Ежелгі Түркістан қаласы цитаделінің оңтүстік-шығыс бетінде орналасқан көлшіктің пайда болуы

Ежелгі Түркістан қаласы цитаделінің оңтүстік-шығыс бетінде орналасқан көлшіктің пайда болуы
Біздің қорымызда бар орыс әскери топографтарының 1864, 1865, 1875, 1883 және 1900-1910 жж. түсірген карта-схемаларын салыстыра отырып, талдап, масштабын анықтай келе төмендегідей тұжырымдар жасадық: 1865 ж. Орыс әскерлері Рабия Сұлтан Бегім кесенесінің оңтүстік бетіндегі цитадель мұнарасы мен Мүсәллә қақпасы арасын ұзындығы 126 метрлік биік дуалмен қосады (іргетасындағы ені 1,5-2 м, биіктігі-4 м жуық). Мұндай дуалмен цитаделдің солтүстік мұнарасы мен қаланы қоршаған қамал-қорғанның да арасын қосады ( ұзындығы 151,8 м ) №2-сурет, 5 санымен белгіленген).
Осылайша орыс әскери гарнизоны өздері тұратын аймақты түгелдей қоршап алып ешкімді кіргізбей қояды.1865 ж. картада жылға-арықтың цитaдeль түбінен өтетін тұсында үлкен тоған іспеттес су жиналатын көлшіктің пайда болғанын көреміз (№2-сурет,2 санымен белгіленген). Бұл су қоймасының ені 27,6 м, жалпы ұзындығы - 94,3 м. Ал, шығыс бетіндегі ұзын да жіңішке мойынын алып тастасақ негізгі бөлігінің ұзындығы 57,5 м екенін көреміз. Жоғарыда айтылған ұзын дуалдарға қажетті балшықты ( кесек кұю үшін және дуалдың іргесін пахсадан тұрғызу, сылақ үшін) тап осы жерден алғанына біздің күмәніміз жоқ. Ceбeбі, су өзі ағып келіп жатыр. 1864 ж. планда да бұл жердің бос, кең жер екені байқалады, яғни балшық өндіруге ең қолайлы жер болғаны анық.
1875 ж. картадан (№ 4- сурет ) шұқырдың ұзындығы 115 м, ені -28,7 м жеткенін байқаймыз. Ал, 1883 ж. план-схемадан көлшік-шұқырдың ұзындығы 83,6 м, енінің ең кең жері 30 метр шамасында екендігі көрінеді (№5- сурет). Дегенмен, қаланың осы тұсынан, бірақ, сыртынан салынатын болашақ кұрылыстардың 1900-1910 жж. арналып дайындалған жоба-жоспарында (№6- сурет) көлшіктің жоқ екендігін көреміз, яғни, оны құрғату, не топырақпен толтыру жоспарланған сияқты (№6-сурет,1).
Жоғарыдағы сараптамаларды тұжырымдай келе мынадай қорытындыға келдік:
- Ресей әскерлері қаланы өздеріне қаратқан 1864 ж. қала цитаделінің оңтүстік-шығысынан жылға-арық ағып жатқан, ешбір көлшік, тоған болған емес (№1-сурет, а);
- 1865 ж. план-схемадан әскери гарнизон тұрған аймақ үш есеге дейін ұлғайып, қоршалып, цитаделдің оңтүстік-шығыс бетінен 13-15 м жерден бастап ұзына бойы үлкен су қоймасы көлшіктің пайда болғандығын және жылға-арықтың «Баулық» деп аталатындығын байқаймыз (№2-сурет,2);
- 1875 ж. планда жоғарыдағы көлшіктің көлемі ұлғайғандығы байқалады (№4-сурет);
- 1883 ж. планнан көлшіктің ұзындығы кысқарып, ені ұлғайғандығы (30 м дейін ) көрінеді (№5-сурет);
- 1900-1910 жж. арналған құрылыс жоспарында көлшік мүлде жоқ, яғни ол құрғатылған немесе топырақпен толтыру
жоспарланғанын байқаймыз (№6-сурет).
Қорытынды: Тарихи жағынан қарағанда тап осы жерде табиғи емес, адам қолымен жасалған көлшік болған. Ол 1865 жылдан 1900 ж. аралығында өмip cүpiп, көлемі бірде ұлғайып, бірде кішірейіп отырған. Ресей әскерлері жүргізген құрылыс жұмыстарына сазбалшық үздіксіз осы жерден өндіріліп отырғандығына оның көлемінің де өзгеріп отырғандығы куә.
 
М.Тұяқбаев - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының т.ғ.к. археолог,
С.Рустемов - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының ЖЫР инженері.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ