Түркістанда «Батыр бабалардың отан қорғаудағы ерліктері: Тарих және тағылым» тақырыбында конференция өтті

Түркістанда «Батыр бабалардың отан қорғаудағы ерліктері: Тарих және тағылым» тақырыбында конференция өтті
2024 жылдың 14 маусым күні облыстық «Фараб» кітапханасында Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитетінің қолдауымен, «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы және "Сіргелі Тілеуке батыр (Қарабыр)" қоғамдық қайырымдылық қоры бірлесе Сіргелі Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының 330 жылдығына орай «Батыр бабалардың Отан қорғаудағы ерліктері: тарих және тағылым» тақырыбында республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциясын ұйымдастырды, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Конференция – тарихи-мәдени мұраны сақтау және жас ұрпақтың бойында бабаларға құрмет тағылымын қалыптастыруды, тарихи тұлғалармен байланысты Қазақстанның киелі орындарын насихаттауды, туған жерге деген сүйіспеншілікке тәрбиелеп, өскелең ұрпақты патриотизмге баулуды мақсат тұтады.
Конференцияға қатысушылар «Фараб» кітапханасының фоесінде музей-қорықтың ұйымдастыруымен «Бабалар ерлігі елге мұра», «... Өңкей батыр жиналып, Абылай салды жарлықты» тақырыптарындағы кітап көрмесін тамашалады.
Бағдарлама бойынша конференцияға алыс-жақыннан келген зиялы қауым өкілдері «Сіргелі қара Тілеуке» деректі фильмін тамашалады. Конференцияны тарих ғылымдарының докторы, профессор Х.Тұрсұн жүргізіп отырды.
Конференцияны мемлекет және қоғам қайраткері һәм еңбек ардагері О.Рахманбердиев құттықтау сөзімен ашып, қазақ халқының қалыптасуы жолында ерен еңбек еткен Тілеуке батырдың ерлігіне тоқталып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.
Түркістан облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Ж.Мауленқұловта сахна төріне шығып, батыр бабамыздың қазақ жерін қорғаудағы ерліктерін тізбектеп, алдағы уақытта тұлғатану мәселесін терең зерттеу қажеттігін атап өтті.
Тағы басқа бір қатар тұлғалар құттықтау сөз сөйлеген соң конференция модераторы т.ғ.д., профессор Х.Тұрсұн сөз кезегін баяндамашыларға берді.
Тарих ғылымдарының докторы, профессор М.Қожа «Жоңғар басқыншыларына қарсы соғыста Сіргеліден шыққан батырлар (тарихи деректер мен зерттеулерде)», Қазақстан Шежірешілер одағының төрағасы, Қазақстан Жазушылар одағы Шымкент қаласы өкілдігінің басшысы, профессор М.Әбдіәкімұлы «Тілеуке-Қарабатыр тарихтағы ерлік жолдары», филология ғылымдарының кандидаты Л.Н.Гумелев атындағы ЕҰУ профессоры И.Нұрахмет «Ауызша поэзиядағы батырлар туралы кейбір деректер», тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Абай атындағы қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің кафедра меңгерушісі Н.Атығаев «Абақ Керей Қожаберген батыр Жәнібекұлы», тарих ғылымдарының докторы, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Х.Тұрсұн «Көлегеннің батыр ұлы Ер Бәйменбет», тарих ғылымдарының кандидаты, профессор, Мемлекет тарихы институтының жетекші ғылыми қызметкері Қ.Еңсенов «Тілеуке Төбетұлының жорық жолдары», Өскемен қаласы №44 мектеп-лицейінің тарих пәні ұстазы, зерттеуші педагог Қ.Айтхожин «Батырлар институтының тарихын орта мектепте оқыту мәселесі», Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика магистры Б.Ахметбек «Ел тарихындағы Сыр бойы батырларының рөлі», «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығы директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары М.Тастанбеков «Ойрантөбе – Тілеуке батырдың соңғы шайқас алаңы» тақырыптарында тұшымды баяндамалар жасалды.
Түркия Республикасы, Анкара қаласы, Ислам Ынтымақтастығы ұйымы жанындағы Ислам мәдениетін зерттеу орталығының кеңесшісі, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Ә.Муминов «Батырлар бойынша деректерді классификациялау мәселесі» тақырыбында Анадолу жерінен онлайн байланысқа шығып, мағыналы баяндама жасады.
Конференция қорытындысы бойынша ғылыми жиынның жинағын шығару мен қатар, қоғамдық өмірдің әр саласында Сіргелі қара Тілеуке (Қарабатыр) Төбетұлының есімін мектептерде насихаттайтын және ұлықтайтын түрлі іс-шараларды ұйымдастыру қажеттігі жөнінде қарар қабылдады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ