Елімізде жол құрылысына қойылатын талаптар қайта қаралды — Марат Қарабаев

Елімізде жол құрылысына қойылатын талаптар қайта қаралды — Марат Қарабаев

Үкімет отырысы барысында жолдардағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету, көлік инфрақұрылымының жай-күйі және жол-жөндеу жұмыстары туралы ҚР көлік министрі Марат Қарабаев баяндама жасады, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің 2024-2028 жылдарға арналған тұжырымдамасына сәйкес, биыл жалпы жол жөндеу жұмыстары 12 мың шақырымды қамтыды, оның 7 мың шақырымында жұмыс толық аяқталады. Аталған жұмыстар Алматы – Қарағанды, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Атырау – Астрахан және Мерке – Бурылбайтал сияқты маңызды учаскелерден тұрады. Нәтижесінде осы жолдар І және ІІ техникалық санатқа ауыстырылып, жол қауіпсіздігін арттыруға мүмкіндік береді.

«Республикалық жолдарда қауіпсіз қозғалысты қамтамасыз ету мақсатында, 3 200 шақырым жол 4 жолақты қозғалысқа ауыстырылды, 5 мың шаршы метрден астам арнайы жолақтар, 630-ға жуық жарықты қамтамасыз ететін жол белгілері мен 1 230 жол буферлері орнатылған. Жаяу жүргіншілердің қатысуымен көлік оқиғаларын болдырмау үшін қалалар мен елді мекендерді айналып өтетін 52 айналма жол және 32 жаяу жүргіншілер көпірі салынды», — деп мәлімдедіі Марат Қарабаев. 

Оның айтуынша, жануарлардың жолға шығуын алдын алу үшін 1 500 шақырым қоршау мен 319 мал айдау өткелдері қамтамасыз етілген.

Жол салу талаптары қайта қаралып, қазір барлық жаңа жобаларды қайта жаңарту жұмыстары 2 кезеңге бөлінген: 

бірінші, қолданыстағы жолдың жанынан жаңа жол салу;

екінші, қолданыстағы жолды жөндеу. 

Екі жолдың арақашықтығы 50 метрден астам болуы тиіс. Яғни, құрылыс кезінде айналма жол салу қажеттілігі болмайды. 

Құрылыс жүргізілгенге дейін жобалар бойынша халықаралық стандарттарға сәйкес жол қозғалысы қауіпсіздігіне аудит жүргізіледі, бұл өз кезегінде апаттық қауіпті учаскелерді анықтауға және шешім қабылдауға мүмкіндік береді.

«Көліктердің жылдамдығын бақылау бойынша да жұмыстар тұрақты атқарылуда, өткен жылы ақылы жолдардағы камералар ЕРАП жүйесімен интеграцияланды. Яғни, бұл жылдамдықты асыруы бойынша айыппұлдардың автоматты түрде салынуына байланысты жүргізушілердің жылдамдық режимін бұзу фактілерін азайтады», — деді спикер. 

Марат Қарабаев жол-көлік оқиғаларының басты себептерінің бірі жылдамдық талаптарын сақтамау екенін, бұл жалпы апаттың 37%-ын құрайтынын айтты. 

Бұл ретте, ақылы жолдарда орнатылған камералардың орташа жылдамдықты есептеуге мүмкіндіктері бар, мысалы Астана – Бурабай жолында көліктердің орташа жылдамдығы сағатына 140 км екеніне қарамастан, 200 км жылдамдықпен жүріп өткен көліктер тіркелген.

Осыған байланысты, Парламент Сенатында орташа жылдамдық талаптарын қою туралы заң жобасы қаралуда. Заң қазан айында қабылданады.

Жыл соңына дейін 5 400 шақырым жолда орташа жылдамдықты анықтайтын камералар іске қосылады. Қазіргі уақытта Бас Прокуратурамен және Ішкі істер министрлігімен бірлесіп орнатылатын камералардың автоматты түрде айыппұл салу тәсілдері пысықталуда. 

«Көлік құралдарының техникалық жай-күйі ерекше назарға алынуда. Бүгінгі күні Қазақстан бойынша жалпы 950 техникалық байқау операторлары жұмыс істейді. Осы жылдың 6 айында 1,8 млн көлік техникалық байқаудан өткен, ал 23 мыңнан астамы техникалық жарамсыз болып танылған. Бұл ретте, Парламент Сенатының қарауындағы Заң жобасы шеңберінде жалған техникалық байқау жұмыстарын жүргізуді болдырмау үшін техникалық байқау операторларының рұқсат қағаздарынан айыру және айыппұл мөлшерін 10 айлық есептік көрсеткіштен 100 АЕК-ке дейін ұлғайту қарастырылған», — деп түйіндеді сөзін көлік министрі. 

Аталған шаралар техникалық байқаудан өту барысындағы заң бұзушылықтарды болдырмауға мүмкіндік береді. 

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...