Түркістан: «Оңтүстік Қазақстанның» мерейтойында түйе балуанға автокөлік табысталды

Түркістан: «Оңтүстік Қазақстанның» мерейтойында түйе балуанға автокөлік табысталды
Биыл «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің 100 жыл толып отыр. Мерейтойға орай Түркістан қаласында қазақ күресінен турнир өтті, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Ұлттық спорт бәсекесінің салтанатты ашылуына Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев, Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков, «Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директор-Бас редакторы Абай Балажан және зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Облыс баспасөзінің қарашаңырағы саналатын «Оңтүстік Қазақстан» қоғамдық-саяси газетінің қоғам үшін орны ерекше! Бұл тек ұжымның ғана емес, облыстың, қазақ баспасөзінің тойы деп ойлаймын. Өйткені өңіріміздің бір ғасырлық өмір тарихы осы газеттің әрбір бетінде сақталып тұр. Бұл басылымда бір кезеңдері ұлт қайраткерлері, мемлекет және қоғам деңгейіндегі тұлғалар қызмет атқарды. «Қазақ күресінің» Түркістан төрінде өтуі заңдылық. Аталған сайыстың осыдан 15 жылдай бұрын ауданда өткізу дәстүрі басталған болатын. Облыс әкімі Дархан Амангелдіұлы осы шығармашыл қауымды тікелей қолдап, әрдайым қадағалап, тілеулес болып отырады. Басылымның мерейтойын осы жылы күзде Түркістанда тойлауды жоспарлап отырмыз, – деген Түркістан облысы әкімінің орынбасары балуандарға сәттілік тіледі.
- Биылғы жылы жүз жасқа толған газеттің Оңтүстік өңірдің шежіресін қалыптастыруға қосқан зор үлесін атап өтеміз. Басылым ұжымына, бас редактор Абай Балажанға қазақ күресіне жанашырлық танытқаны, ұлттық құндылықтарды насихаттаудағы сіңірген еңбегі үшін ерекше алғысымды білдіремін. Қазақ күресі - қара күшті таразылайды, рухты асқақтатып, намысты жаниды. Дала батыры Қажымұқан Мұңайтпасұлының ізін жалғаған спортшыларға қарап, ақын Жүрсін Ерманның өлеңі есіме түсті, -  деген Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков.
«Оңтүстік Қазақстан» облыстық қоғамдық-саяси газетінің директоры-бас редакторы Абай Бекназарұлы бұл сайыстың қазақ күресін халықаралық деңгейде танытып, жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу бағытында ұйымдастырылғанын атап өтті. 61 жыл бойы тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан жарыстың маңыздылығы мен мақсатына тоқталды.
«Керуен сарай» туристік кешенінде өткен бозкілемдегі палуандар бәсекесінде өңіріміздегі аудан, қалалардан келген жалпы саны 120-ға жуық спортшы қатысты. Түйе балуан бәсекесінде 18 балуан бақ сынасты. Кіл мықтылар бәсекесінде түркістандық Дидар Хамза турнирдің биылғы «түйе балуаны» атанды. Оған «Chevrolet Nexia» автокөлігінің кілті тапсырылды. Жалпы айтулы дүбірлі доданы ақсақалдар, спорт ардагерлері, тұрғындар мен қала қонақтары тамашалап, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді.
Айта кетсек, дәстүрлі турнирдің мақсаты – ұлттық спорттың түрі қазақ күресін дамыту және облыстық жаттықтырушылары арасында тәжірибе алмасу, халық арасында қазақ күресін кеңінен насихаттау, балуандардың спорттық шеберлігін шыңдау. Сондай-ақ жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге тәрбиелеу, бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануға тарту арқылы олардың бойында отансүйгіштік сезімді қалыптастыру. Алдағы өтетін ірі жарыстарға облыс құрамасын іріктеу.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ