Судағы қауіпсіздік шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр

Судағы қауіпсіздік шаралары қарқынды жүргізіліп жатыр

1 маусымда елімізде шомылу кезеңі басталды, деп хабарлайды No-comment.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Су айдындарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Төтенше жағдайлар министрлігі орталық мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, кешенді дайындық және алдын алу жұмыстары ұйымдастырып, жүзеге асыруда. Қазақстанның барлық құтқарушысы шомылу кезеңінде адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жоғары дайындыққа келтірілді. Бұл туралы ҚР ТЖМ Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті төрағасының орынбасары Ақылбек Ахметжанов ОКҚ алаңында хабарлады.

Оның айтуынша, үлкен үгіт-насихат жұмыстары ұйымдастырылды, осы мақсаттарға тартылған құтқару бөлімшелері қосымша қажетті құралдармен жабдықталды. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған профилактикалық жұмыс жыл бойы жүргізіледі.

«Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері Үкіметтің және мемлекеттік органдармен өткізілген отырыстарында қаралды. Жиналыс нәтижесінде барлық мүдделі мемлекеттік органдарға су айдындарында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша міндеттер қойылды. Әрбір тапсырма Төтенше жағдайлар министрінің жеке бақылауында. Осылайша, шомылу маусымының басталуына дейін және кезеңінде: теледидарда 2 мыңнан астам сюжет, радиода 6 мыңнан астам сөз сөйлеу, газеттерде 3 мыңға жуық мақала жарияланды, әлеуметтік желілерде 9 мыңнан астам пост, мессенджерлер және өзге де платформалар арқылы 726 тікелей эфир ұйымдастырылды. Өткізілген іс-шаралармен 9 млн-ға жуық адам, оның ішінде 1,5 млн астам бала қамтылды», – деді спикер.

Сонымен қатар оқыту кезеңінде 52 мың бала жүзу дағдыларына оқытылды, бұл жұмыс жалғасын табуда. Профилактикалық іс-шаралар кешенін өткізу барысында 600 мыңнан астам көрнекі оқыту өнімдері таратылды. Министрлік ай сайын «Балаларды судан сақта» республикалық акциясын жүргізуде. 

«Ішкі істер және көлік министрліктерімен бірлесіп су айдындарында адамдардың қаза болу қаупін азайту мақсатында тыйым салынған орындарда 60 мыңнан астам рейдтер мен патрульдеу жүргізілді. Анықталған заң бұзушылықтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364-ші, 412-ші, 440-ші және 582-ші баптары бойынша 13 мыңға жуық адам әкімшілік жауапкершілікке тартылады», – деді ведомство өкілі. 

Жыл басынан бастап ҚР ӘҚБтК-нің 412-бабы «Судағы қауіпсіздікті сақтамағандары үшін» бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылғандар саны 8 есе ұлғайды, 905 айыппұл салынды.

Шомылу маусымының басталуымен су айдындарының қорғалмаған бөліктерінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ТЖМ аумақтық бөлімшелерінің күштерімен 65 тұрақты және қосымша 150-ге жуық жылжымалы маусымдық құтқару бекеті орнатылды. Суға батып қайтыс болғандардың 85%-ы рұқсат етілмеген, қауіпсіздік қамтамасыз етілмеген су көздерінде орын алып отыр. Осыған байланысты ТЖМ рұқсат етілген және қауіпсіз орындарда демалу қажет екенін тағы да еске салды. Қауіпсіз орындар туралы мәліметтер БАҚ және меморгандардың сайттарында, сондай-ақ 2GIS қосымшасында орналастырылған.

Оның хабарлауынша, бүгінгі таңда елімізде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл бар, оларда әкімдіктердің шешімдерімен 708 рұқсат етілген және 5 мыңға жуық шомылуға тыйым салынған орындар бекітілген. Барлық тыйым салынған учаске ескерту белгілерімен жабдықталған, мұндай жерлерде шомылған адамдар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.

«Жүргізілген профилактикалық іс шаралар кешенінің нәтижесінде шомылу маусымының 2 айында еліміздің су айдындарында қаза тапқандардың санын былтырғы жылмен салыстырғанда 23 адамға азайтуға мүмкіндік туды. Дей тұрғанмен, әрбір құрғақ статистиканың артында адам өмірі мен жақындарының қайғысы тұрғанын ұмытпауымыз керек. Соңғы 10 жылда екі мыңнан астам адамның өмірі судан қиылып отыр. Өкінішке орай, олардың 700-ден астамы – бала. Жыл басынан бастап патрульдеу өткізу барысында 250 адам құтқарылды, олардың ішінде 63-і –  бала», – деді спикер.

Мамандармен қатар қарапайым азаматтар да құтқару жұмыстарына ат салысады, мысалы, Бурабайда бір апта бұрын Бурабайда 43 жастағы кәсіпкер Рүстем Шаймерденов 7 минут бойы су астында қалған қызды тауып құтқарып алды. 

Негізінен демалушылар келесі себептерге байланысты батып кетеді: өз күштерін асыра бағалайды, балаларды қараусыз қалдырады, көбінесе мас күйінде шомылады. Сондай-ақ құтқарылғандардың көбі су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзған, олардың әрқайсысы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«Жоғарыда айтылғандармен қатар, демалушыларға арналған тағы да бірнеше міндеттер бар: балаларды судың жанында қараусыз қалдырмаңыз және олардың өздігінен шомылуына жол бермеңіз; тыйым салу белгілері орнатылған және мас күйінде бейтаныс және жабдықталмаған жерлерде шомылуға немесе суға түсуге болмайды; жүзу шекараларын белгілейтін қалтқылардың артында жүзбеңіз; жүзу құралдарының жанында жүзбеңіз!Осы қарапайым ережелерді ұстану сіздің және жақындарыңыздың өмірі мен денсаулығын сақтайды», – деп ескертті ведомство өкілі.

Ал, апат болған жағдайда «112» телефоны бойынша көмекке жүгіну қажет.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...