Пақырнама

Пақырнама
"Пақырнама" Әзірет Сұлтан Қожа Ахмет Ясауидің (рһ) еңбектерінің ішінде Диуани хикметтен кейінгі танымал шығармаларының бірі. Зерттеушілер бұл еңбекті Диуани хикметтің рет-ретімен, тәртібімен, жүйесімен «нәср», яғни проза, қара сөзбен ықшамдалып жазылған үлгісі ретінде де қарастырады.
Бұл шығарманың Алматы, Түркістан қолжазбалық және Ташкент, Душанбе, Қазан литографиялық нұсқалары сақталған. Қолжазбалық және литографиялық нұсқаларының негізінде соңғы жылдары қазақ, түрік, өзбек және орыс тілінде аудармалары жарық көрді.
Қазақ тіліне ең алғаш рет 1992 жылы аударылып, Түркістан қаласында «Пақырнама және мінажатнама» деген атпен баспадан жарыққа шықты. Оны филология ғылымдарының докторы, профессор Сыздықов Керімбек 1904 жылғы Қазан литографиялық баспасын негізге алып аударған.
Қазақ тіліне аударылған екінші, үшінші нұсқалары 2021 және 2022 жылдары Ясауи ғылыми зерттеу институты мамандарының дайындауымен басылып шықты. Бұл басылымдарда Алматы ұлттық кітапханасында 1622-386 нөмірімен тіркелген, бірнеше рисаладан тұратын «мәжмуға», яғни жинақтың Алматы қолжазбалық нұсқасы негізге алынған. Оның ішінде Пақырнамаға қатысыты қолжазба мәтіні 12 парақ. Әр бетте 13 қатар жазу бар. Жазу түрі – настағлик. Қолжазбаның факсимилесі (көшірмесі) шығарманың араб әріпімен терілген электрондық нұсқасы және аудармамен бірге жарық көрген еңбектердің соңдарында берілді.
Жалпы ең алғаш рет бұл шығарманы түркиялық белгілі ғалым, профессор Кемал Ераслан 1977 жылы латын қарпінде Стамбул университеті Әдебиет факультеті Түрік тілі мен әдебиеті журналының 22-санында көлемді мақала түрінде жариялаған болатын. Содан кейін бұл еңбекті көлемді түрде түрік тілінде профессор Абдуррахман Гүзел «Ахмет Ясауидің «Пақырнамасы» жайлы зерттеу» деген атпен оқырман қауымға ұсынды. Айта кетерлігі Гүзелдің осы академиялық зерттеуі 2014 жылы Ташкентте өзбек тілінде де басылып жарыққа шықты. (Ташкент, Навроз нашриоты, 2014. – 268 с.).
2016 жыл Юнеско тарапынан «Қожа Ахмет Ясауи жылы» деп жарияланғанда Анкара қаласындағы Ахмет Ясауи университеті Өкілетті кеңес басқармасы «Ясауидің Пақырнамасы және екі парсыша рисалесі» деген арнайы академиялық жинағын жариялады. Бұл жинақты құрастырушылар профессор Кемал Ераслан мен профессор Неждет Тосун «Пақырнаманың» тілдік, лингвистикалық ерекшеліктеріне де арнайы тоқталған.
Г.Атабаева, - "Әзірет сұлтан" музей-қорығының қызметкері.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «China Huadian Corporation Ltd.» мемлекеттік корпорациясының басшылығымен кездесті. Компания...