Саңырақ батыр Тоқтыбайұлы (1692-1749 жж.) (Ошақты-Атшабар-Тасжүрек) (1692, қазіргі Жамбыл облысы, Талас ауданы, Үшарал ауылы маңындағы Ағыбай қыстауы) – жоңғар басқыншылығына қарсы күрестегі атақты батыр, қолбасшы. Ұлы жүздің Ошақты тайпасының Тасжүрек руынан шыққан.
Әкесі – Тоқтабай да батыр болған. Ол кісі кезінде батырлығымен бірге турашылдығымен, әділдігімен де елге танылып, аты шыққан. Әкенің осы қасиеті балаларына да беріліп, Саңырық батырдың ағасы Дәнен де, інісі Сарымерген де батыр болған. Саңырақ батырдың ерекше қасиеті — құралайды көзге атқан мергендігі. Алғашқыда атағы осы мергендігімен шыққан. Ошақтының атақты бір байы той жасап, сонда мергендер жарысын өткізіп, бас бәйгеге кілем жабылған қара нар бастаған тоғыз және сүйектен жасап, алтынмен аптап, күміспен күптеген садақты тігеді. Осы сайыста 16 жасар Саңырақ батыр бас жүлдені жеңіп алады. Кейін «Саңырақтың сарнауығы» деп аталып кеткен осы садақ Саңырақ батырдың жоңғармен соғыстағы бес қаруының бірі болған.
Саңырақтың батырлық жолы әйгілі «Ақтабан шұбырындыдан...» кейін басталады. Атамекені жау қолында қалып, босқан елдің ауыр хәлін көріп, ет жүрегі езілген қазақтың намысты ұлдары ата жаудан кек алу қамына кірісіп, жер-жерде жауынгер жасақтар құрайды. Олар жаушы жіберіп, өзара хабарласып, бір-бірімен бірігіп, көп ұзамай бүкілхалықтық ұлы күшке айналады. Бұланты – Білеуті шайқасында Саңырақ Кіші жүздің Тайлақ батырымен тізе қосып жоңғарлардың қалың қолын ойсырата жеңді. Саңырақ пен Тайлақ батыр осыдан кейін де жұп жазбай Аңырақай шайқасында да бірге болды. Саңырақ батыр Талас өңірін жаулап алып, Ақкесене мен Көккесенені әскери қосынға айналдырған жоңғарларға жиі-жиі шабуыл жасап әскери шеберлігін танытқан. Төле би оған арнайы кісі жіберіп, дарынды қолбасшыларға ғана тиесілі сый – кеудеге тағатын айрықша белгі тартып, батасын берген.
1740 жылдардың соңына қарай жаумен болған шайқаста Саңырақ батыр ауыр жарақат алып, соның салдарынан көз жұмады. Төле бидің ұсынысымен Саңырақ батырдың денесі Түркістандағы Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңына жерленген.
Тарихшылар Бұланты шайқасында шабуылдаушы әскердің қолбасшылары болған Саңырақ пен Тайлақ батырларды осы жолғы жеңістің "жолашарлары" болды деп бағалайды.
Халық арасындағы сондай жырлардың біріндегі:
« Босқан елді құрап ап, қол бастаған Саңырақ.
Алладан медет сұрап ап, жол бастаған Саңырақ.
Қарсы келген жауына, қырғын салған Саңырақ.
Анталаған қалмаққа, сүргін салған Саңырақ.
Тайлақ батыр екеуі серік болған Саңырақ»,- деп, жалғаса
беретін әр жолдар ел қорғаған еріне риза болған халқының ерен құрметіндей, есте сақтар мәңгі ескерткішіндей көрініп, тым асқақ естіледі.
С.Байсеит - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының кіші ғылыми қызметкері.