Бүгінгі Түркістан көне мен жаңа заманның тоғысқан ордасына айналды, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Іnform.kz сайтына сілтеме жасап.
Бұрын мавзолей, кесене, тарихи орындарымен танылса, байырғы баба мекен қазір саябақтарымен, ойын-сауық кешендерімен, мәдени орындарымен ерекшеленеді. Кейінгі жылдары тарихи шаһардың ауқымы кеңейіп, қарыштап дамып келеді. 220 мың халқы бар қала аумағы 6 секторға бөлінген, 32 саябақ, тағы сонша демалыс аллеясы бар. Облыс орталығындағы көгалды аймақтың аумағы 262 гектарға жетті. Бір жылда миллионға жуық ағаш отырғызылып, гектар-гектар жерге гүл егілген.
Түркістанда бес жыл болмаған адам мүлдем жаңа қалаға келгендей күй кешеді. «Керуен сарай» тарихи мекеннің эстетикасына сән қосып тұр. Яссауи кесенесінің маңындағы абаттандыру жұмыстары шөлейттің ортасындағы ерекше оазис сынды. Мұндай таңғажайып көріністі қаланың орталығынан да, кіреберісінен де байқайсыз. Өйткені, еліміздегі ең жаңа әуежайлардың бірі Түркістанда ашылған. Hazret Sultan халықаралық əуежайы халықаралық стандарттарға сай салынған және жылына 3 миллион жолаушыны тасымалдауға қабілетті. Төрт жылда әуежай аумағына 140 мыңнан аса ағаш егілген.
Сонымен бірге, Қазақстандағы ең ескі теміржол вокзалы да осында. Түркістан облыс орталығы статусын иеленген сәттен бастап, 120 жыл бұрын бой көтерген қала вокзалына ерекше көңіл бөліне бастады. Ғасыр куәгері атанған нысан аумағында тротуар төселіп, жарықшам, орындықтар, қоқыс жәшіктері орнатылған, жасыл желектер егіліп, жан-жағындағы дүңгіршектер мен нысандардың сырт келбеті шығыс үлгісінде қапталған. Шаһарға келетін туристер саны да жылдан-жылға көбейіп келеді. Сондықтан түрленген Түркістанға қойылатын тазалық талаптары да арта түспек.
Түркістанның тұрғындары да өз ауласын әсемдеумен белсенді айналысады. Аймақтың топырағы негізінен сортаң болса да, көз қуантар бау-бақша өсіру үшін біраз тер төгіледі. Бізді қонақ еткен Гүлзараш Нәлібаева жасыл желек жайқалып тұру үшін жыл сайын жерді құнарландырып, жеткілікті көлемде су беріп, талмай жұмыс істейтінін айтты. Бақшада түрлі-түсті гүлдермен қатар, арша, қарағай, түрік алмасы, бадам жаңғағы өсіп тұр. Бұл үйдің ауласына қарлығаштар жиі ұя салады екен. Қазақта бұл құсты бақыт пен берекенің нышаны дейді.
«Осыдан 3-4 жыл бұрын алғаш көшіп келгенде бұл жердің топырағы тас араласқан, лай еді. Жыл сайын топыраққа тыңайтқыш сеуіп, жерді құнарландырып алдық. Бұл іске барша отбасымыз атсалысады. Бұрынғы үйімізде жыл сайын қарлығаш келіп ұя салатын. Үйді ауыстырғанда қарлығашымыз сонда қалып кетті. Екі жылдан кейін ерте көктемде жаңа үйімізге бір топ қарлығаш келіп, басымыздан айнала берді. Баяғы қарлығаштарымыз бізді іздеп тапты деп топшыладық», - дейді Г. Нәлібаева.
Айта кетейік, бағдарлама тілшілері қала халқының тазалық мәдениетін тексеру үшін эксперимент жасап көрді. Саябақта серуендеушілерге сыпырғыш ұсынып, бірге тазалауды ұсынғанда оны түсінбегендер де, туған өлкенің тазалығына бірер минутын қиғандар да табылды. Тәжірибе жұмыстары мұнымен аяқталған жоқ. Жүргізуші саябақ маңындағы қоқысты тұрғындармен бірге жинауға тырысты.
Түркістан қаласында жыл басынан бері 80-ге жуық сенбілік өткен екен. Әрбір шараға 20 мыңға жуық адам атсалысады, 1,5 мың көше тазаланады. Тіпті, орталық саябақта мамандар аптап ыстыққа қарамастан көшелерді ысқылап жуады екен.
Дегенмен, бұл шаралар шаһар тазалығын сақтау үшін жеткіліксіз көрінді. Өйткені, көшедегі қоқыс жәшіктері ілуде біреу, қалдық тастайын десең де орын жоқ. Шашылып жатқан қоқыс көріністері бірнеше рет алдымыздан шықты.
Өңірдегі мәселелерді тереңінен зерттеп жүрген эколог, Халықаралық қазақ-түрік университетінің профессоры Аманкүл Ақбасова тұрмыстық қалдықтармен қатар, медициналық қоқыс мәселесі де толғандыратынын айтады.
«Қоқыс әр үйдің жанында, әр мекеменің жанында шашылып жатыр. Оның ішінде медициналық қалдықтарды бөлек жинап, арнайы полигондарға жеткізу керек. Өйткені олар түрлі ауруды қоздырады. Кейде адамдар қоқысты өртеп жатады, полимер, пластмасса қалдықтарды өртегенде қатерлі ісік тудыратын канцерогенді заттар бөлінеді. Біздің көптеген ауруға шалдығуымыз соған байланысты», - деп түсіндірді эколог.
Әсіресе, қаланың орталық базарында арықтарға су емес, қоқыс толған. Барлығы дерлік – қайта өңдеуге жарайтын пластик пен шыны қалдықтар. Бұл ретте Түркістан қаласының маңында пластикті қайта өңдейтін «Sauran plast» зауыты жұмыс істеп тұр.
Мұнда пластик құбырлар, құрылысқа қажетті заттар, тіпті пакет дайындайтын полимер өндіріледі. Бұл зауыттың өзі жылына мың тонна пластик қоқысын қайта өңдейді. Оны полигондардан алады, қалдықты құнттап, жинап, тапсыруға әкелетін тұрғындар да баршылық.
Бағдарламаға Түркістан қаласының әкімі Нұрбол Тұрашбеков арнайы сұхбат берді. Әкім барлық мәселеден хабардар екенін, алайда ауқымды іс бір мезетте шешілмейтінін жеткізді.
«Қала болғасын, тұрғындар көп болғасын, бәрін тап-таза ұстау мүмкін емес. Өзіңіз білесіз, тазалық жұмыстары жеке кәсіпкерлерге бекітіп берілген. Оған қоса, Шәуілдір бағытында қоқыс тастайтын арнайы орын белгіленген. Бұл бағыттағы жобаны жеке инвестиция есебінен іске асырамыз деген жоспар бар. Келер жылдың соңында нақты нәтиже болады. Қала халқының тазалық мәдениетін көтеру үшін зиялы қауыммен, ақсақалдармен бірлесе отырып, бұл жұмыстарды жоғарғы деңгейге шығарамыз», - деп түсіндірді әкім.
Әдеттегідей «Таза қала» жобасының түсірілімін Парламент Мәжілісінің депутаты Ерболат Сатыбалдин, «Жасыл даму» АҚ қалдықтарды басқару департаментінің директоры Сәбит Қашқынбаев, урбанист Тұрсын Жиенбаева көрді және қаланың экологиялық ахуалына өз бағаларын берді.
«Түркістан – Тәуелсіз Қазақстанда салынып жатқан жаңа қала. Оның архитектуралық келбеті, салынып жатқан ғимараттар көңілден шығады. Түркістанның топырағы тұзды, шөлейт аймақ екеніне қарамастан көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаман емес. Қала тез өскенімен, ескі кәріз жүйелері секілді проблема бар. Одан кейін тұрмыстық қатты қалдықтарды жинау мен сұрыптауда ақау бар деп есептеймін», - деді депутат Е. Сатыбалдин.
Урбанистика орталығының жетекші маманы Тұрсын Жиенбаева қалада көгалдандыру жұмыстары жақсы жүргізілгенін, жасыл желектер тез бейімделгенін атап өтті. Әйтсе де, қоқыстың көптігі және сирек жиналуы, қаланың эстетикасын бұзатын жарнамалардың көптігі үшін ұпайды төмендеткен.
«Біріншіден, қоқыс жинайтын жәшіктер жетіспейді, өте аз, өте кішкентай, ішіне қоқыс сыймай жатқаны көрініп тұр. Екіншіден, қоқысты сұрыптауға еш мүмкіндік жоқ. Үшіншіден, тазалыққа қатысты түсіндіру-насихат жұмыстарын жүргізіп жатқаны көрінбейді. Жағымды жағы – жаяу жүргіншілер серуендейтін алаңдар жақсы жабдықталған», - деп баға берді Сәбит Қашқынбаев.
Бағалау нәтижесінде Түркістан қаласы «Таза қала» рейтингінде 18 ұпай алды.