«Жошы Ұлысы кезеңіндегі Ұлы Дала» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті

«Жошы Ұлысы кезеңіндегі Ұлы Дала» тақырыбында халықаралық дөңгелек үстел өтті
Бүгін М. Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті «Әлеуметтік гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институтындағы «Тарих және этнология» ғылыми орталығының ұйымдастыруымен Жошы Ұлысының құрылғанына 800 жыл толуына орай «Жошы Ұлысы кезеңіндегі Ұлы Дала» атты халықаралық дөңгелек үстел болып өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
ХІІІ ғасыр Әлем өркениетінде ғаламдық қоғам құрылысының түбірінен өзгеруіне алып келген ұлы бетбұрыстардың кезеңі болды.Соның бірі - Ұлы Далада Жошы ұлысының құрылуы. Жошы - аз ғұмырына қарамастан 60-тан аса ірі шайқасқа қатысып, әлемнің 200-ге жуық қала, қамалды бағындырған әйгілі қолбасшы, әрі батыр. Сан елдерді бағындырған әскери стратег, ірі тактик. Шыңғысханның ұсынысымен Қыпшақ даласында өз ұлысын құрды. Бұл тарихта «Жошы ұлысы» немесе «Қыпшақ хандығы» деп аталады.
Зерттеушілердің айтуынша, Жошының қол астына қараған аумаққа қазіргі қазақ жерінің 65 пайызы кірген. Кейін бұл аумақтың құрамына Ресейдің еуропалық өңірі, Балтық теңізінің шығысындағы өлкелер, Польша, Мажарстан, Балқан елдері, Солтүстік Кавказ, Хорезм, Шығыс және Батыс Дешті Қыпшақ даласы енген. Осылайша, Жошы ұлысы немесе Қыпшақ даласы атанған ұлан-ғайыр даланың жалпы аумағы 10 миллион шаршы шақырымға жеткен. Жошы ұлысы - протоқазақ мемлекеті болып есептеледі. Сол себепті Жошы ұлысының қазақ тарихындағы орны ерекше. Өйткені қазақтың дархан даласында құрылған осы түркі мемлекетінің соңы - Қазақ хандығының құрылуымен аяқталды.Жошыдан шыққан Жошидтер әулеті Қазақстан аумағында 1224 жылдан 1860 жылдарға дейін 6 ғасыр бойы билік жүргізді. Бұл кезең Қазақстан тарихы үшін маңызды кезең, мемлекеттілігіміздің «алтын ғасыры» болды.
Тағлымды басқосуда М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университетінің Басқарма төрағасы - ректор м.у.а. Қайрат Нұрманбетов құттықтау сөз сөйлеп, алқалы жиын жұмыстарына сәттілік тіледі. «ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің 2024 жылы 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген «Біз озық ойлы ұлт ретінде тек қана алға қарауымыз керек» атты көлемді сұхбатында еліміздегі даталы тарихи оқиғалардың бірнешеуіне көңіл бөле келе, мемлекеттілігіміздің тамыры тереңде жатқанын әйгілейтін биыл іргетасы қаланғанына 800 жыл толатын Жошы ұлысының тарихына қатысты ауқымды зерттеулер қолға алынатынын атап өткен болатын. Сондықтан да Жошы Ұлысының 800 жылдық мерейтойын лайықты дәрежеде атап өту маңызды әрі абыройлы іс», - деп атап өтті Қайрат Еңбекшіұлы.
Дөңгелек үстелді М.Әуезов атындағы ОҚУ «Қазақстан тарихы» кафедрасының доценті, т.ғ.к. Кәрібаев Сәрсебай Өскенұлы жүргізіп отырды. Тарихы мәні бар басқосуда елімізге белгі тарихшы ғалымдар мен зерттеушілер баяндама жасап, ойларын ортаға салды. Атап айтқанда, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінің «Жошы Ұлысын зерттеу» Ғылыми институтының директорының м.а. PhD доктор Ж.Сабитов, «Сирек кітаптар және қолжазбалар» орталығының ғылыми қызметкері Абсаликов Алмат Амантайұлы, Ш.Уәлиханов атындағы «Тарих және этнология» институтының жетекші ғылыми қызметкері Жеңіс Жомарт Жеңісұлы, «М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты»бас директорының орынбасары, филология ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессоры Төрәлі Қыдыр, Семей қаласының Шәкәрім атындағы универси-тетінің «Тарих» кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының кандидаты, Каримов Мұхтарбек Қарпықұлы, М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті «Тарих» кафедрасының аға оқытушысы Ташқараева Әсел Мұхтарқызы, М.Әуезов атындағы ОҚУ «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» ғылыми-зерттеу институтының директоры Боранбаев Сандыбай, «Тарих және этнология» ғылыми орталығының басшысы Торгаутова Шолпан сынды ғалымдар қатысып, мазмұнды баяндама жасады. Сондай-ақ алыс-жақын шет елдерден Ә.Науаи атындағы Ташкент Мемлекеттік өзбек тілі мен әдебиеті университеті Буранов Анвар Қорабайұлы, Джиззақ политехникалық институтының «Қоғамдық ғылымдар» кафедрасының доценті Туратов Шухрат Бахрамұлы, University of Business and Science «Әлеуметтік-гуманитарлық ғылымдар» кафедрасының доценті, Назаров Хумаюн Алишеругли мен аталған университеттің ғалымы Ахмедов Рахматджон Нематжонугли сынды тұлғалар қатысып, Жошы ұлысы туралы ойларын ортаға салып, ортақ пікір алмасты.
Тарихи сананың түлеуіне мұрындық болған игі шараның жұмысы нәтижелі болып, жаңа ашылымдардың бастамашысына айнала бергей.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті абайтанушы ғалым, филология ғылымдарының докторы, І дәрежелі «Барыс» орденінің иегері Мекемтас Мырзахметұлының дүниеден өтуіне...

Түркістан облысында ауыл шаруашылығы саласын дамыту, осы бағытқа инвестиция тарту, терең өңдеу ісін ширатып, су үнемдеу технологияларын енгізу...