Бопай ханша

Бопай ханша
Бопай ханша - Абылай ханның немересі, Қасым сұлтанның қызы, Кенесары ханның қарындасы. Ол Кенесары Қасымұлы көтерілісіне белсене қатысушылардың бірі. Бопай ханша Көкшетауда дүниеге келген. Тарихи деректерде Қасым сұлтан мен бәйбішесі Айкүмістен алты бала өмiрге келiптi. Олар: Кенесары, Саржан, Есенгелдi, Көшек, Ағатай сұлтандар және Бопай ханша атымен тарихта қалған қызы болатын. Қасым сұлтанның Саржан мен Есенгелдi атты ұлдары Қоқан құсбегiлерiнiң қолынан аярлықпен ажал тапқан. Ал атақты Кенесары, інісі Наурызбай, басқа да қазақтың сұлтан-батырларымен бірге Орыс империясы отаршылдарына және Қоқан хандығына қарсы күрес-соғыстардың басшысы ретінде және көзсіз ерлігімен елге кеңінен танылған. Хан Кененің қарындасы – Бопай ханша жасынан тәрбиелі, өзі төре қызы болғасын, Ұлы даланың жазылмаған заңдылықтарына сәйкес, өршіл мінезді, намысқой, ер қаруы бес қаруды да, саяткерлікті де шебер меңгерген, өзін қай жерде де болсын үстем, ұстамды түрде ұстай алатын, нағыз халық ұғымына сай, ерекше жан болып өскен. Уақыты келгенде ата-салтқа сәйкес, төре ұрпағы Сәмеке сұлтанға ұзатылған. Бұрын қанша ерке болғанымен Бопай адал жар, сүйікті ана бола білді, осы некелерінен алты бала сүйген. Тарихшы Ермұхан Бекмахановтың дерегінде Бопай ханша туралы: «Өзінің әскери ерліктерімен Кенесарының қарындасы Бопайдың да даңқы шықты. Ол көтерілістің алғашқы күндерінен-ақ оның белсенді қатысушысына айналды. Ол өзінің күйеуі Сәмеке мен оның туыстары сұлтан Сартеке және Досан Әбілқайыровтарды да көтеріліске қатысуға шақырған екен, олар қарсы болған…» деп айтылады. Бопай ханша көпшілігінің ерліктері анау-мынау ерге бұйырмайтындай, көбіне қыз-келіншектерден құралған 600-дей (алты жүздей) арнайы жасақты басқарды. Бұл топ негізгі әскерді ішкертін-тыл жағынан қару-жарақ, азық-түлікпен қамтамасыз ету және көштерді басқару, ауылдарды қорғау істерімен айналысты. Елден зекет жинау, күреске қарсы адамдарды бағындыру, қажет болса шабуды да қолданумен қатар, қиын-қыстау кездерде алғы шептерден де көрініп жүрді. Бұл істерде өзін мықты жағынан көрсете алып, барлық жұмыстарды шебер ұйымдастыра алды. Бопай ханшаның Хан Кеңестеріне де қатысып, өз ойларын айтып жүргені, онымен елдің санасқаны да деректерден айқын көрінеді. Ел аузында оның бейнесі: «Ол жорықтарда өзін әйелмін деп сезінбей, ісіне әділ де берік, қатал талап қоя алатын батыл басшы екенін танытқан. Ағасына ұқсаған сұсты да нұрлы тұлғасын көріп, затың әйел ғой деп сөз тастайтын ұры көзді жігіттерге бұйрықты бере жалт қарағанда, олар кірерге жер таба алмай, сасқалақтап қалады екен…» деген тұрғыда сақталған.
Бопай ханша қайтыс болған соң өзінің өсиеті бойынша әкесі Қасым сұлтанның жанына яғни, Қожа Ахмет Ясауи кесенесі маңынан топырақ бұйырады.
К.Досымбетов - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының археолог, т.ғ.к.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «China Huadian Corporation Ltd.» мемлекеттік корпорациясының басшылығымен кездесті. Компания...