Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымын дайындау бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев баяндады, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Барлық өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Көмірмен қамтамасыз ету мәселесіне тоқталсақ, алдағы жылыту маусымына көмірге қажеттілік 8,6 млн тоннаны құрайды. Оның ішінде, 2,3 млн тонна – коммуналдық тұрмыстық қажеттілікке, 6,3 млн тонна халық пайдалануына қажет. Жылыту маусымына дайындық басталғаннан бері шамамен 1 млн тонна көмір жеткізілді, бұл жылдық жоспардың 12%-ын құрайды», — деді Қанат Шарлапаев.
Министрлік мониторинг жүргізді, оның барысында алты өңірде, атап айтқанда: Абай, Қызылорда, Қарағанды, Ақмола, Шығыс Қазақстан облыстары және Астана қаласында көмірді дайындау жұмыстары әлсіз екені анықталды. Қазақстан темір жолы және көмір өндіруші кәсіпорындар жоспарға сәйкес өңірлерге көмірдің қажетті көлемін жеткізуге дайын. Аталған өңірлер жұмысты жандандыруы қажет.
Сонымен қатар министр әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердегі жағдайға тоқталды. Білім беру нысандарының дайындығы 88%-ды құрайды. 5 өңір жоспардан артта қалуда. Бұл – Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Алматы облыстары және Алматы қаласы. Денсаулық сақтау объектілері бойынша дайындық 87%-ды құрайды. Төмен көрсеткіштер Қарағанды, Алматы, Ақмола облыстарында және Шымкент, Алматы қалаларында тіркелген.
Тұрғын үйлер бойынша дайындық жұмыстары 34 169 үйде аяқталды, бұл жоспардың 68% құрайды. Тұрғын үйлер дайындығының төмен деңгейі Шымкент қаласында байқалады.
Өңірлерде инженерлік инфрақұрылым бойынша жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
«Жылумен жабдықтау желілеріне тоқталсақ, республика бойынша 546 шақырым жылу желілерінде жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда 354 шақырымы немесе 65%-ы жөнделді. 5 өңірде желілерді жөндеу бойынша жоспардың 50% жуығы орындалды, оның ішінде Шымкент қаласында – 31%, Маңғыстау облысында – 41%, Атырау, Қостанай және Абай облыстарында – 49%. Алты өңірде жөндеу жұмыстарының 70%-дан астамы орындалды», — деді Қ. Шарлапаев.
Бұған қоса, сумен жабдықтау желілерінің 59%-ы, су бұру желілерінің 74%-ы жөнделді. Төмен көрсеткіштер Абай облысында және Алматы қаласында байқалады. Қаржыландыру жоспарына сәйкес қаражат бөлінген, жылыту маусымының басталуына дейін жұмыстар аяқталатын болады.
«Республика бойынша алдағы жылыту маусымына шамамен 12 мың автономды қазандықты дайындау қажет. Бүгінге дайындық жұмыстарының 81%-ы аяқталды, яғни 10 мыңнан астам автономды қазандық дайындық жұмыстарынан өтті», — деді министр.
Автономды қазандықтардың тұрақты жұмысы үшін 1,3 млн тоннадан астам көмір, 9,3 мың тонна мазут және 54 мың тонна дизель отынын дайындау қажет. Қазіргі уақытқа қажетті көмірдің 50%-ға жуығы, мазуттың 98%-ы және дизель отынының 50%-ы дайын.
Автономды қазандықтарды отынмен қамтамасыз ету бойынша жұмыстардың төмен қарқыны Қарағанды, Түркістан, Қостанай, Жамбыл, Батыс Қазақстан, Абай, Алматы облыстарында және Астана қаласында тіркелген.
Сонымен қатар министр жылу желілерін дайындау мәселесіне тоқталды. Биыл 163 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға республикалық бюджеттен 92,5 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде:
- нысаналы трансферттер есебінен 109 шақырым жылу желілерін жаңғыртуға 68,6 млрд теңге бөлінді;
- Үкімет резервінен 54 шақырым жылу желілерін жаңартуға шамамен 24 млрд теңге бөлінді.
Сонымен қатар табиғи монополия субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары есебінен 16,6 млрд теңгеге 68,8 шақырым жылумен жабдықтау желілерін жаңарту жоспарланған.
Бүгінгі таңда жергілікті атқарушы органдарға қаржыландыру жоспарына сәйкес сәуір айынан бастап жоспарланған 92,5 млрд теңгенің 37,5 млрд теңгесі, яғни 40,5%-ы аударылды.
Бұл ретте, жылумен жабдықтауға қатысты 63 жобаның 8 жобасы бойынша жұмыстар аяқталды, 51 жоба бойынша жұмыстар басталып, 82 шақырым желі төселді.
Сондай-ақ бірқатар облыста жылу желілерін төсеу жұмысы баяу жүргізілуде. Мәселен, 11 жоба бойынша жоспардың орындалуы 50%-дан, 9 жоба бойынша 20%-дан төмен, 4 жоба бойынша құбырларды төсеу жұмыстары әлі де басталмады.
Сонымен қатар «Ақтау қаласының магистральдық жылу желілерін жаңғырту» жобасы бойынша 12 шақырымға жуық магистральдық жылу желілеріне демонтаж жасалған. Қазіргі таңда оның 7 шақырымы ғана төселді. Маңғыстау облысы әкімдігіне аталған жобаны аяқтау үшін жұмысты жандандыру қажет.
Қанат Шарлапаевтың айтуынша, алдағы жылыту маусымына уақытылы дайындық мақсатында әкімдіктер келесі жұмыстарды атқаруы қажет, олар:
-
қыркүйек айының соңына дейін жылу желілерінде жөндеу жұмыстарын толық аяқтау;
-
1 қыркүйекке дейін білім беру объектілерінің толық дайындығын қамтамасыз етіп, 15 қазанға дейін денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және тұрғын үй қоры объектілерінің дайындығын қамтамасыз ету;
-
халықтың және коммуналдық-тұрмыстық сектордың көмірді алдын-ала дайындауы бойынша медиа-жоспар әзірлеу және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық сүйемелдеуді қамтамасыз ету;
-
темір жол тұйықтары мен қоймаларында көмір қорларының жинақталуын қамтамасыз ету;
-
бекітілген кестеге сәйкес көмірді тиеп-жөнелтуге өңірлік операторлардан ай сайынғы өтінімдермен көмір кеніштерін қамтамасыз ету қажет.
Жылыту маусымына дайындық жұмыстары Министрліктің тұрақты бақылауында.