Ұлттық құрама командалардың Парижге аттануы қорытынды оқу-жаттығу жиындарының өтетін орнына және ойындарға қатысу мерзімдеріне байланысты жүргізіледі, яғни спортшылар Парижге әр жерлерден ұшады. ҚР туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаевтың айтуынша, Ойындарға бірінші болып 20 шілдеде ескек есуден құрама Гравлин (Франция) қаласына барады, деп хабарлайды no-comment.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Астанадан 4 команда ұшып кетеді 22 шілдеде. Алматыдан 10 команда ұшып кетеді. Және де Еуропадағы жиындарға қатысып жатқан 13 команда Олимпиадаға тікелей барады. Барлық командалар Шенген визасымен қамтылған және Қазақстан делегациясының толық аккредиттеуден өтті. Жалпы, дәл қазір делегация құрамының саны 118 адам. Олардың ішіне, әрине, дәрігер мамандар, жаттықтырушылар, спортшылардың өзі, БАҚ кіреді», – деді спикер.
Жанкүйерлер мен ойынға барғысы келетіндер үшін Астана мен Алматыдан Парижге, тұрақты рейстерді іске қосу жоспарланған. Сонымен қатар жанкүйерлер үшін арнайы Paris 2024 – Kazakhstan team (Париж 2024 – Қазақстан тим) телеграм арнасы ашылды.