Олимпиадаға алғаш рет: 19 жастағы мерген дәулеткелді жаңбырбай туралы не білеміз

Олимпиадаға алғаш рет: 19 жастағы мерген дәулеткелді жаңбырбай туралы не білеміз

Париж Олимпиадасының басталуына тура екі ай уақыт қалды. Бүгінде әлем спортшылары төртжылдықтың басты додасына алаңсыз дайындалуда. Ал жолдама алып үлгермеген атлеттер ғаламның әр түкпіріндегі іріктеу турнирлерінде бақ сынап жатыр. Франция астанасына аттанатын  талантты спортшылар арасында 19 жастағы Дәулеткелді Жаңбырбай да бар. Садақ атудан ұлттық құраманың ең жас мүшесі өзінің алғашқы Олимпиадасы басталатын күнді асыға күтіп жүр, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Olympic.kz сайтына сілтеме жасап.

Дәулеткелді Алматы облысы Сарқанд ауданы Аманбөктер ауылында дүниеге келген. Спортқа, оның ішінде, садақ атуға деген қызығушылығы арманшыл ауыл баласын үлкен   спортқа алып келді. 12 жасында қолына садақ алған жеткіншек араға 8 жыл салып, төртжылдың ең ірі жарысында Қазақстан намысын қорғамақ. 

«Садақ атуды бала күнімнен армандайтынмын. Арманымды орындау үшін осы спорт түріне келдім. Әрине, кішкентай ауылдан шығып, ұлттық құрама деңгейіне жету үшін үлкен еңбек керек. Бүгінде мен өз шеберлігімді жетілдіру  үстіндемін. Себебі, бұл спорт түрі шеберлікті, төзім мен еңбекті талап етеді», - дейді Дәулеткелді. 

Жанкүйерлер садақ ату спортындағы жас таланттың есімін осыдан үш жыл бұрын ести бастады. Себебі, Дәулеткелді Жаңбырбай 2021 жылы Польшаның Вроцлав қаласында өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында төртінші орын алған еді. Ол турнир барысында жартылай финалға дейін жетіп, алдыме Норвегия, қола медаль үшін таласта Үндістан спортшысына  есе жіберді. Осы жетістігінен соң ол елдегі бапкерлер көзіне түсті. 

«Жасөспірімдер арасында ел чемпионатында бірнеше рет жеңіске жеттім, жастар арасындағы әлем біріншілігінде  төрттікке ендім. Осы жетістіктерім ұлттық құрамаға жол ашты. Ересектер командасына бірден үйренісіп кеттім,себебі, мұндағы ағаларым жол көрсетіп, ақыл-кеңестерін аяған емес. Әлі есімде, командамен бірге ең алғаш рет Бангладеште өткен Азия чемпионатына қатысып, төртінші  орын алдық. Сол кездегі сезімдерім әлі есімде. Ірі деңгейдегі жарыстарда өнер көрсету шеберлігіңді арттырып, шыңдай  түседі», - дейді жас спортшы. 

Дәулеткелді Жаңбырбай командаластары Ильфат Абдуллин және Александр Еременкомен бірге, Таиландта өткен Азия чемпионатында күміс медаль иеленіп, Париж Олимпиадасына жолдама иеленді. Финалда олар Оңтүстік Корея құрамасына жол берді. Алайда, кореялықтар Азия ойындарында лицензия алып қойғандықтан, квота Қазақстан командасына берілді. 

«Олимпиадаға жолдама алған сәттегі сезімімді сөзбен жеткізе алмаймын. Екіұдай әсерде болдым. Қуанышпен бірге қорқыныш, уайым, сенімсіздік болды. Парижге баратыныма сене алмай, қобалжумен болдым. Осы орайда, командаластарымның қолдауы ерекше екенін айтқым келеді. Сұлтан Дүзелбаев, Санжар Мұсаев, Ильфат Абдуллин, Денис Ганькин сынды спортшыларға қарап бой түзедім. Солардың ақыл-кеңестерін бойыма сіңіріп келем. Бала кезден бергі  кумирлерім де – солар. Қазір бір командада өнер көрсетіп, Олимпиадаға қатысу мүмкіндігін иеленгеніме қуаныштымын»,  - дейді Дәулеткелді. 

Жас мерген жазғы ойындарға дайындық барысының жоғары деңгейде екенін атап өтті. 

«Париж Олимпиадасына дайындық жақсы өтіп жатыр. Күннен күнге шеберлігімізді шыңдап жатырмыз. Жақсы нәтиже тіркейміз деген үміттемін. Бұл әрбір спортшыға бұйыра бермейтін мүмкіндік. Сол мүмкіндік құр жібермей, үздік көрсеткішке қол жеткізуге тырысу керек», - дейді спортшы. 

Қазіргі таңда Дәулеткелді  Жаңбырбай Қазақстан құрамасы сапында Оңтүстік Кореядағы әлем кубогі кезеңіне қатысуда. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...