Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысы барысында сұйытылған мұнай газын шетелге заңсыз шығару мәселелеріне назар аударды, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Елімізде биыл 1,6 млн тонна сұйытылған мұнай газын өндіру жоспарланып отыр. Мұнай-газ химиясы үшін құнды әрі тапшы шикізат елімізде автомобиль отыны ретінде пайдалану көлемі артып келеді.
Мәселен, Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, газбен жүретін автокөліктер саны бір жылда 18%-ға өсіп, 2023 жылдың қорытындысы бойынша 582 мың бірлікті құрады. Тоқсан сайын өңірлер бойынша шамамен 360 мың тонна сұйытылған газ таратылады. Сараптамаға сәйкес, жанармайдың бұл түріне сұраныс шекаралас аймақтарда артып келеді.
Қазақстандағы сұйытылған газдың бөлшек сауда бағасы Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және алыс-жақын шетелдермен салыстырғанда шамамен 2 есе төмен екенін ескере отырып, көршілес елдерге үлкен газ көлемін заңсыз экспорттау мәселесі сақталып отыр.
Өндірілген көлемнің бір бөлігі өнеркәсіптік кәсіпорындарға жіберіледі. Сонымен қатар МӨЗ-де жыл сайын жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Осы факторлар нәтижесінде елімізде жыл сайын шамамен 20-25% деңгейінде сұйытылған газ тапшылығы байқалады.
«Мен бұған дейін тиісті мемлекеттік органдарға сұйытылған газдың «көлеңкелі» экспортын, оның ішінде қылмыстық жауапкершілікті белгілеу арқылы жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді тапсырдым. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректеріне сәйкес, сұйытылған мұнай газын шетелдерге заңсыз шығарудың 14 фактісінің жолы кесілді. Аталған жұмысты жалғастыру қажет. Әсіресе, тұтыну көлемі негізсіз құбылып отырған Атырау және Абай облыстары мен бірқатар шекаралас өңірлердегі жағдайды ерекше бақылауға алуды тапсырамын», — деп атап өтті Олжас Бектенов.
Сондай-ақ Үкімет басшысы газ өндіру мен өңдеу көлемінің ұлғаюына қарамастан біздің елімізде көгілдір отынның тапшылығы орын алып отырғанын айтты. Қашаған мен Жаңаөзенде газ өңдеу зауыттарының құрылысы кешіктіріліп жатқаны атап өтілді. Жаңа кен орындарын дамыту және геологиялық барлауға инвестициялар тарту да баяу жүруде.
Сондықтан Энергетика министрлігі мен QazaqGaz компаниясына газ өңдеу зауыттарын салу және жаңа газ кен орындарын игеру бойынша нақты жол карталарын әзірлеу тапсырылды.
Мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» Қоры 105 млрд теңге бөледі. Энергетика министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бөлінетін қаражаттың уақтылы игерілуін қамтамасыз ету және жыл соңына дейін желілерді салу бойынша барлық жұмысты аяқтау тапсырылды.
Сұйытылған мұнай газын отын ретінде пайдаланатын автомобильдердің жыл сайын өсіп келе жатқан санын ескере отырып, газ баллонды жабдықты орнату кезінде заңнаманы бұзу фактілерінің де саны артып келеді.
Олжас Бектенов мұндай жағдайлар азаматтардың өміріне қауіп төндіретінін атап өтті. Ішкі істер және Энергетика министрліктеріне көлікті қайта жабдықтау және техпаспортта тиісті белгінің болмауына байланысты кәсіпкерлердің жауапкершілігін күшейту жөнінде шаралар қабылдау тапсырылды.
Сондай-ақ Энергетика министрлігі баламалы отын саналатын сығымдалған газ өндірісін ынталандыру жөніндегі жұмысты жандандыруы қажет.
Жалпы, жауапты мемлекеттік органдар мен ұйымдарға Газ саласын дамытудың 2026 жылға дейінгі кешенді жоспарының іс-шараларын сапалы және уақтылы іске асыруды жалғастыру тапсырылды.