Қошқар бейнелі шырағдан

Қошқар бейнелі шырағдан
«Әзірет Сұлтан» музей-қорығы қорындағы археологиялық материалдардың ішінде көне тарихымызды зерделеудегі құндылығы ерекше жәдігерлердің бірі ХVІғ. тән қошқар бейнелі шырағдан. Шырағдан 1998ж. Ескі Түркістан, Тоған қазбасының үшінші құрылыс қабатынан табылған. Оны, яғни сынған шырағданды 2016 ж. реставратор Н.Тәжібаев қайта жаңартып, қалпына келтірді. Қалпына келтіру нәтижесі бойынша биіктігі - 28 см. ені - 9 см.
Шырағданда қошқардың мүйізді басы, тұлғасы бейнеленген. Шырағданның маңдайында май құятын ойық, арқа тұсында үш дөңгелек мұржа қазаншадан шығарылған, бұл мұржалардың ұшында үш жайпақ табақша орнатылып, ортасынан білтелер шығып тұрған. Сыртын әрлеуде ақ, көк, қоңыр бояулар қолданылған. Шырағданның сыртына көк түсті шыңылтырмен дөңгелек шимай түрінде шеңберлі өрнек үш орама түрінде, түсірілген. Ең негізгі өрнектер қара қоңыр бояумен боялған. Қошқар бейнелі шырағданды жасаған шебер сол кездегі өзінің өмір сүрген ортасының әлеуметтік-экономикалық жағдайы, талғамы мен қалыптасқан әдет-ғұрып, салт-дәстүр негізіне сүйенген деуге болады.
Археологиялық зерттеулердің мәліметтері мен жазбаша дереккөздеріне сүйенсек, Сырдарияның төменгі ағысы бойындағы қорымдардың бірінен табылған сақ белдіктеріндегі қой, қошқар құймалары, сақтардың қолданбалы сәндік өнерінде қой мен қошқар бейнесі негізгі аңдық стильдегі басты атрибуттардың бірі болғандығын дәлелдейді. Б.з.д 4 ғасырға жататын Берел сақ қорғандарынан табылған ат әбзелдерінде де, ағаштан ойып жасалған әшкейлердің қатарында боялған қошқар басы болған.
Сырдария өзенінің орта және төменгі ағысы бойынан табылған қошқар бейнесі салынған және қошқар мүйізі бейнеленген қыш бұйымдар коллекциялары қазақ тұрмысында қошқардың маңызды роль атқарғандығын айғақтайды. Сыр бойында, Отырар, Түркістан өңіріндегі ежелгі қалалар мен қоныстардан зооморфтық өрнек бейнеленген ыдыстар мен ыдыс қақпақтары, әсіресе қошқар бейнесі жасалған қақпақ тұтқалары көп кездеседі. Қой малы - көне замандардан күні бүгінге дейін адамзат баласының күнделікті тұрмыс-тіршілігінде өте үлкен рөл атқарып келе жатқан төрт түліктің бірі болуымен бірге, ол қуаныш, байлық, көшпелілер тіршілігінің күре тамыры, күллі ішіп-жемі мен күн көрісі болған. Халқымыз қошқар бейнесін - батырлық пен мықтылық, құт-береке, өcіп-өрбу символы деп қабылдаған. Наным-сенімдері бойынша да қошқарды құрбандыққа шалатын болған.
Бұл шырағданды ең алдымен жарық көзі ретінде қолдануға арнап жасаған. Сонымен қатар бұл қошқар бейнелі шырағдан ата-бабаларымыздың тұрмыс-тіршілігінен, әдет-ғұрып, салт-дәстүр, наным-сенімінен мағлұмат беретін құнды жәдігер деп айтуға болады.
Ә. Егеубаева - «Әзірет Сұлтан» Ұлттық тарихи-мәдени музей-қорығының қор бөлімінің қызметкері.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «China Huadian Corporation Ltd.» мемлекеттік корпорациясының басшылығымен кездесті. Компания...