Энергия кәсіпорындары энергия блоктарын, қазандықтар мен турбиналарды жөндеуді жеделдетуі қажет

Энергия кәсіпорындары энергия блоктарын, қазандықтар мен турбиналарды жөндеуді жеделдетуі қажет

Үкімет отырысында алдағы жылыту маусымына дайындық барысы қаралды. Жылу көздері мен инженерлік желілердің қазіргі жағдайы туралы энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиевтің баяндамасында айтылды, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.

Министр А. Сәтқалиевтің айтуынша өткен екі айда өңір әкімдіктерімен бірлесіп проблемалық мәселелер бойынша бірқатар шара қабылданды.

Мысалы, «Таразэнергоцентр» акционерлік қоғамының 4 жылу электр орталығында № 1 турбинаны, «Павлодарэнерго» акционерлік қоғамының 2 (екінші) жылу электр орталығында № 2 қазандықты, «ГРЭС Топар» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің № 12 қазандығын және «ЕЭК» акционерлік қоғамында электр станциясындағы № 3 энергоблокты жөндеу басталды.

«Электр стансаларының газ үшін берешегі 25-тен 18-ге дейін, ал көмір үшін 6-дан 3,4   млрд теңгеге дейін қысқарды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Жүйелік оператор бекіткен электр стансаларында жөндеу кестесіне сәйкес биыл 10 энергоблокты, 55  қазандықты және 45 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. Әр түрлі кезеңдерде 1 энергоблокта, 28 қазандықта, 22 турбинада жөндеу жұмыстары жүргізілуде. 4 энергоблокта, 21 қазандықта және 17 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды», — деп мәлімдеді министр .

Электр желілерінде 2024 жылы жалпы ұзындығы шамамен 20,8 мың км электр беру желілерін, 423 бірлік жоғары вольтты қосалқы станцияларды күрделі жөндеу жоспарланған. 13,4 мың км электр беру желілері мен 277 қосалқы станса, 2 292 тарату пункті жөнделді. 

«Негізгі жабдықты жөндеуді бастау мерзімдерінің сақталмауы Қарағанды (“Qarmet” акционерлік қоғамының 2 жылу электр орталығы) және Маңғыстау (“МАЭК” жауапкершілігі шектеулі орталығы) облыстарындағы электр стансаларында байқалады», — деп атап өтті А. Сәтқалиев. 

Энергия көздерінің отын қоймаларында 3,7 млн тонна көмір және 90 мың тонна мазут жинақталған. Сонымен қатар отын қоры жылыту маусымы үшін нормадан төмен, 4  станса бойынша белгіленді.

Энергетика министрі 15  тамыздан бастап күзгі-қысқы кезеңде жұмысқа әзірлік паспортын алуға құжаттарды қабылдау басталғанын мәлімдеді. Бұл тұрғыда отынның нормативтік қорының болуы оны алу шарттарының бірі саналады.

Оған қоса, Министрлік қыркүйек айынан бастап 256  мың тонна көлемінде «әлеуметтік» мазутты жеткізу кестесін бекітті. Дегенмен, шарт жасасуды және отынның тиісті қорын қамтамасыз етуді жеделдету қажет.

Министрлік жылыту кезеңіне дайындалуға қосымша көңіл бөлетін энергетикалық кәсіпорындарды анықтады.

Мәселен, «МАЭК» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде негізгі жабдық бойынша жөндеу жұмыстарының мерзімі сақталмауда. Жылу электр станциясының №3 энергия блогын жөндеуге шарт жасалмаған, оны жөндеу 1  қыркүйектен басталуы тиіс. 

«№2  жеткізу каналының түбіндегі шөгінділерден тазарту жүргізілмей жатыр. Бұл  2   жылу электр орталығы, суды тұщыландыру қондырғылары мен жылу электр станциясын техникалық теңіз суымен қамтамасыз етудің сенімділігіне әсер етеді. Каспий теңізінің шығыны маусымдық төмендеген жағдайда электр және жылу өндірісі төмендейді. Теміртау 2  жылу электр орталығында №1  қазандықты жөндеу 2   айдан кейін басталып, 30 қарашаға дейін жалғасады. Осылайша, резерв жеткілікті дәрежеде қамтамасыз етілмей отыр. №7 қазандықты орнату жылыту кезеңінде аяқталатыны анық», — деді министр. 

Сондай-ақ Теміртау қаласындағы 1 мемлекеттік аудандық электр станциясында №10 қазандықты жөндеу жоспардан бір айдан кейін басталып, 30 қарашада аяқталады. Мемлекеттік аудандық электр станциясының жылыту маусымына жеткілікті резерві жоқ 3  қазандықтың 2-уі кіреді. Ал, Кентау жылу электр орталығында 15  қыркүйекке дейін №8, 9, 10, 11  қазандықтарды реконструкциялауды аяқтауды қамтамасыз ету қажет.  

«Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі маңызды проблемалық мәселе болып отыр. Энергия өндіруші ұйымдардың “QazaqGaz – Aimaq” акционерлік қоғамы алдындағы берешегі 18 млрд 307 млн теңгені құрайды. Сондай-ақ “Богатырь-Көмір” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі  алдында 3 млрд 462 млн теңге сомасында берешек бар. Энергетикалық кәсіпорындар берешекті өтеуді жеделдетуі тиіс»,— деп атап өтті Алмасадам Сәтөалиев.

Энергетика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жылыту маусымына дайындық барысын бақылауды  жалғастырады.

Қазір оқылып жатыр

Толығырақ

Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша құрылған Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры жемқорлардан тәркіленген қаражат есебінен толықтырылып келеді. Мектептерде...

ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі инфрақұрылымды ретке келтіру болатын. Бүгінде Түркістан...