Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысының металлургтеріне Президент атынан марапаттар табыс етті

Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысының металлургтеріне Президент атынан марапаттар табыс етті

Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан облысына жұмыс сапары аясында өңірдегі өнеркәсіптің даму барысымен танысты. «Қазцинк» металлургиялық кәсіпорнын аралау барысында Үкімет басшысы қызметкерлерді кәсіби мерекесі — Металлург күнімен құттықтап, наградалар табыс етті, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Облыстың жалпы өңірлік өнімінің құрылымында биылғы бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша өнеркәсіп үлесі 42%-ды құрады, деп хабарлады әкім орынбасары Дархан Сапанов. Бұл ретте өндірістің жалпы көлемінің басым бөлігін өңдеу өнеркәсібі алады — жалпы 1 трлн теңгеге өнім өндірілді. Металлургия саласының үлесі бүгінде 62%-ды құрайды. Өңірдің ТМК-де 20 мыңға жуық білікті қызметкер, сондай-ақ сервистік компаниялардың 45 мыңнан астам қызметкері жұмыс істейді. Облыста өңдеуші өнеркәсіпті одан әрі дамыту үшін жалпы сомасы 832,9 млрд теңгеге 2 мыңнан астам жұмыс орнын ашатын 27 жобаны іске асыру жоспарланып отыр.

«Қазцинк» кәсіпорнында Үкімет басшысы зауыттың өндірістік қуатымен танысты. Компания мыс, бағалы металдар мен қорғасынның ілеспе өндірісінің үлкен үлесімен мырыш шығарады, сондай-ақ Қазақстандағы ең ірі алтын өндіруші саналады. Бүгінгі таңда тау-кен металлургия кәсіпорнының зауыттары еліміздің алты аймағында орналасқан. Табиғатты сақтау технологияларын белсенді түрде енгізудің арқасында 90-шы жылдардан бастап зиянды қалдықтар көлемі 69,4 мың тоннадан 2023 жылы 15,9 мың тоннаға дейін қысқарды. Сонымен қатар компания жыл сайын әлеуметтік міндеттемелерді орындауға шамамен 12 млрд теңге бөледі.

 Олжас Бектенов Шығыс Қазақстан кәсіпорындары еліміздің түсті металлургиясының флагманы болып саналатынын айтып, өндірістік сектордың алдында тұрған міндеттерді атап өтті.

«Дамудың басым бағыттарының бірі – өндірістік қуатты арттыру. Бұл мәселені шешу үшін Үкімет отандық кәсіпорындарға қолдау көрсетуге дайын. Компаниялардың өндірістің тұрақты дамуымен қамтамасыз етілетін негізгі көрсеткіштерге қол жеткізуі өте маңызды», — деп атап өтті Үкімет басшысы. 

Тау-кен металлургия кешені қазіргі уақытта 195 мыңға жуық адамды жұмыспен қамтып отыр, бұл – Қазақстанның бүкіл өнеркәсібіндегі жұмысшылар санының шамамен үштен бірі.

Олжас Бектенов шілде айының үшінші жексенбісінде аталып өтетін Металлург күні қарсаңында кәсіпорын қызметкерлерін құттықтап, Мемлекет басшысының атынан мемлекеттік наградалар табыстады. «Құрмет» орденімен «Қазцинк» бас директоры Жанат Жанботин, III дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен – шебер Алексей Мордовин, слесарь-жөндеуші Михаил Мещеряков, «Ерен еңбегі үшін» медалімен – катодшы Айдарбек Жақыпов, құю өндірісінің басшысы Мерғалым Нағышпаев және цех басшысы Есбол Сейтқазин, сондай-ақ басқа да бірқатар металлург алғыс хаттармен марапатталды.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Премьер-министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр РФ Өнеркәсіп және сауда министрі Антон Алихановпен кездесу өткізді, деп хабарлайды No-comment.kz - ...