Медициналық жоғары оқу орындарына түсуді ынталандыру және студенттерді оқыту мақсатында Денсаулық сақтау министрлігі Amanat партиясының сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі жол картасы шеңберінде 2021 - жылдан бастап жыл сайын барлық деңгейдегі білім алушылар үшін стипендияны 15-20% - ға дейін арттырады. Сондай-ақ медициналық колледждердің білім алушыларының да стипендиясы көтеріледі. 2023 - жылдың 1 - қыркүйегінен бастап ол 50% - ға көтерілді. Ағымдағы жылдың 1 - қыркүйегінен бастап қосымша 50% - ға арттыру жоспарда бар. Медициналық кадрларды даярлау және медициналық көмекті ұйымдастыру мәселелері туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев айтты, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
Ол дәрігер мамандығының беделін арттыру, ауылдарға жас мамандарды тарту және оларды сонда ұстап қалу үшін мемлекеттік қолдау шаралары едәуір күшейтілгенін атап өтті.
«Мысалы, ауылдық жерге кемінде 5 жыл жұмыс істеуге келген жас дәрігерге бір мезгілде 100 ЕТЖ, яғни 8,5 млн теңге төлену керек; «Дипломмен ауылға!»; жаңа орынға қоныс аударушылар үшін тұрғын үй құнының 50%-ы мөлшерінде қаржылық көмек алуға құқығы бар экономикалық ұтқырлық сертификаты және «Жастар практикасы» жобасы шеңберінде жас мамандарға жалақыдан тыс қосымша үстемақы белгілеу», - деп атап өтті спикер.
Сондай-ақ 2024 - жылғы 19 - сәуірде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңына қол қойды, ол заңдық және қаржылық қорғау, кәсіби қызметке кепілдік беру жүйесін енгізуді көздейді және медицина мен фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесін, сондай-ақ халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің сапасын арттыруға бағытталған.
Жергілікті орындарда кадр тапшылығы мәселесін, сондай-ақ резидент дәрігерлерді практикалық оқытумен байланысты проблемаларды шешу мақсатында Министрлік жоғары оқу орындары мен көпсалалы ауруханалар арасындағы консорциум шеңберінде тікелей көпсалалы клиникалардың жанынан резиденттерді даярлау бастамасын пысықтауда.
«Мегаполистердің ірі клиникаларында шоғырланған көптеген резидент толыққанды клиникалық тәжірибеге қол жеткізе алмайтыны құпия емес. Бұл шара бізге өңірлерді резидент дәрігерлермен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, ал резидент дәрігерлерге оқу кезінде үлкен практикалық тәжірибе алуға мүмкіндік береді. Жалпы, Денсаулық сақтау министрлігінің бастамалары мен қабылдап жатқан шаралары медициналық кадрларды даярлау сапасын арттыруға ықпал етеді және өңірлердің медициналық кадрларға деген қажеттілігін жабу мәселесін шешуге бағытталған», -деп түйіндеді ведомство өкілі.