Ағымдағы жылдың 3-5 шілдесінде ҚР ОСК Төрағасы Нұрлан Әбдіров үшкүндік жұмыс сапарымен Абай және Шығыс Қазақстан облыстарына барды, деп хабарлайды No-comment.kz ақпарат агенттігі.
Орталық сайлау комиссиясының басшысы Абай облысының Жарма және Бесқарағай аудандарында, сондай-ақ Шығыс Қазақстан облысының Ұлан ауданында болып, аумақтық сайлау комиссияларының қызметімен танысты, қызметін кәсіби негізде жүзеге асыратын барлық аудандық, қалалық және облыстық сайлау комиссияларының төрағалары, олардың орынбасарлары және хатшыларымен семинар-кеңестер өткізді, сондай-ақ ауылдық жас сайлаушылармен кездесті.
Семинар-кеңестер жергілікті сайлау комиссиялары мүшелерінің сайлау және референдум туралы заңнамасын білуге тестілеуден басталды. Тестілеу нәтижелері бойынша Нұрлан Әбдіров облыстық комиссиялардың төрағаларына барлық деңгейдегі сайлау комиссияларының мүшелеріне, әсіресе сайлау науқандарын ақпараттық сүйемелдеу және тағайындау, әкімдер мен мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну және тіркеу, кандидаттар мен саяси партиялардың сенім білдірілген адамдарының, байқаушыларының құқықтары мен міндеттері, сайлау алдындағы үгіт, дауыстарды санау және сайлау мен референдумдар қорытындыларын шығару мәселелері бойынша неғұрлым тереңірек оқыту жүргізуді тапсырды.
Кеңес барысында ОСК Төрағасы ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен және 2022 жылғы бүкілхалықтық референдумда қолдау тапқан конституциялық реформа шеңберінде сайлау жүйесіндегі ауқымды өзгерістерді атап өтті. Сондай-ақ 2025 жылдан бастап аудан әкімдерін сайлауға және ағымдағы жылдың күзінде шығып қалғандардың орнына мәслихаттардың депутаттарын сайлауға байланысты мәселелерді егжей-тегжейлі түсіндірді.
Сонымен қатар, Орталық сайлау комиссиясының басшысы сайлаушыларды электоралдық науқандар туралы, оның ішінде жеке шақыру билеттері арқылы жүйелі және уақтылы ақпараттандыру мәселелеріне тоқталды. Ол сондай-ақ сайлау комиссиялары мүшелерінің партиялық бейтараптығының, олардың кәсібиленуінің маңыздылығын атап өтті, сондай-ақ ел өңірлерінде сайлаушылармен бұрын өткізілген кездесулер туралы айтты.
Кеңес барысында АСК-ларын материалдық-техникалық жарақтандыру, мүгедектігі бар адамдардың сайлау құқықтарын қамтамасыз ету, сайлау саласындағы шетелдік тәжірибе мәселелері талқыланды, «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңға өзгертулер мен толықтырулар түсіндірілді.
Нұрлан Әбдіров кеңеске қатысушылардың назарын Орталық сайлау комиссиясының одан әрі дамуының стратегиялық перспективаларына және оның басымдықтарына аударды. «Біздің басты басымдығымыз - сайлаушылардың сенімі», - деді ол.
Аудандардың жас сайлаушыларымен кездесулерде ОСК басшысы 2022 жылғы конституциялық реформа контексіндегі Қазақстанның жаңартылған сайлау жүйесінің ерекшеліктері, сайлау саласындағы өзекті трендтер мен халықаралық тәжірибе, басқа елдердегі сайлаулар мен референдумдарды ҚР ОСК халықаралық байқауы туралы айтты. ОСК басшысымен кездесулерге 110-нан астам адам қатысты. Барлық қатысушылар сайлау тақырыптары бойынша белсенді пікірталас өткізді.
Ауыл жастары тарапынан қызықты пікірлер айтылып, түрлі сұрақтар қойылды. Жарма ауданының жас маманы Әсет Мейіржанұлы басқа елдердің орталық сайлау органдары арасындағы ынтымақтастықты кеңейту мәселелеріне қызығушылық танытты. Бесқарағай ауданында жас заңгер Анастасия Антонова Венгрияны үлгі ете отырып, 16 жастан бастап дауыс беруді енгізудің орындылығы туралы сұрақ қойды. Адалят Миятова дауыс беру кезінде студенттерді ықтимал қысымнан қорғау әдістері туралы сұрады, сонымен бірге ол мұндай фактілерге өзі тап болмағанын атап өтті.
Жас оқытушы Салтанат Ысқақова сайлаушылар үшін дауыс берудің баламалы түрлерін енгізудің маңыздылығы туралы айтып, олардың, әсіресе егде жастағы адамдар үшін ыңғайлылығын атап өтті. Ұлан ауданында жас маман Әсел Нариманова сайлау учаскелерінде терминалдар (ХҚКО-ғы кіре берісте қолданылатындарға ұқсас) арқылы дауыс беруді ұсынды.
Жастар сайлау саласының өзекті мәселелері бойынша дәстүрге айналған онлайн-сауалнамаға белсенді қатысты. Сауалнама нәтижелері көрсеткендей, жастардың 86,1%-ы Президенттікке кандидаттың мемлекеттік қызметте немесе сайланбалы мемлекеттік лауазымдарда жұмыс тәжірибесі болуы керек деп санайды, ал сауалнамаға қатысқандардың 82,1%-ы Президенттікке кандидаттың денсаулығына қойылатын талаптарды белгілеу қажет деп санайды.
Респонденттердің 54,8%-ы сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың дауыс беруге құқығы жоқ деген пікір білдірді, тағы 65,7%-ы сот әрекетке қабілетсіз деп таныған азаматтар сайлау құқығынан айырылуы керек деп санайды.
Респонденттердің көпшілігі (63,6%) сайлау учаскелерінде толтырылған бюллетеньмен суретке түсіруге (селфи) тыйым салу керек деп санайды, сауалнамаға қатысқандардың 44,2%-ы электронды жүйенің техникалық құралдарына сенімсіздікке байланысты интернет арқылы сайлау мен референдумда дауыс бермейтінін білдірді, респонденттердің 67,2%-ы дәстүрлі бюллетеньді дауыс берудің ең сенімді әдісі деп атады.
Ауылдық жас сайлаушылармен кездесу қорытындысы бойынша «ҚР сайлау туралы» Конституциялық заңға түсініктеме, «Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына – 30 жыл. Қазақстан Республикасының сайлау жүйесінің трансформациясы» атты монография, 2012-2023 жылдар аралығында өткізілген сайлау және референдумдар туралы ақпараттық жинағының екінші томы барлық белсенді қатысушыларға табыс етілді, сондай-ақ облыстар мен өңірлік ірі жоғары оқу орындарының кітапханаларына берілді.