Олжас Бектенов орман өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі міндеттерін белгіледі

Олжас Бектенов орман өрттерінің алдын алу жұмыстарын күшейтуді тапсырды және қауіпсіздікті қамтамасыз етудің негізгі міндеттерін белгіледі

Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өрт қаупі басым кезеңде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері қаралды, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Жалпы елдегі жағдай туралы экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев, табиғи өрттерге қарсы әрекет ету мәселесі бойынша төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов баяндады. Сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері тыңдалды.

Қазақстан Республикасының орман қорының жалпы ауданы 30 млн гектарды құрайды. Бүгінгі таңда өртті ерте анықтау жүйесімен барлық орман алқаптарының тек 2%-ы ғана қамтылған. Шілде айының соңындағы жағдай бойынша ел бойынша 160-қа жуық өрт тіркелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 4 есе аз. Өрттің алдын алу және жедел ден қою үшін ТЖМ-нің су төгетін құрылғылары бар 34 әуе борты тұрақты дайындықта, 37 орман шаруашылығында күзет ұйымдастырылған, ерікті өрт сөндіру құралымдарына қолдау көрсетілуде. Биылдың өзінде өңірлерде осындай құрылымдардың 43-і пайда болды, 26 өрт сөндіру бекеті ашылды. Бүгінгі таңда елді мекендерде барлығы 252 құрылым жұмыс істейді. Өткен жылы оларға заңды тұлға мәртебесі берілді.

Үкімет басшысы отырысқа қатысушылардың назарын орман шаруашылықтарын жеткіліксіз материалдық-техникалық жарақтандырылуына аударды. Өртті сөндіруге арналған заманауи жабдықтардың болмауы өткен жылғы табиғи апаттардың негізгі себептерінің бірі болды. Сол кезде 116 мың гектардан астам орман қоры жанып кетті, өртпен күресте 15 адам қайтыс болды. Экологияға келтірілген зиянды есептемегенде, материалдық залалдың өзі 160 млрд теңгеден асып түсті. Табиғи өрттерді сөндірудің ең заманауи құралдарымен жабдықтау, цифрлық әрекет ету жүйелерін қолдану қажеттілігі атап өтілді.

«Пилотсыз ұшатын аппараттарды кеңінен пайдалану қажет. Олар ормандар мен даланы әуеден толыққанды тексеріп-қарауға мүмкіндік береді. Жалпы, экономиканың әртүрлі салаларында пайдалану үшін пилотсыз ұшатын аппараттардың әлеуеті зор. Сондықтан Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі Қазақстанда дрондар өндірісін локализациялау мәселесін қарастыруы керек», — деп атап өтті Үкімет басшысы.

Сонымен қатар смарт жүйелерді қолданудың тиімділігі атап өтілді. Мысалы, «Бурабай» ұлттық паркінің аумағында пайдалану барысында оң тәжірибеге қол жеткізілді. Өрт ошақтарын уақтылы анықтау үшін жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану қажет, деп атап өтті Премьер-Министр.

Қазгидрометтің мәліметінше, елдің басым бөлігінде тамыз айының соңына дейін өрт қаупі жоғары болады деп болжанып отыр. Бұл ретте кейбір өңірлер алдын алу іс-шараларын тиісінше жүргізбейді. Атап айтқанда, Абай, Жетісу, Қарағанды, Қостанай және Павлодар облыстарында тікұшақтармен су алу үшін су айдындарының түбін тереңдету жұмыстары орындалмаған. Ақмола, Атырау, Солтүстік Қазақстан және Ұлытау облыстарында өртке қарсы жер жырту жұмыстары баяу жүріп жатыр. Онсыз дала немесе орман өрттерін ауыздықтау қиын болады. Сондай-ақ бірқатар өңірде отын қорымен қамтамасыз ету, қураған өсімдіктер мен қоқыстардан тазарту жұмысы әлі толық аяқталған жоқ. Үкімет басшысы әкімдерге бұл жұмысты жандандыруды тапсырды.

Отырыс барысында трансшекаралық өрт мәселесіне ерекше назар аударылды. Қазақстан Ресеймен 7 591 км шектесетін әлемдегі ең ұзын құрлық шекарасына ие. Бүгінгі таңда шекара маңындағы аумақтарда өрт тіркелмеген, дегенмен ықтимал тәуекелдер жоққа шығарылмайды. Жедел ден қою үшін күштер мен құралдардың тұрақты дайындығын қамтамасыз ету жөнінде тапсырма берілді. Сондай-ақ тиісті ресейлік қызметтермен уақтылы ақпараттандыру бойынша өзара әрекеттесуді күшейту маңызды.

Үкімет басшысы қосымша келесі міндеттерді қойды:

  • Өңір әкімдіктері өрт сөндіру бекеттері мен ерікті өртке қарсы құрылымдарды ұйымдастыру жұмысын жалғастыруы, оларды тиісті өрт сөндіру құралдарымен жарақтандыруды қамтамасыз етуі қажет;

  • Төтенше жағдайлар министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, смс-хабарламалар жіберуді қоса алғанда, халықпен өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бойынша ақпараттық жұмыс жүргізуді жандандыруы тиіс;

  • Экология және табиғи ресурстар министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, өрт қаупі жоғары кезеңде орман қорын патрульдеу жиілігін ұлғайтуы керек;

  • Ішкі істер министрлігі әкімдіктермен бірлесіп, өрт қаупі жоғары кезеңде адамдарды орман қорының аумағына жібермеу бойынша профилактикалық іс-шараларды күшейтуі тиіс;

  • Төтенше жағдайлар, Экология және табиғи ресурстар министрліктері мен өңір әкімдіктері орман, табиғатты қорғау және өртке қарсы құрылымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру жұмыстарын күшейтіп, орман өрттеріне қарсы шұғыл әрекет ету үшін механикаландырылған шолу жүйелерін орнату жұмыстарын жалғастыруы керек.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...