Ауыл шаруашылығы саласында өнім көлемі 2020 жылы 729,7 млрд. теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 5,1%-ға артты. Бұл көрсеткіш бойынша Түркістан облысы елімізде үшінші орында. Негізгі капиталға 58 млрд. теңге инвестициялар тартылып, 13%-ға артты. Республикадағы үлесі – 10,1%-ды құрады. Өңделген өнім экспорттың көлемі 105,1 млн. АҚШ долларына жетіп, 47,6%-ға артты. Оның ішінде Республикада ірі қара мал етін экспорттау бойынша облыс 1 орында тұр. Жылды қорытындылап, ел алдында есеп берген облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев ауыл шаруашылығы саласындағы жетістіктерге жеке тоқталды.
848 мың гектарға жуық алқапқа ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп, өткен жылдан 19 мың гектарға артты. Мал мен құс басы және өнімділік орташа 6-7%-ға ұлғайды. Нәтижесінде жыл қорытындысымен ауыл шаруашылығы саласында бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 2 млн. 429,4 мың теңгені құрап, 17 %-ға артты.
«Біз, агроөнеркәсіп кешені әлеуетін одан әрі дамыту үшін негізгі үш бағытта жұмыстар атқарудамыз. Бірінші бағыт бойынша қала аумағында азық-түлік белдеуін қалыптастыру аясында құны 46,7 млрд. теңге құрайтын 6 серпінді инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Кентау қаласы «Шаға» ауылдық округінде 29 бірлік АҚШ, Австралия технологияларымен 1 355 гектар жаңбырлатып суғару машинасы орнатылды. Жалпы жоспар 11 мың гектар алқапқа жаңбырлатып суару технологиясын ендіру көзделуде. Сондай-ақ, құны 15 млрд. теңге құрайтын «50 га заманауи жылыжай кешенін құру» жобасы іске асыру жоспарлануда. Бұл жобаны іске асыруға әуежай бағытынан 86 га жер телімі бөлінді. Екінші бағыт бойынша «Бір алқаптан жылына 2-3 өнім алу» жобасы қолға алынып, биылғы жылы 128 ауыл округінен 5,2 мың гектарға 1 999 жоба іске асырылып, 262,5 мың тонна өнім алынды. Ал, үшінші бағыт бойынша үйіргелік жерлерді игеру қолға алынды. Нәтижесінде 286 жоба жүзеге асырылды, әр отбасы 850 мың теңгеден табыс тапты. Оның ішінде «Еңбек» бағдарламасымен жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мемлекеттік гранты есебінен 105 жоба қаржыландырылды»,-деді Өмірзақ Шөкеев өз сөзінде.
«No-comment.kz»- ақпарат