Ресми статистикалық деректер бойынша, республикада жыл сайын 200 мыңға дейін жазатайым оқиғалар мен жарақаттар тіркеледі, олардың 70%-ы үйде орын алады, зардап шеккендердің 1,2%-ы мүгедек болып қалады. Орталық коммуникациялар қызметінде өткен дөңгелек үстел барысында Денсаулық сақтау министрлігінің Ана мен бала денсаулығын қорғау департаментінің директоры Мағрипа Ембергенова осындай мәліметтерді келтірді, деп хабарлайды No-comment.kz - Қазақстан Республикасының Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.
«Балалардың 20% ауру салдарынан емес, себепсіз жоғалтып жатырмыз, бұл дені сау балалардың өлімі. Өлім себептерінің ішінде жол-көлік оқиғалары, суға бату, улану, құлау және термиялық күйік бар. Жол-көлік оқиғалары түрлі себептерден болатын өлімнің төрттен бір бөлігін құрайды», - деп атап өтті спикер.
Жол-көлік оқиғалар салдарынан болатын балалар өлімінің негізгі факторларының қатарында жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін бұзуы, жеке қауіпсіздік құралдарының болмауы, мәселен, велосипедшілердің, электросамокат жүргізушілердің шлем кимеуі, жол құрылымының бұзылуы, арнайы жолдардың болмауы, жоғары қозғалыс жылдамдығы, алкоголь ішу бар.
Сондай-ақ, ведомство өкілі балалардың жартысына жуығы суда жүзу кезіндеқауіпсіздігі құралдарын пайдаланбайтынын және балалардың биіктіктен, әсіресе терезелерден құлауы Қазақстандағы балалар өлім-жітімнің үшінші себебі болып табылатынын айтты.
Бұл қайғылы оқиғалардың негізгі себебі - балаларды қараусыз қалдыратын ересек отбасы мүшелерінің немқұрайлылығы мен алаңғасарлығы. Пәтерде қолдануға міндетті болып табылатын әртүрлі механикалық қорғаныс құралдарының көмегімен кішкентай балалардың терезеден құлап кетуінің алдын алуға болады.
«ЖКО және басқа да жазатайым оқиғалар салдарынан қаза тапқан балалар санының артуы осы мәселені шешуге кешенді, сектораралық және ведомствоаралық тұрғыдан қарау қажеттілігін көрсетеді. Өзекті мәселелерді шешу үшін халықаралық ұйымдардың (ДДҰ, БҰҰ Балалар Қоры (ЮНИСЕФ) өкілдерінің қатысуымен Қазақстан Республикасында 2025-2027 жылдарға арналған балалар жарақаттануының алдын алу жөніндегі жол картасын әзірлеу үшін ведомствоаралық жұмыс тобы құрылды», - деп түйіндеді Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі.