Премьер-Министр Олжас Бектенов Үкімет отырысында Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру мәселесі бойынша тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету үшін салық және қаржы саласын реформалаудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Президенттің Салық кодексін қабылдауды келесі жылға ауыстыру туралы тапсырмасына байланысты құжаттың негізгі аспектілерін пысықтау қажеттілігі атап өтілді. Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жеке табыс салығының сараланған ставкаларын белгілеу, банк акционерлерінің дивидендтеріне салық салу және арнаулы салық режимдерін қайта қарау жөнінде заңнамалық түзетулер әзірлеуі қажет. Сонымен қатар Қаржы министрлігі осы жылдың соңына дейін «Салықтық әкімшілендірудің интеграцияланған жүйесі», «Интеграцияланған дерекқор» және «Кеден» ақпараттық жүйелерін пайдалануға беруді қамтамасыз етуі керек. Іске қосу салық төлеушілерге қызмет көрсету сапасын арттыруға, жекелеген процестерді жеңілдетуге және автоматтандыруға мүмкіндік береді.
Отырыс барысында бюджеттің кіріс бөлігінің орындалуына ерекше назар аударылды. Бұл мәселеге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауда айрықша басымдық берді.
Сонымен қатар Мемлекет басшысы кейіннен мемлекеттік-жекешелік әріптестік (МЖӘ) тетігі арқылы қаржыландыру үшін халықаралық қаржы ұйымдарының қатысуымен толық жүзеге асырылатын жобалардың сапалы пулын қалыптастыруды тапсырды. Осыған байланысты Ұлттық экономика министрлігіне Қаржы министрлігімен және Қазақстандық МЖӘ дамыту орталығымен бірлесіп, халықаралық қаржы институттарын тарта отырып және мемлекет кепілдігімен қарыз тарту арқылы осындай жобаларды дайындау қорларын құру мәселесін пысықтау тапсырылды.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында мемлекеттік қолдау шаралары жүйесінің күрделілігін де атап өтті. Кәсіпкерлік субъектілерінің осы шараларға ашық және тең қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін ұлттық экономика министрлігіне ревизия жүргізу және бизнесті қолдаудың бірыңғай тізілімін құру тапсырылды.