Грант конкурсына қатысуға өтініштер 13-24 шілде аралығында қабылданады

Грант конкурсына қатысуға өтініштер 13-24 шілде аралығында қабылданады

Грант конкурсына қатысатындар құжаттарын дәстүрлі форматта, яғни ЖОО-ның қабылдау комиссияларына тапсыра алады, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Сондай-ақ талапкерлердің ыңғайы үшін еGov электронды үкімет порталы арқылы онлайн өтініш қабылдау жүргізілетін болады. Құжаттарды кез келген ЖОО арқылы тапсыруға болады. Қабылдау 13-24 шілде аралығында жүргізіледі. Бұл жайлы ҚР ҒЖБМ Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитетінің төрағасы Гүлзат Көбенова ОКҚ брифингінде айтты.

Оның мәлімдеуінше, биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық бағыттарға баса назар аударылады. Осылайша, барлық гранттың 60%-ы техникалық мамандықтарға бөлінді. 

«Гранттардың басым бөлігі «Инженерлік, өңдеу, құрылыс салалары» білім беру бағдарлама топтарына бөлінді, олардың саны 19 344 грантты құрайды. Ал «Педагогикалық ғылымдарға» – 13 735 грант, «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» саласына – 10 903 грант, «Жаратылыстану ғылымдары, математика және статистика» бағытына – 8 288 грант тиесілі. Тағы да назар аударатынымыз, биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлініп отыр», – деді спикер.

Сондай-ақ «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген, оның ішінде, 2024 - жылы алғаш рет колледж түлектері үшін 400 астам грант қарастырылды. «Серпін» жобасы арқылы 4 даярлау бағыты бойынша білім алуға болады. Атап айтқанда, педагогикалық ғылымдар, инженерлік-техникалық, ақпараттық технологиялар, ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түсуге болады. Бағдарламаға оңтүстік өңірдегі ауыл жастары қатысады. Оқу бітіргеннен кейін грантты өтеу мерзімі 3 жылдан 2 жылға қысқартылып, өтеу орны 11 аймаққа ұлғайтылды. 

«Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар, оның ішінде гранттар Атырау және Маңғыстау облысы түлектеріне арналған. Бұл жерде атап өтетін жайт, балалар осы арнайы грантқа да, жалпы конкурсқа да қатыса алады. Өңірлік ЖОО-на қолдау көрсетіліп отыр. Педагогикалық, ауыл шаруашылық және инженерлік мамандықтар бойынша мақсатты гранттар бөлініп отыр», – деді ведомство өкілі. 

2019 жылдан бастап академиялық еркіндік шеңберінде ЖОО ақылы негізде де, грант бойынша да оқуға қабылдау үшін ҰБТ-ның шекті балдарын белгілеуге құқылы. Ұлттық тестілеу орталығы жыл сайын талапкерлерге ыңғайлы болу мақсатында еліміздің барлық жоғары оқу орнының шекті балдарын ортақ тізімде ұсынады. Бұл мәліметтер Ұлттық тестілеу орталығының сайтында және әлеуметтік желілерінде қолжетімді. Мысалы, «Математика мұғалімдерін даярлау» мамандығы бойынша грантқа Академик Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне түсу үшін кемінде 77 балл жинау керек болса, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-не 110 балл, SDU University-не 120 балл қажет.

Жыл сайын жалпы грант санынан арнайы квота бөлінеді. Биыл да әлеуметтік осал топтарға квота сақталады. 2022 - жылдан бастап ауыл квотасы 35% болып бекітілген.

Су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлері негізгі ҰБТ-дан төмен балл жинаса, қаңтар немесе наурыз айларындағы ҰБТ-ның жоғары нәтижелерімен грант конкурсына қатыса алады. Жалпы грант санының 20%-ы су тасқынынан зардап шеккен өңірлердің талапкерлеріне бөлінеді.

«2022 жылдан бастап беделді халықаралық пәндік олимпиада, жарыс, конкурс жүлдегерлері мемлекеттік грантқа ҰБТ-сыз ие бола алатындығын айтқан жөн. Мемлекеттік грант конкурсында балдардың теңдігі жағдайында басымдылық «Алтын белгі» иегеріне беріледі. Биыл 7 мыңнан астам түлек «Алтын белгіге» иегерлері бар. Енді әскери борышын өтегендерге да тоқталсам. Өткен жылдан бастап олар ҰБТ-сыз әңгімелесу арқылы тек ақылы негізде оқуға түсе алады немесе ЖОО-ның ішкі гранттарына үміткер болады», – деп түйіндеді Г.Көбенова.

Білім беру гранттарының иелерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланатын болады. ЖОО-на құжат қабылдау 25 тамызға дейін жүзеге асырылады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «China Huadian Corporation Ltd.» мемлекеттік корпорациясының басшылығымен кездесті. Компания...