Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысының 2024 жылғы 2 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр баяндама жасады, деп хабарлайды No-comment.kz - Премьер-Министрінің ресми ақпарат ресурсына сілтеме жасап.
Мемлекет басшысы Қазақстан халқына Жолдауында экономиканың нақты секторын дамыту бойынша өзекті мәселелердің аясын айқындап берді.
Өнеркәсіп саласын одан әрі дамыту үшін металлургия, мұнай өңдеу және мұнай-газ химиясы, машина жасау, химия салаларындағы 17 серпінді жобаның тізбесі бекітілді.
Инвестициялық штаб шеңберінде мониторингі жүзеге асырылатын әрбір жобаны іске асыру бойынша егжей-тегжейлі жоспарлар бекітілді.
«Автомобиль жасау қарқынды түрде дамып келеді. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өндіріс көлемі 30%-ға өсті. Алдағы жылда жалпы өндіріс көлемі 160 мың бірлікті құрайтын екі ірі жобаны пайдалануға беру жоспарлануда», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Сондай-ақ 2025 жылдың соңына дейін автокөлік компоненттерін өндіру бойынша 10 жобаны іске асыру жоспарлануда.
Бұған қоса, Роман Склярдың айтуынша, 2023 жылдың қорытындысы бойынша халықтың 60%-ы газбен қамтылған. Осы жылдың соңына дейін 300 мыңнан астам адам газбен қамтамасыз етіледі, оған 194 млрд теңге бөлінді.
«Бейнеу – Бозой – Шымкент 2», «Ақтөбе – Қостанай» және «Талдықорған – Үшарал» газ құбырларын салуға дайындық жұмыстары жүргізілуде.
«Қашағанда қуаты 1 және 2,5 млрд текше метр болатын 2 зауыт салынып жатыр, оларды пайдалануға беру 2026 және 2030 жылдарға жоспарланған. Қарашығанақта қуаты 4 млрд текше метр болатын газ өндіру зауытын 2028 жылы іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде әлеуетті мердігер анықталды», — деді Р. Скляр.
Сонымен қатар Жаңаөзенде газ өңдеу зауыты бойынша ПСД әзірлеу басталды, дала жұмыстары жүргізілуде. 2027 жылы қолданысқа енгізу жоспарланып отыр.
Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярдың айтуынша бүгінгі таңда қуат нарығы есебінен қайтаруды қамтамасыз ете отырып, генерация секторына инвестициялар тарту тетіктері бар. Бұдан басқа, өндіруші қуаттардың тозуын төмендету «тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы шеңберінде қол жеткізілетін болады.
Бұл ретте жаңа жобалар бойынша несиелеу механизмі Өнеркәсіпті дамыту қоры және өзге де қаржы институттарын арқылы пысықталады.
Р. Склярдың айтуынша теміржол тасымалы саласындағы тарифтік саясатты жетілдіру жұмыстары жалғасуда. Мәселен, тарифтер деңгейін рентабельді қылу үшін 3 жыл ішінде реттелетін теміржол тарифтері өсетін болады. Сондай-ақ шикізат экспорты үшін баға шегі механизмін қолдану жоспарлануда.
«Аэрохабтарды дамыту және авиа жүктердің өңдеу көлемін ұлғайтуға қатысты кедендік рәсімдерді жеңілдету арқылы СЭЗ-ді құру бойынша шаралар қабылданатын болады, әуежайлар инфрақұрылымын дамыту жеделдетіліп, цифрлық шешімдер енгізіледі. Сапалы инфрақұрылымы бар әуежайларды дамыту үшін Катонқарағай, Зайсан және Кендірлі курорттық аймақтарында «Қазаэронавигация» РМК қаражаты жұмсалатын болады», — деді Р. Скляр.
Сондай-ақ Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы шағын әуе кемелерін сатып алу мәселесі пысықталатын болады. Тапсырмаға сәйкес, жұмыс барысын мониторингілеу үшін Е-Joldar бірыңғай цифрлық платформасын іске қосу арқылы автожолдарды орташа жөндеу тәжірибесі 10 мың шақырымға дейін таралатын болады.
Сонымен қатар Инвестициялық штабтың жұмысы ерекше бақылауда. Жалпы сомасы шамамен $30 млрд болатын 73 инвестициялық жобалар қаралды.
Р. Склярдың айтуынша, жобалар санын көбейту және оларды сүйемелдеу үшін мемлекеттік органдар мен әкімдіктерді үйлестіру бойынша тиісті жұмыс күшейтілетін болады. Ол үшін «инвестицияға тапсырыс» механизмі әзірленді, онда әкімдіктер өңірлердің ерекшелігі мен артықшылықтарын ескере отырып бастама жасайды.
«Инвестициялық жобаларды сүйемелдеу Ұлттық цифрлық инвестициялық платформада жүргізілетін болады, онда 746 жоба тіркелді, инвестициялардың жалпы сомасы шамамен $68 млрд құрайды», — деді Премьер-Министрдің бірінші орынбасары.
Бұған қоса, Ұлттық жасанды интеллект орталығын құру үшін оның мазмұнын толықтыру пысықталуда. Бұл ретте экономиканың барлық салалары мен «электрондық үкімет» үшін жасанды интеллект саласында өнімдер әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сондай-ақ Каспий түбінде талшықты-оптикалық байланыс желілерінің құрылысын бастау үшін дайындық жұмыстары аяқталды. Оны 2025 жылы аяқтау жоспарлануда.
Экология мәселесіне тоқталсақ, елімізде орман алқаптарын арттыру үшін сапалы отырғызу материалдары дайындалуда.
«Семей Орманы» резерватындағы питомникке ұқсас кешендерді еліміздің 6 өңірінде салу жоспарлануда. Экологиялық мәдениетті дамыту және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі жүйелі тәсілдерді бекіту мақсатында 2029 жылға дейінгі тиісті тұжырымдама бекітілетін болады», — деді Р. Скляр.
Құқық бұзушылықтың алдын алу және оған қарсы іс-қимылды қамтамасыз ету үшін заңнаманы жетілдіру жалғасуда. Алаяқтықпен күрес, халықтың қаржылық сауатын арттыру бойынша жұмысты күшейту жоспарланған. Осындай жұмыстар есірткі қылмысына қарсы күрес саласында, сондай-ақ жолдарда апаттық жағдайды азайту үшін жүргізілетін болады.
«Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау қатаң бақылауға алынды. Қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті шараларды қабылдайтын боламыз», — деп түйіндеді сөзін Р. Скляр.