Мемлекеттердің жасанды интеллектіні қолдануға дайындығы Oxford Insights әзірлеген әдістемемен анықталады. Осы әдістемеге сәйкес, Қазақстан цифрлық әлеует және деректердің қолжетімділігі бойынша көрсеткіштерге қол жеткізді. Ал, жасанды интеллект саласындағы елдік стратегиялық құжаттардың болмауына байланысты «пайымдау» көрсеткіші бойынша айтарлықтай артта қалып отыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ЦДИАӨМ алдағы бес жылдық кезеңге арналған жасанды интеллектіні дамыту тұжырымдамасын әзірледі, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Жасанды интеллект комитетінің төрағасы Ғиззат Байтұрсыновтың айтуынша, тұжырымдаманың негізгі мақсаты жасанды интеллект экожүйесін құру, экономика және мемлекеттік басқару салаларында жасанды интеллект технологияларын енгізу болып табылады.
«Осы мақсатқа жету үшін Тұжырымдамада келесі бағыттар жеке-жеке қарастырылады: деректер, инфрақұрылым, адами капитал, ғылыми зерттеулер, реттеуші орта және акселерациялық бағдарламалар. Деректер жасанды интеллект дамуының негізгі элементтерінің бірі болып табылады. Өздеріңіз білетіндей, бұл бағытта үлкен жұмыс атқарылуда. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамы мемлекеттік органдардың деректерін Смарт Дата Үкіметке жинайды. Смарт Дата Үкіметке жаңартылып тұратын 93 деректер базасы қосылған. Жинақталған Смарт Дата Үкімет деректері үлкен деректерді терең талдауға және соған негізделген шешімдер қабылдауға кең мүмкіндіктер ашады», – деді спикер ОКҚ алаңында.
Инфрақұрылымды дамыту үшін келесі шаралар көзделеді: Қазақстанда суперкомпьютерді орналастыру, халықаралық әріптестік арқылы деректерді өңдеу орталықтарын салу, жасанды интеллект ұлттық платформасын құру және талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту.
Халықаралық технологиялық компаниялармен деректерді өңдеу орталықтарын салу бойынша келіссөздер жүргізілуде. Жасанды интеллект ұлттық платформасы деректер жиынтығы, есептеу қуаты және басқа жасанды интеллект құралдары сияқты қажетті ресурстарды қамтиды. Бұл ресурстар мемлекеттік органдарға, стартаптарға, жоғары оқу орындары мен жасанды интеллект энтузиасттарға қолжетімді болады.
2029 жылға қарай осы платформада жыл сайын 25-ке дейін жасанды интеллект өнімдерін әзірлеу жоспарлануда.
«Адами капиталды дамыту шеңберінде жасанды интеллект экожүйесін дамыту үшін кешенді инновациялық инфрақұрылым әзірленуде. Елімізде оқытушылардың қатысуынсыз, «peer-to-peer» әдіснамасына негізделген практикалық оқытуды ұсынатын бағдарламалау мектептерін іске қосу жоспарлануда. Бұл студенттердің өзара әрекеттесуіне және зерттеу тәсіліне ықпал етеді. Зерттеу орталықтарын құру үшін халықаралық компаниялармен және институттармен ынтымақтастық орнатылмақ. Бұл жасанды интеллект саласындағы ғалымдарға озық әріптестермен жұмыс істеуге мүмкіндік береді», – деді комитет төрағасы.
Сонымен қатар, Tech Orda бағдарламасының ваучерлерінің 30%-ын жасанды интеллект саласындағы жеке мектептерде IT-мамандарын оқытуға бағыттау да көзделуде. Жалпы, азаматтар өмірінің әртүрлі салаларында жасанды интеллекті тарату бағдарламасы пысықталуда.
Халықты кең көлемде тартудың маңызды құралы – Digital Bridge, TechCrunch, WebSummit сияқты форумдар мен конференцияларға қатысу және оларды ұйымдастыру, демо-күндер өткізу, ғылыми конференциялар, аймақтық роадшоу, көрмелер мен хакатондар сияқты түрлі ұлттық және халықаралық іс-шараларға қатысу болып табылады.
Нысаналы индикатор ретінде жасанды интеллект оқытатын жоғары оқу орындарының үлесін 2025 жылы 20%-дан 2029 жылы 60%-ға дейін арттыру көзделуде.