет Ясауи атындағы, Жазушы – Жұмабек Еділбаев атындағы, Этнограф, ғалым – Өзбекәлі Жәнібеков атындағы, Айтыскер ақын – Әбдікерім Манапов атындағы, Сатирик ақын – Ахмет Төреқұлов атындағы, Ақын, жазушы, журналист – Қаныбек Сарыбаев атындағы,
Ақын – Өмірбай Сәуірбаев атындағы, Ақын – Мариям Мерешова атындағы, Ақын, жазушы – Нұрмахан Назаров атындағы номинациялардың иелері анықталды. Байқауға қатысқан барлық үміткер сияпатсыз қалмады. Қатысқаны үшін де бірнеше оқушы марапатталып, сый-құрметке бөленді.