Шымкент қаласының көркін арттырып, тұрғындар мен қонақтарға заманауи талапқа сай жайлы жағдай жасау мақсатында теміржол вокзалының ғимараты қайта жаңартылды. 10 жылға жоспарланған инвестиция қаражаты 1 жыл ішінде қарастырылып, былтыр 10 маусымда басталған жұмыстар 2024 жылдың 10 мамырында толық аяқталды. Сенімгерлік басқаруға нысанды беру арқылы қайта жаңғырту жұмыстары тиімді жүзеге асқанын атап өткен жөн. Мұнда тәулігіне 27 бағыт бойынша поездардың қызметі ұйымдастырылған, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
1968 жылы салынған ескі вокзалдың жалпы ғимарат алаңы 1 770,2 шаршы метрді, жолаушыларды өткізу қабілеті тәулігіне 2 мың жолаушыны құраса, бүгінде қайта жаңғырту жұмыстарынан кейін теміржол вокзалының аумағы 2 249,33 шаршы метрге ұлғайып, өткізу қабілеті тәулігіне 6 мың адамға дейін артты. Сондай-ақ, жолаушыларды күту залының аумағы 898,3 шаршы метрден 1 982,3 шаршы метрге дейін артты.
Жобада ғимараттың екінші кіреберісі, жолаушыларға жайлы қызмет көрсететін заманауи талапқа сай 2 күту залы және екінші қабатта фудкорт қарастырылды. Вокзал ғимаратының қасбеті мегаполистің сәулеттік келбетіне сай жабдықталып, шыны витражды жүйелерден және металл кассеталардан жасалды.
Жаңа вокзал сонымен қатар әртүрлі қызмет түрлерін ұсынады. Бірінші қабатта жолаушылар билеттерді терминалдар арқылы өз бетінше сатып ала алатын кассалар мен өзіне-өзі қызмет көрсету аймақтары орналасқан. Күту залдарында мобильді зарядтау станциялары және тегін Wi-Fi бар, бұл жолаушыларға пойыздарын күтуге ыңғайлы уақыт өткізуге мүмкіндік береді.
Вокзалды қайта құру қала экологиясына да оң әсер етті.
Шымкент теміржол вокзалы қазіргі заманғы көлік торабына ғана емес, сонымен қатар қала тұрғындары мен қонақтары жайлы уақыт өткізе алатын маңызды қоғамдық кеңістікке айналды. Вокзалды қайта құру жолаушыларға қызмет көрсету сапасын едәуір арттырды және қаланың қарқынды дамып келе жатқан мегаполис ретіндегі имиджін жақсартты.