2024 жылғы 8-10 маусым аралығында Венгрия Ұлттық сайлау кеңсесінің (бұдан әрі - ҰСК) шақыруымен ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров пен ОСК хатшысы Мұхтар Ерман Еуропалық Парламентке сайлауды, жергілікті билік органдарының өкілдерін сайлауды және ұлттық азшылық муниципалитеттерінің мүшелерін сайлауды халықаралық байқауға қатысты, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Сапар аясында 8 маусымда Нұрлан Әбдіров Венгрия Ұлттық сайлау кеңсесінің Президенті доктор Аттила Надьпен кездесті, оның барысында Қазақстан мен Венгрияның сайлау органдары арасында Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды. Кездесуге ҚР-ның Венгриядағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Жәнібек Әбдірашов қатысты.
«Осы Меморандумға қол қою біздің кәсіби ынтымақтастығымызды одан әрі нығайтады деген сіздің сеніміңізді бөлісеміз», - деп Нұрлан Әбдіров Венгрияның ҰСК президентіне құжатқа қол қою кезінде атап өтті. Ол сондай-ақ Меморандумда қамтылған тәжірибе алмасу жөніндегі ережелерді ағымдағы жыл ішінде іске асыруға кірісуді ұсынды. Атап айтқанда, дауыс берудің баламалы әдістері, сайлаушыларды сайлауды ұйымдастырушылармен ақпараттандыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, интернетте үгіт жүргізу, сондай-ақ сайлау науқандарын қаржыландырудың жекелеген аспектілері бойынша венгриялық әріптестерімен онлайн-кеңес беру өткізуге қызығушылық білдірді.
Қазақстанның ОСК басшысы екі мемлекеттің сайлау органдары ынтымақтастығының перспективаларын талқылай отырып, әріптесіне Еуропарламент пен муниципалды жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауды байқауға қатысуға мүмкіндік бергені үшін алғысын білдірді. Ол сондай-ақ Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының 30 жылдығына арналған «Конституциялық реформа және сайлау жүйесі» халықаралық конференциясының (Астана қ., 2023 жылғы 7-8 желтоқсан) қатысушыларына доктор Аттила Надьтың шабыттандыратын бейне жолдауы үшін ризашылығын білдірді.
Кездесу барысында ҚР ОСК Төрағасы сайлау саласында тәжірибе алмасудың маңыздылығын ерекше атап өтіп, қазақстандық сайлау заңнамасын одан әрі жетілдіруде ескерілуі мүмкін құнды шетелдік тәжірибе ретінде Венгрия азаматтары үшін пошта арқылы дауыс беруді өткізу, сайлаушылар тізілімін қалыптастыру, жергілікті сайлау науқандарын ұйымдастыру бойынша осы елде жүргізіліп жатқан жұмыстарға қызығушылық танытты.
Кездесу соңында Нұрлан Әбдіров Аттила Надьқа Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының бастамасымен ағылшын тіліндегі сайлау тақырыбы бойынша жарияланған ғылыми басылымдарды, атап айтқанда, ауқымды ғылыми еңбек – «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесін трансформациялау» монографиясын, сондай-ақ 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинағын және жоғарыда аталған мерейтойлық конференция материалдарының жинағын табыс етті. Сондай-ақ ол 2022 жылғы референдум және Президенттің сайлауы және 2023 жылы Парламент Мәжілісі мен мәслихаттары депутаттарының сайлауы сияқты Қазақстандағы ірі сайлау науқандарын халықаралық байқауға Венгрия өкілдерінің белсенді қатысқаны үшін ризашылығын білдірді.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес Венгрияның сайлау ұйымдастырушылары сайлау комиссиясы мен сайлау кеңсесі арасындағы міндеттерді бөле отырып, аралас жүйесі бойынша жұмыс істейтінін айта кету керек. Жалпы, Венгрияның сайлау органдары біртұтас жүйе емес, себебі сайлау комиссияларының барлық деңгейлері бөлек ұйымдастырылған және жұмыс істейді, мәртебесінде, өкілеттіктерінде және қалыптасу тәртібінде айтарлықтай айырмашылықтар бар.
Анықтама: Сайлауды ұйымдастыру және азаматтардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету үшін Венгрияның Ұлттық сайлау комиссиясын, округтік және учаскелік сайлау комиссияларын қамтитын сайлау комиссияларының жүйесі жұмыс істейді. Бұл комиссиялардың мәртебесі, құрылу тәртібі және қызметі 2013 жылғы Сайлау тәртібі туралы заңмен реттеледі. ҰСК парламенттік сайлау мен референдумдарды ұйымдастырады және өткізеді, сонымен қатар барлық жергілікті өзін-өзі басқару сайлауларына әдістемелік қолдау көрсетеді. ҰСК-ның жеті мүшесін, оның ішінде төрағасын Венгрия Президентінің ұсынысы бойынша парламент 9 жыл мерзімге сайлайды.
Тұрақты негізде жұмыс істейтін Ұлттық сайлау комиссиясы жалпыұлттық парламенттік сайлауды ұйымдастыратын арнайы мемлекеттік орган болып табылады. Аймақтық және жергілікті сайлау комиссиялары муниципалдық сайлау мен референдум өткізуге жауапты, ал округтік сайлау комиссиялары жекелеген округтерде парламент сайлауын өткізуді қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, сайлау комиссиялары Еуропалық Парламент депутаттарының сайлауын ұйымдастыруға және өткізуге міндетті.
Ұлттық сайлау кеңсесі жеке мемлекеттік орган бола отырып, аппараттың функцияларын орындайды және нақты міндеттерді шешеді. Бұл сайлау процесін әкімшілік басқаруға жауапты ұйымдық өкілеттіктері бар маңызды орган. Ұлттық сайлау кеңсесінің басшысын Президент премьер-министрдің ұсынысы бойынша 9 жыл мерзімге тағайындайды. Кеңсенің барлық қызметкерлері мемлекеттік қызметкерлер болып табылады және саяси қызметке қатысуға құқығы жоқ. Кеңсе мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырады, сайлау комиссияларын материалдық-техникалық және қаржылық қолдауды қамтамасыз етеді, арнайы сайлау құжаттамасын дайындайды және жеткізеді. Ол сондай-ақ сайлауды ақпараттық сүйемелдеумен айналысады және сайлау комиссияларының мүшелерін оқытуды ұйымдастырады.
Заңнамаға сәйкес сайлау кеңселері сайлау комиссияларының әртүрлі деңгейлерінде жұмыс істейді: аймақтық, парламенттік, жеке бірмандатты округтер бойынша және жергілікті деңгейде. Учаскелік комиссияда жергілікті сайлау кеңсесінің қызметкері сайлаушылар тізілімін жүргізуге жауапты.
Венгриядағы сайлауды халықаралық байқауға барлығы алты делегация қатысты. Қазақстандық делегация Әзірбайжан, Грузия, Босния және Герцеговина, Черногория және Түркия делегацияларымен бірлесіп байқау жүргізді.
Халықаралық байқау бағдарламасы аясында Әзербайжан ОСК төрағасы Мазахир Панаховпен және Түркия ОСК төрағасы Ахмед Йенермен екіжақты кездесулер өтті. Әртүрлі елдердегі ағымдағы сайлау процестері бойынша пікір алмасылды, елдеріміздің сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары талқыланды.
9 маусымда - дауыс беру күні ҚР ОСК өкілдері Будапешт қаласының бірнеше аудандардағы сайлау учаскелеріне барды. Көп жағдайда сайлау учаскелері жалпы білім беретін мекемелерде орналасқан екенін айта кету керек. Дауыс беру еркін, қалыпты өтті. Астана тұрғындары белсенді болды, сайлау учаскелерінде кезекке тұрды, олардың көпшілігі ересек азаматтар болды, олардың арасында егде жастағы адамдар аз емес. Учаскелерде оң атмосфера болды және сайлау комиссиялары сауаттытылығын көрсетті. Учаскелерде және үй-жайлардан тыс жерлерде ешқандай сыни жағдайлар байқалмады.
Сайлау учаскелерінде Қазақстан ОСК басшысы сайлау комиссияларының құрамын қалыптастыру процестеріне, сайлаушылар тізімімен жұмыс істеуге, дауыстарды санау барысына және басқа да дауыс беру рәсімдеріне қызығушылық танытты.
Венгрияның негізгі заңы (Конституция) 18 жастан асқан барлық Венгрия азаматтарына Ұлттық жиналыс, жергілікті өзін-өзі басқарудың және Еуропалық Парламенттің депутаттық сайлауында дауыс беру құқығын береді. Сайлау заңнамасына сәйкес, Ұлттық жиналыс депутаттарын сайлауда, егер олар некеде болса, 16 жасқа толған азаматтар да дауыс беруге құқылы. Бұл жас шегінің төмендеуі жас отбасыларды елдің қоғамдық-саяси өміріне белсенді тартуға бағытталған.
Еуропалық одаққа мүше елдердің азаматтары, егер олар Венгрияда тұрақты тұрса, жергілікті өзін-өзі басқару органдарына, қала басшысын және Еуропалық Парламентке сайлауда белсенді сайлау құқығына ие. Венгрияның сайлау заңнамасы бұл құқықты босқын мәртебесі бар адамдарға, иммигранттарға және тұрақты тұруға рұқсаты бар адамдарға да береді. Венгрия Конституциясы муниципалдық сайлауда белсенді сайлау құқығын алу үшін міндетті тіркеуді қарастырады, ал сайлаушылардың өздері тек тіркелген жерінде дауыс бере алады. Сот қылмыс жасағаны үшін сайлау құқығынан айырған немесе сот әрекетке қабілетсіз деп таныған адамдардың дауыс беруге құқығы жоқ.
Ұлттық сайлау кеңсесі тұрақты тұрғылықты жері (пошталық мекенжайы) бар әрбір азаматтың атына барлық қажетті түсіндірме ақпаратты көрсете отырып, сайлауға қатысуға шақыру-хат жібереді.
Бір қызығы, 2013 жылғы Сайлау рәсімдері туралы заңға сәйкес сайлауалды үгіт дауыс беру күнінен 50 күн бұрын басталып, сайлаушылар дауыс берген күні аяқталады, осылайша «тыныштық күні» болмайды. Алайда, дауыс беру күні дауыс беруге арналған үй-жайдың ішінде және дауыс беруге арналған үй-жайдың кіреберісінен 150 метр қашықтықта үгіт жүргізуге тыйым салынады. Жария үгіт плакаттар, сайлаушыларға үндеулер, саяси жарнамалар, сайлаушылар жиналысы, парақшалар тарату және т.б. қамтиды.
Дауыс беру процесі дәстүрлі түрде – қағаз бюллетеньдерді қолдану арқылы жүргізіледі. Дауыстарды санау кезінде электронды жүйелер де қолданылмайды. Сайлаудың сипатына байланысты сайлаушылар саяси партияның (ұлттық азшылық) тізіміне немесе кандидатқа дауыс береді. Мажоритарлық жүйе жағдайындағы сайлау бюллетені сайлау атауынан және толтыру тәртібінен басқа кандидаттардың тегі мен аттарын қамтиды. Алайда, егер бұл мәліметтер кандидаттардың біреуінде сәйкес келсе, бюллетеньге туған күні сияқты қосымша ақпарат енгізілуі мүмкін. Саяси партиялардың тізімдеріне дауыс беру бюллетенінде олардың толық атауынан басқа олардың ақ-қара түсті логотипі көрсетілуі мүмкін.
Венгриядан тыс жерде тұратын, бірақ оның аумағында тұрғылықты жері бойынша тіркелген сайлаушылар Ұлттық жиналыстың, Еуропарламенттің депутаттарын сайлауда және ұлттық референдум өткізу кезінде дипломатиялық өкілдіктің немесе консулдық мекеменің үй-жайында дауыс бере алады. Шетелде тұратын, бірақ Венгрияда тұрақты тұрғылықты жері жоқ сайлаушылар пошта арқылы дауыс береді. Олардың сұранысы бойынша олардың мекен-жайына бюллетень салынған конверт келіп түседі, оны толтырғаннан кейін сайлаушы оны өзі немесе консулдық арқылы округтік сайлау комиссиясына береді. Консулдықтар мен дипломатиялық өкілдіктерде дауыс берген адамдардың сайлау бюллетеньдері дауыс беру қорытындылары шығарылатын әрбір бірмандатты округте арнайы құрылған учаскелік сайлау комиссияларына жіберіледі.
Сайлаушы дауыс беру кабинасында бюллетень толтырады. Бұл ретте учаскелік комиссия сайлаушыны дауыс беру үшін кабинаны пайдалануға шақырады, бірақ оны мұны істеуге міндеттей алмайды, соның салдарынан дауыс беру үшін кабинадан тыс жерде негізінен егде жастағы азаматтардың дауыс беруі байқалды.
Сайлау учаскелерінде ұлттық байқаушылардың болмауын атап өту қажет. ҰСК-нің жауапты қызметкерлерінің айтуынша, ондай қажеттілік жоқ және бұл заңмен де қарастырылмаған, өйткені учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері әртүрлі саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерден жасақталған. Дауыс беру учаскелерінде бейне мониторинг те жүргізілмейді.
Жалпы, Венгрияда дауыс беру барысы халықаралық стандарттар мен ұлттық заңнаманың талаптарына сәйкес өтті, халықаралық байқаушылар үшін сайлау барысын толыққанды байқау үшін барлық қажетті жағдайлар жасалды.
Анықтама: Венгрия ҰСК-ның ресми мәліметтеріне сәйкес, Еуропарламент пен жергілікті өзін-өзі басқару органдарына сайлауда сайлаушылардың рекордтық қатысуы тіркелді: дауыс беруге құқығы бар 7,8 миллионнан астам адамның 59,45%-ы өздерінің сайлау құқығын пайдаланды.
Венгрия Еуропарламентте 21 орынға ие. Сайлау бір турда өтеді, бүкіл ел біртұтас сайлау округін құрайды.
Венгрия ғылыми-зерттеу институтының мәліметі бойынша, Премьер-министр Виктор Орбан бастаған «Фидес-Венгрия азаматтық одағы» партиясы өзінің кіші христиан-демократ серіктестерімен бірге Еуропарламентте 11 орынға ие болды, «Құрмет пен бостандық» центристік партиясы - 7, үш партияның леволибералды коалициясы (Демократиялық коалиция, социалистер және «Венгрия үшін Диалог – «жасылдар») - 2 орын, ал «Біздің Отанымыз» ұлтшыл партиясы 1 орынға ие болады. Қалған партиялар 5%-дық кедергіні өткен жоқ.
Ағымдағы жылы Төраға Н.Әбдіровтың басшылығымен ҚР Ортсайлаукомның делегациялары Корея Республикасында (4-12 сәуірде) және Үндістан Республикасында (4-8 мамырда) парламенттік сайлауда алғаш рет халықаралық байқауды жүргізгенін еске саламыз. Бұл туралы толығырақ ҚР ОСК-ның интернет-ресурсында танысуға болады.